Популярные темы

Биыл елімізде мемлекеттік органдардың жария парасаттылық рейтингі енгізіледі

Дата: 01 февраля 2020 в 18:02


Биыл елімізде мемлекеттік органдардың жария парасаттылық рейтингі енгізіледі

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісі өтті. Онда өткен жылдың қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттер талқыланды. Аталған жиынға селекторлық режимде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, облыстық мәслихат депутаттары, департамент жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтар мен ақпараттық-ағартушылық штабтың мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары мен департамент қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Алқа жұмысына Nur Otan партиясының, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшылығы,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлердегі департаменттерінің басшылары, орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары мен аппарат жетекшілері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, Үкімет Президенттің тапсырмасын іске асыру мақсатында сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалар үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі туралы қаулыны бекіткенін атап өтті.

— Алдағы уақытта елімізде сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара сомасының 10 пайызын алады. Ең жоғары сыйақы мөлшері 10 миллион 600 мың теңгені құрайды. Бұл жаңашылдық азаматтарды жемқорлықпен нақты күреске барынша тартуға елеулі серпін береді деп есептейміз, —  деді А.Шпекбаев.

Өз баяндамасында агенттік төрағасы былтыр еліміз бойынша 1002 лауазым иесі сотталғанын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою туралы 2 мыңнан аса ұсыныстар енгізіліп, 800-ден аса ұйымдастыру шаралары қабылданғанын жеткізді.

— Қылмыстық-құқықтық шаралар нәтижесіне тоқталсақ, 1 717 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді, оның жартысынан астамы парақорлық деректеріне тиесілі. 1002 лауазым иесі сотталды. Адамдардың кең шоғырының қатысуымен болған жүйелік жемқорлық ең қауіпті болып тұр. Есепті жылда осындай 112 дерек анықталды. Келтірілген шығын сомасы 24,6 миллиард теңгені құрап, оның 22,7 миллиард теңгесі өтелді, — деді ол.

Сонымен қатар агенттік төрағасы биыл Қазақстанда мемлекеттік органдардың жария парасаттылық рейтингі енгізілетінін, ол мемлекеттік органдардың ашықтық, жариялылық, есептілік деңгейін көрсететінін жеткізді.

— Мемлекеттік органдардың рейтингтегі орны азаматтардың олардың жұмысымен нақты қанағаттануы деңгейімен бағаланады, — деді А.Шпекбаев алқа мәжілісінде.

Айта кету керек, аталған жиында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешов, Nur Otan партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, т.б. баяндама жасап, елімізде сыбайлас жемқорлықты жою және оның алдын алуға байланысты өз пікір-ұсыныстарын жеткізді.

Д.АЙДАРОВА.

Тэги новости: Бауыржан Байбек
Поделитесь новостью с друзьями