Популярные темы

2019 жыл қорытындысы:  әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер сараланды

Дата: 18 января 2020 в 14:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


2019 жыл қорытындысы:  әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер сараланды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өңірде 2019 жылы атқарылған жұмыстарды  сараптауға арналған кеңейтілген аппарат отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары және видеобайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты. Облыс басшысы алдымен   әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің артқанын атап өтті.

«Облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 105,7% құрап, өнеркәсіп — 105,9%, инвестиция — 107,5%, ауыл шаруашылығы — 103,7%, бөлшек және көтерме сауда 104,9%, құрылыс — 105,8%, тұрғын үйді пайдалануға беру  112,4% құрады», —деп атап өтті ол.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Руслан Мамунов өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен 2020 жылға алға қойылған  міндеттер туралы баяндады. Соңғы үш жыл қатарынан  өңірдің экономикалық өсімі 5% құрап, барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш көлемі артқан. Қазір облыста тау-кен өндіру секторында  200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олар жыл сайын шамамен 6 млн тонна мұнай өнімдерін, 6 млн тонна хром рудасын, 4,5 млн тонна хром концентраттарын, 3 млн тонна мыс кендерін, сондай-ақ 400 мың тонна құрамында алтыны бар кендер және 300 мың тонна мыс концентраттарын өндіреді. Өңірге инвестиция тарту бүгінгі күні басты мақсаттардың бір болып отыр.

Инвестицияның физикалық көлемі индексінің өсуі 107,5% құрап, 600 млрд теңгеге жуық тартылған. Дегенмен, Ырғыз, Шалқар және Байғанин аудандарында инвестиция тарту көрсеткіштері төмен.

Облыстағы құрылыс кешені, жол инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын  дамыту бойынша атқарылған шаралар жайын баяндаған облыс әкімінің орынбасары Рахат Сыдықов өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 194 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы деңгейден 5,8% асқанын айтты.  1,02 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру үшін 7,5 млрд теңге бөлінеді. 2020 жылы сомасы 31,9 млрд құрайтын 98 ірі жоба іске қосылуы жоспарланып отыр. Қазіргі таңда республикалық және облыстық бюджеттің қаржыландыруы есебінен жалпы құны 4,3 млрд теңгеге 15 газ желісіне қосу жобасы жүзеге асырылуда.

2020-2022 жылдардың республикалық бюджетін қалыптастыруда сумен жабдықтау бойынша құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 16 жоба қолдау тапқан.

Облыс әкімі өз сөзінде құрылысы ұзаққа созылған нысандарды сынға алды.  «Біз мектеп, денешынықтыру ғимараттары, әлеуметтік нысандар салу керек дейміз, бюджеттен тиісті қаражат бөлініп отыр, құрылыстардың тым ұзаққа созылуына кім кінәлі?» —  деген облыс басшысы кемшіліктерге жол берген басқарма басшыларына  жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік шара қолданылатындығын  ескертті.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өнеркәсіп, бизнесті дамыту бағдарламаларының жүзеге асырылуына тоқталды. 2019 жылы өнеркәсіп көлемі 1,9 трлн теңгені құрап, 600 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өңірдегі кәсіпорындар жалақыны арттырған. 2 176 кәсіпорын 75 203 қызметкерінің жалақысын орташа есеппен 10-15%-ға көтерді. 2020 жылы  28 ірі және орта кәсіпорын 22 053 қызметкердің еңбекақысын арттыруды жоспарлап отыр.  Кәсіпкерлікті дамыту бойынша  даму институттары арқылы қаржыландырудың барлық көздерінен  2,1 мың кәсіпкерлік субъектісіне 33 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

Облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің көрсеткіші жайын баяндаған облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин  ауыл шаруашылығы саласында 275,2 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін жеткізді.  «Ақтөбе облысындағы  агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов 2019 жылғы мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібін баяндады.

Жиынды қорытындылағын облыс басшысы атқарылған жұмыстарға баға бере отырып, барлық салада қарқынды дамытуды қамтамасыз ету керек екенін айтты.

«Жалпы жыл қорытындысының көрсеткіштері жаман емес, дегенмен шешуді қажет ететін мәселелер де  жетерлік. Әрқайсысыңыз өз салаларыңызға қатысты қорытынды шығарып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, өңір экономикасының дамуына жұмылып жұмыс жасау керек», —  деді Оңдасын Оразалин.

Сонымен қатар, ол өзінің орынбасарларына, басқарма басшыларына, қала, аудан әкімдеріне халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, олармен  кездесулер ұйымдастырып, Үкімет тарапынан қабылданып жатқан түрлі мемлекеттік бағдарламаларды  түсіндіріп, тікелей байланыс орнатуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями