Популярные темы

Ақжарлықтардың айтары көп

Дата: 23 января 2020 в 12:32


Ақжарлықтардың айтары көп

Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаевтың  2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі Ақжар-2 ауылында орналасқан №70 мектептің ғимаратында өтті. Шараға Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова қатысты. Сондай-ақ облыстық басқармалардың, қалалық бөлімдердің басшылары, қызметкерлері,  ауыл тұрғындары жиналды.

Алдымен Әділкерей Әуелбаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде ел  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында мемлекетті нығайту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау және экономиканы дамыту мәселелеріне тоқталғандығын  тілге тиек етті.

— Осы басты құжатта азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды, — деді Алматы ауданының әкімі.  Оның айтуынша, қазір аталған ауданның құрамында 28 елді мекен бар. Тұрғындарының саны — 230 мың адам.

Ә.Әуелбаев есебінде барлық салаға жеке-жеке тоқталып, тындырылған шаруалар мен істелуі тиіс жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Мысалы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша бұл аудан аумағында  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында 1337 пәтер берілген.

Ауданға қарасты Өрлеу, Бекқұл баба, Ясный, Ақжар-2 тұрғын үй алаптарына жалпы ұзындығы 10,110 метр көше жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Елді мекендердегі істен шыққан 4 мың көше шамы толықтай жаңартылған. Сондай-ақ, 10 көшеге шамдар орнатылды. Белогор, Өрлеу елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету үшін су құбырлары жүргізілген.

Былтыр «Ақшат» тұрғын үй алабында балабақша, Украинка және Бекқұл баба ауылдарында мектептер ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Нәтижелі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалардың шарапатының арқасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ арқылы 32 адам,  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 17 адам шағын несие алыпты.

Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында  өз кәсібін ашуға 98 адам грант иеленген. Есепті мерзім ішінде Алматы ауданы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны — 5954 отбасы.

Алматы ауданы әкімінің баяндамасынан кейін тұрғындар сауалдар қойды. Олардың қойған сауалдарының басым бөлігінің мазмұны бір. Ақжарлықтар №42 бағыттағы автобустың жүру сызбасы мен кестесін өзгертуді қалайды. Автобустардың жүру бағыты мұндағы тұрғындардың ыңғайына келмейді. Олар үшін қажетті аялдамаларға бармайды. Мәселен, Қонаев көшесінде орналасқан емханаға екі қоғамдық көлікке мініп баруға мәжбүр. Автобустың жүру кестесі де тұрғындардың талабына сай емес. Қоғамдық көлікті ұзағырақ күтулеріне тура келеді.

Тұрғындар көтерген тағы бір мәселе — жарық үшін төленетін қаржының көптігі. Ақжарлықтардың бірсыпырасы 1 килоВатт электр қуатына 9 теңгеден төлесе, біразы 15 теңгеден төлейді екен. Осы мәселені қала әкімінің шешіп беруін сұрайды.

«Ақжар-1», «Ақжар-2» тұрғын үй алаптарының тұрғындары емхана қажеттігін де баса айтты. Дегенмен, бұл сауалға сұрақты қоймастан бұрын-ақ аудан әкімі баяндамасында «Аурухана, емхана салу үшін жергілікті халық саны белгілі бір деңгейде өсуі керек. Сол себепті, бұл мәселені көтермесеңіздер де болады» деп нықтап айтқан болатын.

— Ақжарда спорт мектебі жоқ. Үш немерем бар. Олар осы Ақжар-2 тұрғын үй алабынан бірнеше шақырым қашықтықтағы Қарғалыдағы спорт мектебіне барып жүр. Жасөспірімдер мезгілсіз уақытта көшеде жүреді. Бұл мәселеге жасөспірімдерге жауапты инспекторлардың салғырт қарайтындығы қайран қалдырады, — деді ауыл тұрғыны А.Тәжібаев.

Ақжарлықтар қыста қар жауғанда көше жолдарының жүйелі түрде тазартылып тұрса деген тілектерін айтты.

— Бүгін қар аршуға бір емес алты техника жұмылдырылыпты. Біздің үйдің маңында төртеуі жүр. Менің үйім осы мектептің маңында орналасқан. Қар аршитын техникаларды көбейтсе. Балалар ойнайтын алаңдар салынса. Халық тынығатын саябақ керек, — деді ауыл тұрғынының бірі.

— «Ақжар-1» тұрғын үй алабына мектеп пен балабақша керек. Мұнда мектеп салынатынын биліктегілер бұдан 5 жыл бұрын айтқан-ды. Дегенмен, мәселе шешілген жоқ. «Ақжар-1» тұрғын үй алабында бір ғана балабақша бар. Ол да баланы көлікпен апаруға қолайсыз жерде орналасқан. Сонымен қатар сыйымдылығы аз.

Тағы бір мәселе, мешіт жақта бейіттер бар. Қорымды қоршау туралы әңгіме қозғалғанына да 3 жыл уақыт өтті. Әйткенмен, бұл іс те аяқсыз қалды. Бейіттер ауыл үйлерінің іргесіне «таяп қалды», — дейді С.Қарасаев.

Ол жаз мезгілінде ауылдың жоғары бөлігінде орналасқан үйлерде таңнан түске дейінгі уақыт аралығында ауызсу болмайтындығын айтты.

Тұрғындар көше жолдары, жарықтандыру мәселесін де көтерді.

Жиынды Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин түйіндеді.

— Қала тұрғындарының саны күн санап артып келе жатыр. Соған сәйкес қажеттіліктер де көбейе түсетіні заңдылық. Бюджеттің әр тиыны есеппен жұмсалады. Жол, басқа да құрылыстар салықтан түскен қаржыға салынады. Былтыр Ақтөбе қаласында тұратын аз қамтылған отбасыларға 5 миллиард теңгеден астам ақша төленді. Бұл да салықтан түскен түсімнің арқасы. Өткен жылы облыс орталығындағы бір емес, екі спирт зауыты өз жұмыстарын тоқтатты. Соның салдарынан бюджетке 5 миллиард теңгеден астам кіріс түскен жоқ. Кейбір жұмыстардың аяқталмай, биылғы жылға жалғасуы осы салықтан түскен түсімдердің азайып кетуіне де байланысты. Басталған іс аяқсыз қалмайды.

Айта кету керек, балабақша мен мектептердегі педагогтер мен тәрбиешілерге жылда жыл аяғындағы берілетін жалақылары кешіктіріліп, келесі жылдың бастапқы айларында аударылатын-ды.  Биыл облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен бұл мәселе шешілді. Былтыр біз жалақыдан берешексіз шықтық, — деді қала әкімі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Поделитесь новостью с друзьями