Ғасырдан асқан ғұмыр

Дата: 16 января 2020 в 10:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Ғасырдан асқан ғұмыр

Сонау жалыны жаһанды шарпыған, күллі адамзатты зар жылатқан сұм соғыстың ызғары ұрпақ жадында мәңгілікке қалып қойды. Бүгінде облыстағы  35 соғыс ардагерінің жасы бойынша ең үлкені Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында тұрады. Ол — жасы 103-ке таяған Артем Алексеевич Проскурня.

Ғасырдан астам ғұмыр кешіп, қилы заманның куәсі болған Артем Проскурня Қандыағаш қаласында үлкен қызы Валентинаның қолында тұрады. Үш қызынан төрт немере, төрт шебере көрген ардагер ұрпағының жарқын болашағын көріп, осы күнге шүкіршілік етеді.

— Мен шаруа отбасында дүниеге келдім. Балалық шағым қиыншылықта өтіп, жоқшылық пен жетімдікті көріп өстім. Жастық шағымды соғыс жалмады. Соғыстан кейінгі қиын заманды да көзім көрді. Бүгінде еліміз тәуелсіздігін алып, балаларымыз бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Соған қарап, шүкіршілік етемін, — дейді жауынгер А.Проскурня.

Ол 1917 жылы 23 сәуірде Ақтөбе облысы Ключевой (қазіргі Алға) ауданы Ново-Украинка ауылында туған. 1933-1938 жылдар аралығында ұжымшарда түрлі жұмыс жасап, 1938 жылы әскер қатарына шақырылады. Жас сарбаз әскери борышын Түркімен елінде өтеді. 1941 жылы соғысқа шақыру алып, Мәскеу қаласын жаудан қорғап, ерлікпен соғысты. 1945 жылы елге оралып, Қандыағаш қаласындағы ПЧ-6 базасында ұзақ жылдар елеулі еңбек еткен.

Ардагер Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» және Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталды.

Артем Алексеевичтің бүгінде денсаулығы сыр беріп, қан қысымы жиі мазалайды. Құлағы ауыр естіп, көзі де нашар көреді. Оған жағдай жасайтын қызы Валентинаның өзі — жетпістен асқан зейнеткер.

— Әкемнің жағдайы бірқалыпты. Үйіміз үшінші қабатта, сол себепті далаға шықпаймыз. Үйге әлеуметтік қызметкерлер келіп, үнемі көмектесіп тұрады. Аудандық әкімдік тарапынан ешқашан елеусіз қалмаймыз. Қандай да мереке болмасын, қала әкімдігінің өкілдері  есігімізді қағып, жағдайымызды сұрап, сыйлықтарын әкеліп береді. Осыдан екі жыл бұрын облыс, аудан әкімдерінің қолдауымен әкемнің 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік, — дейді Валентина .

Сұрапыл соғыстың аяқталғанына 75 жыл. Кейіпкеріміз осы жылдар аралығында қиындықты көп көрсе де, ешқашан ешкімнің есігін қақпаған. Саналы ғұмырын, салауатты іске арнаған ардақты ардагер үкімет тарапынан өзіне берілетін тұрғын үйден де бас тартыпты.

 Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,

Мұғалжар ауданы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями