Популярные темы

«Мектепке 10 мың доллардай төлейміз». Дубайда тұрып жатқан қазақ отбасы

Дата: 24 января 2020 в 18:03 Категория: Новости экономики



Ерлі-зайыпты Жандос пен Гүлнұр осыдан бес жыл бұрын жұмыс бабымен Дубайға көшіп кеткен. Жандос мұнай-газ саласында қызмет етсе, Гүлнұр инвестиция саласында жұмыс істеп жүр. Олар Дубай өмір сүруге және жұмыс істеуге мүмкіндігі мол қала деп, осындай шешім қабылдаған екен. Қазақ отбасы Tengrinews.kz тілшісіне Дубайдағы өмірі жайлы, ондағы бала тәрбиесі мен білім беру жүйесі, сондай-ақ, жергілікті тұрғындар туралы қызық деректерді айтып берді.

Жандос Тараз тумасы, ал Гүлнұр Шымкенттен екен. Ерлі-зайыптының екі қызы бар — Әмина мен Тәсним. Әмина 5 жастан асса,  Тәсним 2,5 жаста. Екеуі жергілікті білім беру мекемелеріне барады. Олардың айтуынша, мұнда балалар мектепке 3-4 жастан бастап дайындалады.

«Неге Дубайды таңдадық? Біз бірнеше елді қарастырдық. Бірақ Дубайды таңдауымыздың басты себебі — онда мүмкіндіктер көп деп санадық. Бұл расында да өте қарқынды дамып келе жатқан қала. Оған қоса, туристердің қаласы болғандықтан, біз де өз бағымызды сынап көрейік дедік. Көзіміз жеткені — Дубай бала тәрбиесі мен білім жағынан өте дамыған қала, мұндағы балаларға деген қамқорлық пен көмекті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол себепті біз Дубайда қалуды ұйғардық», — дейді Гүлнұр.

Оның айтуынша, Дубайда балаға деген мейірім ерекше.

«Дубайда балаларға деген махаббат пен мейірім ерекше. Балаларды өте жақсы көреді. Сол себепті де балаларға көп нәрсе рұқсат етіледі. Мысалы, кафеде, қоғамдық жерлерде бала айғайлап, шулап, барлығын шашып жатса да, ондағы даяшы немесе басқа да қызмет көрсететіндер ешқашан дауыс көтермейді, күліп қана тұра береді.  Ешқандай ашу шақырмайды», — дейді Дубайдағы қазақ.

Сондай-ақ, Гүлнұр Дубайдың балалар үшін тағы бір артықшылығы қаланың қауіпсіз екенін айтады.

«Балаларға өте қолайлы, барлық жағдай жасалған қала. Мысалы, мұнда жолда біреулердің ішімдік ішіп, бір-бірімен сөзге келіп, қолайсыз жағдай тудырып, ерсі қылық танытқандарын көрмейміз. Бұл бала тәрбиесі үшін өте маңызды деп ойлаймын. Тағы бір артықшылығы, мұнда қыс болмайды. Балалар күніне бірнеше сағат далада ойнап жүре береді, қыс болып, жаурап, киіндіріп әуре болмаймыз», — дейді ол.

Гүлнұр Дубайда барлығы ұйқыдан ерте тұратынын айтады. Олар да отбасымен таңғы 6-да тұруды әдетке айналдырған екен.

«Отбасымыз таңғы 6-да тұрып, 7-де үйден шығып кетеміз. Балалардың оқуы сағат 7.30-дан 15.30-ға дейін. Бірақ балаларды кешкі 18.00-ге қарай ұйықтатып, таңғы 6-да ғана оятамыз. Ол баланың жүйке жүйесінің қалыптасуына және дұрыс дамуына септігін тигізеді деп түсінеміз. Қыздарымыз ағылшын мектептеріне барады. Мұнда оқу жылына орташа есеппен 10 000 доллардай. Одан да қымбаттары бар. Ал осы елдің азаматтарына оқу тегін. Олар бірақ араб мектептеріне барады.

Әмина 1-сыныпта оқиды, Тәсним, балабақшаға барады. Мұнда ағылшын жүйесі бойынша мектептер үш жастан басталады. Үш-төрт жастан мектепке дайындық жүреді де, бала 5 жасында мектепке барады. Мысалы, Әмина бізде үш жастан бастап жазып, оқып үйренді. Қазір ағылшынша, қазақша еркін сөйлейді. Енді орыс тілін меңгеріп жатырмыз. Сондай-ақ, арабша жазып, оқуды да үйреніп жатырмыз», — дейді қыздардың анасы.

Дубай қымбат қала болғанымен мұнда мүмкіндіктер көп дейтін Гүлнұр алдағы екі жылда Дубайдың одан да дамитынын айтады.

«Қазір өзім инвестиция саласында жүргендіктен, күшті жобаларды көріп жүрмін. Мысалы, екі жылда Дубайда тек жаз болғандықтан, қар жауып немесе жауын-шашын жауып тұратын арал пайда болады. Суда тұрғызылған виллалар салынайын деп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қолдан келмейді деген дүниелер жасалайын деп жатыр. Расында да Дубайдағылар ең биік, ең күшті, рекорд болатын ғимараттарды салып, халықты таңғалдыруға тырысады», — дейді шетелдегі қазақ.

«Жақын арада Қазақстанға ораламыз деп айта алмаймын. Жоспарымыз бойынша тағы да бірнеше жыл басқа елдерден де тәжірибе жинасақ деген ниеттеміз. Сондықтан дәл қазір Қазақстанға оралу жоспарда жоқ. 5 жылдан соң оралуымыз мүмкін», — дейді ол.

Гүлнұрдың айтуынша, олар Қазақстанда соңғы рет жазда болған. Балалардың ата-әжесінің қасында көбірек уақыт өткізуін қалағандықтан отанымызға жиі барып тұруға тырысамыз дейді.

Тэги новости: Новости экономики
Поделитесь новостью с друзьями