Популярные темы

Адал еңбек қағидатымен

Дата: 25 января 2020 в 10:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Адал еңбек қағидатымен

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетовтің қатысуымен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мекемесінің қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кездесу өтті.

Кездесу барысында аталған мекеме басшысы Нұрсұлу Беркімбаева өздерінің атқаратын қызметтері мен жұмыс барысында кездесетін жағдайлар туралы, сонымен қатар, жемқорлықты түп-тамырымен жою күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе екендігін айтты.

— Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Жарлығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу саласындағы айрықша кешенді құзыреттерге ие тәуелсіз құқық қорғау органы — Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2019 жылы құрылды. Біздің орган сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге және оның алдын алудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Осы орайда қазіргі таңда біздің департамент халық игілігі үшін, жемқорлықты жою және оны болдырмау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмыстануда. Біз сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз ету арқылы қазіргі заманғы мемлекет азаматтарының жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенім артамыз, — деді департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов.

Кездесу барысында қызметкерлер бірқатар сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді.

Ал департамент басшысы мекеме қызметкерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді қатысуға шақырып, қоғамдық бақылауға қатысуға, пара алмауға және бермеуге, жастарды парасаттылық, адалдық және адал еңбек қағидаттарына сай тәрбиелеуге үндеді.

 Н.ДАБЫЛОВ.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями