Популярные темы

Абай тойы басталды

Дата: 23 января 2020 в 13:22


Абай тойы басталды

Күллі қазаққа ортақ алқалы той Арқа төріндегі Алаш астанасы­нан бастау алды. «Астана Опера» мем­лекеттік опера және балет театрында өткен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты салтанатты кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде жыл бойына өтетін мерекелік шараларды ресми түрде бастап берді.

Абай әлемі – қазақ әлемі. Алаштың алып темірқазығына айналған тұғырлы тұлғаның рухани келбеті бүгінде тұтас ұлт болмысын айшықтап тұр. Ендеше, Абайды жаңа ғасыр биігінде тану – рухани жаңғырудың басты һәм маңызды тірегі болуы тиіс. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша мән беріп, өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», деп ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын кемелдік пен парасат биігінде атап өтуге ерекше маңыз берген болатын.

Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген бұл айтулы мақала тұтас ұлт тарапынан зор қолдауға ие болып, абайтану ілімінің жаңа ғасыр бедерінде тың белеске бағыт бұруына кең жол ашып бергені анық. Ел Президенті атап өткендей, биылғы Абай жылы тек мемлекет ауқымында емес, әлемдік деңгейде тойланады деп жоспарлануда. Өйткені Абай мұрасын жаһандық деңгейде насихаттау – қазақ әлемін, ұлттың рухани кеңістігін жаһанға танытудың маңызды һәм айтулы қадамы.

«Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз», деген Мемлекет басшысы, Абай әлемінің тұтас адамзаттық деңгейде тойлануының маңызына да жан-жақты тоқталып өткен еді айтулы мақаласында.

Сонымен кеш шымылдығын  Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ашып, Абай жылының мән-маңызына тоқталды.

– Абай жылы – ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшылымыздың рухын асқақтату үшін қолға алынған игі бастама. Осыған орай биыл халықаралық және республикалық деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Ширек ғасыр бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ұлы ақынның 150 жылдығын жоғары дәре­жеде атап өткен едік. Бұл мерейтой егемен еліміздің еңсесін тіктеуге, ұлттық сананы оятуға зор үлес қосты. Тұңғыш Президентіміз сол жиында «Абай хал­қына қамқор, ұлтына жан­ашыр бола жүріп, күллі адамзатқа мейірлі гуманистік өреге көтерілді» деген еді. Шын мәнінде, кемеңгер тұлғамыздың мол мұрасы – бүкіл адам баласы үшін аса құнды әрі тағылымды дүние. Сондықтан Абайдың өнегелі өсиетін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы деп білеміз. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жан-жақты тоқталды. Ұлы ойшылдың еңбектері күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, баршамызға рухани азық болып отырғанын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда еліміздің алдында биік мақсаттар тұр.  Мемлекетімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік саладағы жаңғыру үдерісі жүзеге асырылып жатыр.  Осы орайда Абайдың ой-толғамдары бізге нақты бағыт-бағдар береді, – деген министр әрі қарай сөзін, Абай жылында атқарылатын нақты жұмыстарға тоқталумен жалғады.

Ақтоты Райымқұлова атап өткендей, биыл Абай мұрасы жан-жақты насихатталып, халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Нақтырақ айтсақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды халықаралық конференция өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайды жаңа Қазақстанның символы ретінде таныту туралы ойын жүзеге асыру мақсатында ақынның өлеңдері мен қара сөздері оннан аса шет тіліне аударылып, Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал түсіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ мерейтой аясында Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылатындығы да жария етілді. Аталған ауқымды шаралардан бөлек, сонымен қатар хакімнің ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы кеңінен насихатталып, ұлы ақынның туған топырағы Жидебай жерін абаттандыру бастамасы да кезек күттірмейтін жұмыстар қатарына еніп отыр.

– Жалпы, біз Абайдың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын өте маңызды шара ретінде мән береміз. Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетіне әрдайым берік болсақ, ел ретінде еңселене түсеміз. Абай мерейтойы – Елбасымыз бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өте бір маңызды бөлігі. Тұңғыш Президентіміздің бүгінгі айтулы іс-шараға қатысуы бүкіл Абай мұрасын дәріптеу жұмысына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Халқымыздың бойтұмары – Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға парыз. Сондықтан ұлтымызды ұлықтайтын осындай игі бастамаға жұрт болып жұ­мыла білейік! – деп Ақтоты Райым­құлова  сөзін түйіндеді.

Мерекенің ресми бөлімі әр қарай концерттік бағдарламаға ұласты.  Сахна төріне көтерілген  қазақ өнерінің майталман шеберлері Абай әлемінің иірімдерін талғампаз өнер тілінде өрнектеді. Театрландырылған сахналық қойылым, ән мен жыр, қарасөз бен күмбір күйден шашу шашылған тағылымды кеш ұлы ақынның қарапайым адам һәм шығармашылық тұлға биігіндегі сын мен сырға толы өмірін жан-жақты қырынан баян етті. Сегіз бөлімге топтастырылған кеш бағдарламасында драма театры, опера мен балет, дәстүрлі ән мен классикалық музыка біртұтас көркем жүйе түзіп, сахнада сұлу өнер салтанат құрды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері Нұрқанат Жақыпбай, Төлеу­бек Әлпиев және Асхат Маеми­ровтің режиссерлігімен сахна төріне шыққан мерекелік кештің «Қазақ халқы – Абай­дың халқы» деп аталатын алғашқы бөлімінде ұлы ақын мұрасының рухани тағылымы тұрғысынан бейне сюжет көрсетіліп, Қазақстанның халық әр­тісі Гүлжан Әспетова, Болат Әбділ­манов, Нұркен Өтеуілов, Қуандық Қыс­тық­баев, Берік Айтжанов бастаған талант­ты театр актерлері кезектесе Абай өлеңдерін төгілте жырласа, «Абай әлемі» аталатын бөлімі ақын өмірін театр тілінде бейнеледі. Мұхтар Әуезов­тің «Абай» трагедиясы мен Ахмет Жұба­нов, Латиф Хамиди қиялына қанат бітір­ген «Абай» операсынан үзінді көрсе­тіліп, елордалық Жастар театры актерлерінің қатысуымен Жұманазар Сом­жүректің «Абай – Тоғжан» драмасынан лирикалық үзік сыр көрермен назарына ұсынылды. Тағылымды кеште КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева және Айман Мұсақожаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері  Тамара Асар, Ерлан Рысқали, Медет Шотабаев, Зарина Алтынбаева сонымен қатар халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен еліміздің жас дарындарының орындауында  ұлы ақынның әндері «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен кемеліне келтіріле шырқалды.

– Абайды  қазақтың өзі десек, бүгінгі кешті сол мұқым қазаққа ортақ, өзін танып, іздеуге бағытталған үлкен тойы деп білемін. Өйткені Абай  – адамзаттың алтын қазығы. Сондықтан да Абай жылының ресми ашылуына арналған мәдени шараның барынша мағыналы-мазмұнды өтуіне күш салдық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мақаласында айрықша атап өткендей,  ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау екенін қаперімізден шығармадық. Сол негізде іздендік. Режиссерлік тілмен айтқанда, бас-аяғы бүтін театрландырылған өнер, тағылым кешін жасағымыз келді. Әлбетте оңай болмады.  Ақын әлемі мұхит болса, сол алып кеңістікті бір сағаттан сәл асатын бағдарламаға сыйдыру өте қиын болды. Барлық дүниені қамтығымыз келгенімен, уақыт мұрша бермеді. Әйтсе де, кештің барынша сапалы, мағыналы өтуіне тырыстық. Кемеңгер тұлғаның әр мұрасына аялай қарап, талғам биігінен ұғынып, ұсынуға күш салдық. Көрермен көңілінен шықты ғой деген сеніміміз мол, – деді ауқымды шараның режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Тағылымды кеш Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Болат Әбділмановтың орындауындағы Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы ақынның: «Алдымда күн… Өзгеше жарық нұрлы  күн… Аты «тіршілік» болса керек… Мен өз өмірімде оған жетпедім, көрмеспін ол күнді. Сол болашақ үшін бір шөпшектей, бір ғана кірпіштей болса да кесек қалап кетсем арманым жоқ. Сәлем деңдер соларға, сәлем деңдер, ұрпағым!» деген әйгілі монологымен түйінделді.

Салтанатты шара мәресіне жет­кенімен, Абай тойы енді басталды. Ойы­мызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың сөзімен қорытар болсақ: «Зама­налар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айны­майды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қа­зағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді». Бүгінгі өлең кеші, өнер кеші соның айғағы.

Поделитесь новостью с друзьями