Популярные темы

Тыныштық әлеміндегі әсем саз

Дата: 01 февраля 2020 в 17:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Тыныштық әлеміндегі әсем саз

Ақтөбе қалалық Қазақ саңыраулар қоғамы Мәдениет үйінің ұжымы «Шаттық шұғыласы» атты есеп беру кешін өткізді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан мерекелік шара қалалық Мәдениет үйінде өтті.

Бұл күні қол-қимыл әдісімен ән айтудың шеберлері көрерменнің зор ықыласына ие болды. 1977 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан өнер ұжымында бүгінгі таңда 100-ден астам өнерпаз бар. 10 үйірме жұмыс жасайды. 2019 жылы есту мүмкіндігі шектеулі жастардың заманауи би өнеріне деген қызығушылығын арттырып, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында «Break-dance» үйірмесі ашылған.

Аталған Мәденит үйінің директоры Гүлвира Біржанованың айтуынша, өткен жылы есту қабілетінен айырылған өнерпаздар 100-ден астам мерекелік шара өткізіпті. Биылғы жылға да нақты жоспарлар құрылған.

Концерттік бағдарламада көптеген халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық байқаулар мен фестивальдерден жүлделі орын алып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың ең таңдаулы шығармашылық туындылары мен өнерлері көпшілік назарына ұсынылды. «Мы Вас любим» халықтық клоунада театры, «Жалын» би ансамблі мен «Поющие руки» ансамблі кеш қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сонымен қатар көрермендерге Мәдениет үйінің фойесінде қыркүйек айында өз жұмысын бастаған пішіп-тігу үйірмесі мүшелерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Шара соңында Ақтөбедегі «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зинаида Телеушева сөз алып, өнер ұжымына табыс тілеп, көрермендерге өзінің зор алғысын білдірді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями