Популярные темы

Спорттық-сараптамалық мақала

Дата: 11 октября 2022 в 20:28


Спорттық-сараптамалық мақала
Стоковые изображения от Depositphotos

Үш мектептің симбиозы. Жақын әрі орта қашықтықта солақай боксшылардың жұдырықтасу техникасы және оңқайларға үйлесімді стратегия жиынтығы. 

Әуесқой рингте 2005 жылдан бері әлемді аралап Қазақстан намысын қорғап, байрақты бәсекелерде жекпе-жектер өткіздім. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін ел чемпионы және студенттер арасында әлем чемпионы атандым. 2014 жылы кәсіпқой бокста АҚШ-та дебют жасадым. Жекпе-жектерім мен оқу-жаттығу лагерімнің басым көпшілігі Америкада өтті. 

Осылайша қазақ бокс мектебінен түлеп ұшып, заманауи бокстың қыр-сырын да меңгере жүріп бапкерлікке бетбұрыс жасауды жөн көрдім. Қазір жиған-терген тәжірибеммен бөлісіп, елімнің боксын жаһандық деңгейде дамытып, жаңаша леп әкелуге бекіндім. Осы мақсатта жылдар бойғы ізденістердің арқасында «Үш мектептің симбиозы» деген бокстан жаңа методиканы жасап шықтым. Тілге тиек ететінім қазақ-америка-куба бокс мектептерінің ең үздік әдіс-дәстүрлерінің жиынтығы болмақ.

Боксшы тәрбиесі

КСРО кезінде бокс нақты бір жүйеге негізделген еді. Ғылыми әрі стандартты түрге ие жаттығу процессі барлық боксшыға бірдей болды. АҚШ-та керісінше жекелей дамуға басымдық берілді. Кеңестік бокс мектебі үлкен салмақ салатын физикалық дайындық пен боксшыны жан-жақты шыңдауға бетбұрыс жасады. Америкалық бокс мамандары болса шәкіртінің мықты жақтарын дамытуға иек артты. 

Жекпе-жектердің стилі

Кеңес боксшылары алыс қашықтықтан ұрыс салуға бейім, әрі өз қарсыласы алдындағы техникалық әрі тактикалық басымдықтарына сүйенуімен ерекше. Америкалық былғары қолғап шеберлері болса қысқа әрі орта қашықтықта жұдырықтасуға өте икемді. Сонымен қатар олар дәл әрі ауыр соққылардан тұратын, қарсыласты талқандауға негізделген «күшті бокс» стиліне төселген. Сондықтан кеңес боксшыларының түрлі бұрыштан тиетін тіке соққылары — басты қаруы саналды, ал америкалық бокс шеберлерін қапталдан ұратын соққылары, апперкоты мен әсіресе алдыңғы қолмен соғылатын хуктары ерекшелейді. 

Қоян-қолтық айқас америкалық боксшылар үшін үйреншікті іс болса, кеңестік былғары қолғап шеберлеріне ашық жекпе-жектен қашу жолдары үйретілетін. Яғни, қорғанысқа көп көңіл бөлініп, тиімсіз соққыларды өткізіп алмай  дәл әрі нәтижелі шабуылдау. Бірі сәті келсе қарсыласын ұрып құлатуға құштар болса, екіншісі шеберлік пен шымырлыққа сүйене жүріп ұтуға бейімделді. 

Кеңес бокшылары «челнок» деп кең танылған аяқта ұтқыр қозғала алу стилімен көзге түсетін. Әйгілі отандасымыз Серік Қонақбаев аяқ қимылдарымен рингте сан-алуан өрнек салғанда, талай қарсыласынан күні бұрын бәсі жоғары тұратын еді. Кеңестік боксшылар әрқашан бірінші нөмір болып қимылдап, қарсыласты көп әрекет етуге мәжбүрлейтін. Америкалық боксшылар болса екінші болып шабуылдауға, қарымта соққыларға күш салатын. Олардың аяқпен қозғалысы тек алға-артқа емес, ринтегі барлық кеңістікті қамтиды. 

Қорғаныс

Жоғарыда атап өткен «челнок» әдісіне — (боксшының бір орында тұрып аяқпен қозғалуына) кеңестік дәуірде ерекше көңіл бөлінетін. Бұл мектеп түлектері осы қимылдардың арқасында тек шабуылын бастап қоймай, қарсыласының шабуылынан да құтыла алады. 

Америкалықтар өз кезегінде қорғаныста денесі мен басын жақсы қимылдата алады. Олар үшін инфайтинг (жақын қашықтықта жұдырықтасу) — үйреншікті орта. АҚШ өкілдері тас-түйін қорғаныста да шебер болып келеді.  

Географиялық өзгешеліктен бөлек, бұл екі бокс мектебінің негізгі басты айырмашылығы болды. Кеңес боксшылары қысқа уақыт ішінде ұтқыр болуға, яғни нағыз әуесқой боксқа төселген еді. Өйткені кеңестік кезеңде кәсіпқой боксқа тиым салынса, АҚШ-та керісінше әуесқой бокс — кәсіпқой рингке өтетін мектеп ретінде қалыптасқан. 

Куба боксы

Кубалық бокс мектебі өз түлектерін хореографиямен шұғылдануға ынталандырады. Олар рингте құдды билеп жүргендей әсер қалдыратын. Осылайша әлемдік брендке айналған «билеп жүріп, соқ» деген кубалық стиль қалыптасты. Негізінбе кубалық бокс мектебі — америкалық әрі кеңестік бокс мектептерінің қосындысы. Осы екі мектеп негізінде, кубалықтар өзінің дәстүрлі элементтерін үйлестіре отырып, өз боксын әуесқой деңгейде биікке көтере алды. Жергілікті спортшылардың физиологиялық ерекшеліктері, табиғи төзімділігі оларға басымдық береді. Қанға біткен би қимылдарына бейімділік куба боксшыларының икемділігін, ойнақшып тұратын ринтегі ширақтығын паш етеді. Аяқпен әмбебеп қозғалыс, жекпе-жектің қарқыны, сан-алуан қашықтықта шабуылдай білу және тұрысты лезде алмастыра алу — куба боксының сипаты.  

Қазақ бокс мектебі 

Тәуелсіздік алған уақыттан бері қазақ бокс мектебі түрленіп, жаңаша бағытта дамуда. Замануи қазақ боксында кезіндегі кеңестік мектептің негізі қалса да, соңғы 10-15 жылдың ішінде үлкен ілгерлеу байқалады. Ең бірінші қазақ халқының генінде бар ерекшеліктер рингтегі боксшыларымызды әркез айырықшалап тұрады. Бұл қасиеттердің қатарында қайсарлық, табиғи күш-қуат, шымырлық пен қоян-қолтық айқасқа деген құштарлық бар. Соңғы жылдардағы әуесқой бокстан өткен әлемдік біріншіліктер мен олимпиада ойындарында өнер көрсеткен қазақ боксшыларының стилінде, өзге посткеңестік елдердің былғары қолғап шеберлеріне ұқсамайтын жаңаша өрнек бар. Бұған жаһандық бокстың дамуы, қазақ бапкерлерінің жетілуі өз ықпалын тигізіп жатыр. 

Егемендік алған отыз жылда бокста жеткен жарқын жетістіктеріміз осыған дәлел. Әрі қазақстандық былғары қолғап шеберлері кәсіпқой рингте атой салып, бүгінде «Qazaq style» деген терминді әлемдік брендтке айналдыра алды. Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов, Бейбіт Шүменов, Данияр Елеусінов пен Жәнібек Әлімханұлы секілді чемпиондарымыздың жолымен мақтанамыз. Қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде кәсіпқой бокс кештері үзбей өтіп тұрады. Жанкүйер жұртымыздың да талғамы күн санап артып, жас кәсіпқой боксшыларымыз қанат жайып өсіп келеді.

Солақай мен оңқай боксшылардың табиғи әрі спорттық сипаттары

Мысалы барлық адамдар оңқай мен солақай деп бөлінеді. Солақайлар сирек кездескенімен оларды бокстың тізімнен сызып тастай алмаймыз. Кез-келген тәжірибелі боксшы, «солақайды» — ең ыңғайсыз қарсылас деп айтар еді. Өйткені боксшыны даярлауға арналған әдістемелік құралдардың көпшілігі оңқай боксшыларға негізделген. Бокс әлеміндегі әйгілі солақай кәсіпқой былғары қолғап шеберлерінің тізімінде Мэнни Пакьяо, ДеМаркус Корли, Забдиэль Джуда, Хоэль Касамайор және Антонио Тарвер секілді көптеген есімдер бар. Олардың көпшілігі екі қолын да теңдей қолдана білетін қауіпті боксшылар ретінде белгілі. Мына қызыққа қараңыз, әуесқой және кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанғандардың әрбір төртіншісі — солақай боксшы. Бұл солақайлардың рингте оңқайлармен көбірек жұмыс істеп үйренуінің нәтижесі ғана емес. Бастағы мидың белгілі бөліктерінің дамуы да, осыған тікелей себепші болуы мүмкін дейді ғылым. Әйгілі Василий Ломаченко, Александр Усик секілді боксшылар осыған дәлел.

Тек солақайлардың табиғи басымдығын арттырып қана қоймай, солақай боксшыны қалай жеңуге болатынын үйретемін. Қазақстанның бокс тарихында Василий Жиров, Ермахан Ибрагимов, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев секілді солақай бокшылар бар. Олардың рингтегі айқасына көз салсаңыз, әрқайсысы ерекше мәнерде жұдырықтасады. Бұл табиғи жолмен берілген қасиеттер. Солақайлардың координациясы жақсырақ дамыған, әрі олар тепе-теңдікті сақтауда ұтымды келеді деп санайды бокс мамандары. Бокстағы статистикаға сүйенсек солақайдың табысқа жету жолы бірнеше есе оңтайлырақ болуы мүмкін. Әрине барлық боксшы бірдей тер төгіп, тек мыңнан тұлпары ғана биіктерді бағындыра алады. Дегенмен, бұл өз алдына ерекше әрі қызықты ізденіс жасауға болатын тақырып. 

Оңқай боксшының ерекше тұстары және солақай боксшыға қарсы пайдалана алатын, көп маман біле бермейтін жақтары өте көп. Солақай боксшылардың әлсіз тұстары көп жерде зерттелмеген. Мысалы солақай боксшыға алдыңғы барлаушы қолын айқаста емін-еркін қолдануына жол бермейтін, оны сескендіретін әдістер бар. Бұл нұсқаулық оң қолды боксшылар үшін өте пайдалы. Барлығын бір сұхбатқа сыйғызу мүмкін емес. Солақайдың осал тұстарын дөп басып танып, оңқайдың бес қаруын сай етіп рингке шығару үшін уақыт керек. Менің үйрететін авторлық әдістердің ішінде бұл кеңірек қамтылған. 

Солақай боксшының басты ерекшелігі — ол ринге қарсыласының айнадағы бейнесіндей көрінетін тұрысқа ие. Оңқайға бұл жағдайда қорғаныс пен шабуылдаудың түрлі әдістері тиімсіздеу келеді. Ол көп жағдайда дәлдігі төмен соққылар жасап, қорғанысының әлсіз тұстары көрсетіп қояды. Нәтижесінде, оңқайдың өзі үйренген төрт жақты қорғанысына сызат түседі. Басы мен денесі ашық күйде қалады. Тиісінше солақай боксшы оң қолының хук соққысымен, джебтермен және солақай оверхэнд (қолдың үстімен жасалатын соққы) әрі тіке соғу арқылы қарсыласын қарусыздандырады. 

Боксшының жан-жақты дамығаны жақсы. Солақайдың басымдығы — сол қолымен жасайтын жылдам әрі ауыр соққысы екендігін көпшілігі ұмытып кетіп жатады. Әрі бұл солақайдың бауыр тұсын жалаңаштап, оңқайға екі қолмен де ішіне ұруына жол ашады. Солақай боксшы өзіне тән бұрыштарды пайдалануды өте жақсы меңгерген. Оңқай боксшы өзі үшін қалыпты емес тұстардан көп соққы жіберіп алуы мүмкін. Салыстырмалы түрде қоян-қолтық ұрыс салу нәтижесіз болады. Демек солақайға қарсы жеңіске жету үшін өзгеше шабуыл жоспарын құру қажет. Менің ұсынған әдістерімнің бір бөлігі осыны үйретеді.

Мен ұсынып отырған методикадан, жас боксшы қозғала отырып екі жаққа бұғудың ерекше тәсілдерін үйрене алады. Бокстағы тұрысын (стойка) оңай жолмен реттеуге болады. Бұл үшін тиімді әрі тез арада игеруге қолайлы бағдарлама бар. Одан бөлек алдыға жүре отыра соққыны бірге ұруды үйренудің жеңіл тәсілдері қамтылған. Бұл жерде координацияны шыңдау өте маңызды. Өйткені боксшы үшін тепе-теңдікті сақтай білу, рингте жемісті өнер көрсетуіне ықпал етеді. Екі аяққа дұрыс жайғасқан тепе-теңдік — боксшының үстемдігі. Ол үшін бидегі тәрізді аэробика қимылдары шыңдалуға өте пайдалы. Бокстың негізгі қағидаларын үйрене отырып, тілімгерге хореографияны да меңгеруі қажет. Осылай жас баланың бұлшық етінің жады координацияға да жұдырықтасуға ба қатар бейімделеді. 

Боксшыға бір орында тұрып қалмай үнемі қозғалыста жүру — қарсыластың нысанасына сирек ілінуге мүмкіндік береді. Осылай келген соққыдан жалтарып кетуге, дұрыс қорғаныс жүйесін құруға болады. Сонымен қатар боксшының негізгі соғушы қолы, үнемі оқтаулы мылтық тәрізді даяр тұрады әрі түрлі қашықтықтан шабуылдауға жол ашады. Әрине рингтегі айқасты сөзбен суреттеу мен, шынайы жекпе-жектің атмосферасы  мүлде басқа дүние. Алайда алғашқы кезден-ақ дұрыс баптаудан өткен боксшы, ертең рингте кез-келгенге қауіпті күшке айналады.

Солақай үшін ұмытпауы тиіс негізгі қағидалар бар

1. Шабуыл сәтінде оңқайдың алдыңғы аяғына өту, оңға қозғала отырып алға диагональды жүру. Еңкейе бұғу арқылы өз жұдырығын үздіксіз жұмсау

2. Егер оңқай оң қолымен тіке соғатын болса, солақай боксшы қарсыласын ішке жасалатын апперкотымен күтіп ала алады. Немесе бұғып қалып, сол қапталдан екі-үш нұсқада ұру мүмкіндігіне ие. 

3. Солақай өзінің бауыр тұсы алдыңғы жаққа жақын тұратындығын, әрі оңқай қарсыластың екі қолмен де ішке бағыттайтын соққыларынан қауіптенуі керектегін есте сақтауы тиіс. Бұл шабуылдан артқа сәл шегіну, оң қолымен қарсыластың соққыларын қағып жіберу және шынтақ арқылы қорғануға болады. 

Солақай боксшылардың рингтегі басымдығы, көп жағдайда оларды оңқай стильге ауысып ыңғайлы қарсыластар іздеуге итермелейді. Қозғалысы баяу, әлсіздеу әрі тежірибесі аз солақай боксшылар, мықты оңқай былғары қолғап шеберлерін ұтып кете алады. Бұл бокс тарихындағы көптеген елеулі жекпе-жектер арқылы дәлелденген фактілер. 

Солақай қарсыласқа тап келген оңқай боксшы көп жағдайда тиімсіз жұмыс істеп, дәлдігі төмен соққылар жасайды. Қорғанысында да әлсіз тұстары көп екендігі бірден көзге түседі. Бұл кемшіліктің басты себебі, боксшының жұмыс істеу стилі тек оңқай қарсыластарға төселген. Солақай боксшы болса оң қолды қарсыластарымен жиі жұдырықтасып, өзіндік басымдықтарға ие болып үлгерген. 

Жекпе-жекте

Солақай боксшылардың базалық басымдығын сараптап көрсек. Осы нәтижелерді зерделеп болған соң, бокс тобыңыздан солақай боксшымен жұмыс істеп іс жүзінде бағамдаңыз. 

Боксшының тұрысы. 

Солақай боксшы жекпе-жекте аяғы мен қолының қалыпты жағдайында өзін әркез жайлы сезінеді. Қарсыласы болса өзінің бойы үйренген стилін өзгертуге мәжбүр болады. Өйткені, оның солақай боксшының айналасында ұтымды қимылдауды білмеуі, жаңа мақамда жұдырықтасуға бейімделуіне тура келеді. 

Жабық бұрыштар 

Екі оңқай боксшының айқасы барысында, шабуылдауға арналған бұрыштардың көпшілігі жабық болып келеді. Нәтижесінде олар қалыпты әдістерге сүйеніп жемісті қорғаныс жасай алады. Егер боксшының тұрысы жабық әрі мығым болса, шабуыл жасалуы мүмкін тұстары қарсыласы үшін  қолайсыздау. Бұл классикалық бокс мектебінің үйреткен тәлімінің нәтижесі.  

Ашық бұрыштар

Солақай боксшыға тап келген оңқай жауынгер өзінің басымдықтарынан айырылады. Өйткені шабуылдауға арналған бұрыштар кеңейді. Нәтижесінде, оңқай былғары қолғап шебері өзі үйренген төрт жақты қорғаныс бағытын толық жаба алмайды. Басы мен денесі ашық күйде қалады. Тиісінше солақай боксшы қорғанысын тез жүйелеп үлгеріп, оң қолының хук (ілмек) соққысымен, джебтермен және солақай оверхэнд (қолдың үстімен жасалатын соққы) арқылы әрі тіке соғу арқылы қарсыласын қарусыздандырады. 

Жарыс 

Оң қолды боксшы уақытша солақай позицияға ауысып, қарсыласын жеңе алады ма? Жоқ. Өйткені солақай боксшы өз тұрысына тән бұрыштарды пайдалануды өте жақсы меңгерген. Жылдамдық тұрғысынан да онымен бәсекеге түсу тіпті тиімсіз. Оңқай боксшы өзі үшін қалыпты емес тұстардан көп соққы жіберіп алуы мүмкін. Салыстырмалы түрде қоян-қолтық ұрыс салу нәтижесіз болады.

Бұл тектес жекпе-жектердің көпшілігі тиімсіз соққы алмасуға алып келді. Мысалы оңқай боксшы оң жақтан келген соққыға оң қолымен ұрып жауап қатуы, немесе сол жақтан төнген соққыға тиісінше сол қолмен соғуы. Сырт көзге бұл позиция қалыпты әрі оңтайлы көрінуі мүмкін, дегенмен оңқай боксшы тиімсіз жағдайда қалып қояды. Себебі, тіке төнген оң жақтағы соққыларды бақылауға бой үйретіп қалған соң, ол солақай қарсылас соққан сол қолдың тіке соққысын немесе оң жақ хуктан көз жазып қалуы мүмкін. Әрі оңқай боксшының сол жақ хук соққысы нысанасына жетпейді, өйткені жемісті соққы жасауы үшін оңтайлы позицияға жол жабық, ал солақай қарсыласы оның тіке жұмсаған оң соққысынан оңай жалтарып кетеді.   

Т-позиция 

Алға бір қадам жасап, оңқай боксшының алдыңғы аяғына жақындаған солақай өте сәтті бұрышқа иелік етіп, оңқай боксшыны тек қорғанысқа көшуге мәжбүр етеді. Т-позиция — бұл солақай үшін аса қолайлы. Бұл тұстан ол қалаған бағытында екі қолымен де шабуылдай алса, оңқай боксшы көбінесе тек бір қолына сүйенеді. Әрі солақай боксшы тас-түйін қорғанысқа қол жеткізіп, кез-келген тұстан ұра алады. Ал оң қолды боксшының қозғалысы әрі шабуылдау бұрыштары шектеулі күйде қалады.    

Кері Т-позиция

Бұл тектес позицияның ерсілігіне қарамастан, жағдай тек бастауыш бокс мектептерінде ғана емес әрі кәсіпқой рингте де жиі ұшырасады. Яғни, оңқай боксшы қарсыласына артқы жақтан ұруға мүмкіндік беріп қояды. Оңқай боксшы тек сол қолын алға лақтырып, ұмтылыс жсап әрі бұрылу арқылы нысанасына қол жеткізе алады. Солақай боксшыға жол ашық. Сол жақтан құлаштай ұру+солақайдың оң жақ хук соққысы.    

Өзі тектес қарсыластармен жұдырықтасып үйренген оңқайлар, әркез сол қолдың джеб соққысын әрі оң қолдың қозғалысын бақылауда ұстауға үйренеді. Солақай боксшыға тап келгенде жағдай мүлде өзгеріп сала береді. Енді оңқай боксшы ыңғайсыз бұрыштан бағытталған жылдам джеб соққылары мен оң қолдың хуктарына тап келеді. Солақай боксшы жылдамдық пен қилыстарда басымдыққа ие болады. Осы кезде оңқай боксшы қарсыласы жұмсайтын жұдырықтың көпшілігін байқамай қалады. 

Солақай боксшыларға тағы бірқатар кеңестер 

·  Алдыңғы аяқты сыртқа қарата қоя отырып, кез-келген жаққа қимылдауға мүмкіндік аласыз. Қосымша бұл қарсыласыңыздың қозғалысын қиындатады. 

·  Оң жақтан төнетін соққыларға сақ болыңыз, оңқайдың бұл қолы қарулы. 

· Тіке соғумен және хук соққыларымен әр-алуан шабуылдап, қарсыластың қорғанысын қиындатыңыз.

1. Солақай боксшының артықшылығы немесе ерекшелігі 

2. Оңқай боксшының еркше тұстары және солақай боксшыға қарсы пайдалана алатын, көп маман біле бермейтін тұстары

3. Солақай боксшылардың өздері сезетін немесе сол себепті қолайсыз жағыдайда қалатын әлсіз тұстары көп жерде зерттелмеген 

Бапкерлік ізденісті әркез шыңдап, біліктілікті жетілдіріп отырудың арқасында ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Әуесқойдағы бас жабдығын (шлем) шешу туралы шешім шыққалы бері, бокс түрленіп сала берді. Кеңестік кезеңнен келе жатқан боксты үйретудің кем-кетігі де көрініс тапты. 

Қазіргі таңда қазақстандық бапкерлер замануи бокс талаптарын игеріп, өз білімдерін тодықтырып, жақсы даму үстінде. Мұнымен тоқтап қалмай, бүгінде көш ілгері саналатын америкалық бокс нарығына да бетбұрыс жасуды жөн санаймын. Осы мақсатта өзімнің бапкерлік жолымды бастап, жан-жақты толысып, білгенімді үйретуді қалаймын. 

Бокс — мінезді шыңдайтын, төзімділік пен өрлікті дәріптейтін нағыз бекзада спорт түрі. Осы жолда чемпиондарды тәрбиелеп, өсіріп шығару — ізгі арманым.

АҚШ елінің бокс мамандарымен етене жұмыс істеп, тәжірибе алмасып біліктілікті шыңдау керек. Үйренеріміз де көп, үйретеріміз де бар. Жергілікті боксқұмар балалармен де жұмыс істеп көргім келеді. Бұл болашақта қазақ пен америкалық бокс мектептерінің арасында көпір салу болмақ. Бокс қазіргі таңда нарықтық заңдылықтармен өмір сүретін спорт түрі. Біз осы бизнес шеңберінде таланттардың көзін ашып, табысқа жетуді көздейміз. 

 

Авторы Дәурен Елеусінов

(Боксшы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР екі дүркін чемпионы, Студент жастар арасында әлем чемпионы) 

По сообщению сайта SportInfo

Тэги новости: Геннадий Головкин
Поделитесь новостью с друзьями