Популярные темы

«215 мың адам жазылған». Әлеуметтік желіде ең белсенді әкім кім?

Дата: 14 января 2020 в 17:53 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter және Instagram желілерінде белсенді. Шенеуніктерге де желіде белсенді болып, халықпен солай байланысуды тапсырған болатын.

«Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек. Ғаламтор ғасырында бұл — міндет. Олар онлайн режимде желідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап бере алады», — деген еді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Бүгінде шенеуніктер жаппай әлеуметтік желілерден аккаунт ашып жатыр. Министрлер, депутаттар мен әкімдерді желіден жиі кездестіруге болады. Tengrinews.kz тілшісі еліміздегі қала әкімдерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына шолу жасады.

Павлодар әкімі Қайрат Нүкенов

Қайрат Нүкенов Павлодар қаласының әкімі қызметін былтырғы 10 шілдеден бері атқарып келеді. Бір аптадан кейін әлеуметтік желілерге тіркелгенін хабарлаған.

Әкім Instagram желісіндегі парақшасында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жазып отырады. Су құбырларын тексергені, ардагерлермен кездесуі туралы жазбаларды кезіктіруге болады. Одан бөлек әкімнің парақшасын аралап отырып оның халықпен байланыста екенін де түсіндік. Instagram желісінде халық жазған өтініш, арыздарды да тексеріп, есеп беріп отырады екен.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Кайрат Нукенов (@nukenovkairat) 14 Дек 2019 в 11:07 PST

Нүкенов Facebook желісінде де белсенді. Онда да әкім атқарып жатқан жұмыстары туралы тұрақты жазып отырады. Жазбаларының бәрі де екі тілде жазылған.

Instagram-парақшасына 2675 адам жазылған. Ал Facebook желісіндегі парақшасында 1521 «досы» бар.

Орал әкімі Абат Шыныбеков 

Абат Шыныбеков 2019 жылдың 12 тамызынан бері Орал әкімі қызметін атқарып келеді. Шыныбеков Instagram және Facebook желілеріне тіркелген. Әкім болып тағайындалған кезде кездесулерінен, сенбіліктерден пост жазатын.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Шыныбеков Абат Абайұлы (@abat_shynybekov) 15 Дек 2019 в 9:18 PST

Ал соңғы уақытта тек құттықтаулар ғана жазып жүр. Мысалы, соңғы алты жазбасының бесеуі — құттықтау. Қарашаның аяғында оралдық Ержан Максимді Junior Eurovision-2019 халықаралық ән байқауындағы жүлделі орнымен, кейін халықты ҚР Тұңғыш президенті күнімен, Тәуелсіздік күнімен, Жаңа жылмен және Рождествомен құттықтаған.

Бүгінде Instagram-парақшасында 2149 жазылушы, Facebook-парақшасында 2101 «досы» бар.

Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров

Алты жылдай уақыт бойы Қарағанды қаласының әкімі қызметін атқарып келе жатқан Нұрлан Әубәкіровтің парақшасын Facebook желісінен таптық.

Әубәкіров желідегі парақшасында халыққа атқарған жұмыстары бойынша есеп беріп отырады. Өңірдегі тұрғындарға қажетті соңғы мәліметтерді жиі жариялап тұрады.

Қарағанды әкімі көбіне жазбаларын орыс тілінде жазады. Қазақша жазылған жазбаларды сирек кездестіруге болады. Бүгінде достығында 4858 адам бар.

Ақтөбе әкімі Мавр Абдуллин

Мавр Абдуллин Ақтөбе қаласының әкімі болып былтыр 24 маусымда тағайындалған болатын. Бір айдан кейін ол Facebook және Instagram желілеріне тіркелген.

Қала әкімі екі желіні де бірдей белсенді жүргізеді. Жұмыс барысындағы кездесулерден бөлек, өңірдің мақтаныштары туралы да жазып тұрады. Ақтөбеде туған Димаш Құдайбергенов, актриса Құралай Анарбекова туралы посттар бар.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Мавр Абдуллин (@mavr.abdullin) 5 Дек 2019 в 9:15 PST

Басқа әкімдерден айырмашылығы Мавр Абдуллин жеке парақшасында отбасымен түскен суреттерін де жариялап тұрады. Жазбалардың бәрі алдымен қазақша, кейін орысша жазылған.

Әкімнің Instagram-парақшасына 5162 адам жазылған. Ал Facebook-парақшасындағы достығында 1095 адам бар.

Қостанай әкімі Қайрат Ахметов

Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов бұл қызметте былтыр 1 ақпаннан бері атқарып келеді. Instagram желісіндегі жеке парақшасын 3 маусымда ашқан.

Ең алғашқы жазбасында айтқанындай әкім жеке парақшасында күнделікті жұмыстарынан есеп беріп отырады. Қайрат Ахметов посттарын кейде қазақша да, орысша да жазады. Ал кей жазбалары толығымен орысша.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Кайрат Ахметов (@akhmetov_ka) 28 Июн 2019 в 9:19 PDT

Былтыр Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай басталған эстафетаға қатысып, ұлы ақынның өлеңін оқып тұрған сәтін парақшасында жариялаған. Ахметовтің Instagram-парақшасын 7271 адам бақылап отырады.

Сондай-ақ әкім Facebook желісінде парақша емес, өз атынан қоғамдастық ашқан. Бүгінде оған 60-тан аса адам жазылған. Бірақ бұл қоғамдастық былтырғы шілдеден бері жаңармай тұр.

Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов

Ерлан Айтаханов Шымкент әкімі қызметіне былтыр 30 шілдеде тағайындалған болатын. Өңір басшысы Instagram желісінде белсенді. Парақшасында Шымкенттің өмірі туралы жазбалар жариялап тұрады.

Алғашқы жазбасын тамызда жазған ол басында жұмыс барысындағы кездесулері туралы мәлімет тарататын. Одан бөлек Абай, Шәкәрім, Махамбет секілді қазақ ғұламаларының нақыл сөздерін, өлеңдерін жариялаған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ерлан Айтаxанов (@erlan_aitakhanov) 6 Окт 2019 в 6:24 PDT

Соңғы уақытта түрлі мерекелермен құттықтап, әлеуметтік тақырыптағы видеолар жүктеп жүр. Соңғы жазбасында жаңа жылмен құттықтаған. Ерлан Айтаханов парақшасында жазбаларының бәрін қазақ тілінде жазады.

Әкім болып тағайындалғаннан бері Instagram-парақшасына 88 жазба жариялаған. Бүгінде жазылушылар саны — 15 мың.

Өскемен әкімі Жақсылық Омар

Жақсылық Омар — 2018 жылдың 20 тамызынан бері Өскемен әкімі. Қала басшысын Instagram мен Facebook желілерінен табуға болады.

Басқа әкімдер секілді Жақсылық Омар да парақшаларына істеп жатқан жұмыстары, өңірдегі жаңалықтар туралы жазып отырады. Барлық жазбасы — екі тілде.

Сонымен қатар, Омар халықтың пікірін білудің жолын тапқан. Мысалы, желіде жол жиегіне жарық диодын орнату туралы постты былай аяқтаған: «Құрметті жерлестер, светодиодты жол белгілерін бірінші кезекті орнату қажет деген жерлерді осы постқа пікір ретінде қалдыруды сұраймын». Осы арқылы әкім тұрғындардың да пікірін білген.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Жақсылық Омар (@zhaksylyk_omar) 12 Дек 2019 в 1:27 PST

Жақсылық Омардың Instagram-парақшасына 23,3 мың адам жазылған. Ал Facebook-парақшасындағы достығында 4972 адам бар.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев

Желіде жазылушысы ең көп әкім деп Бақытжан Сағынтаевты айтуға болады. Былтыр 28 маусымда Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған ол Instagram парақшасында отырады. 

Жеке парақшасында әкім қызметіне қатысты посттар салып тұрады. Сонымен қатар, Сағынтаев аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, Instagram-парақшасында есеп беріп отырады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Бакытжан Сагинтаев (@sagintayev.b) 20 Дек 2019 в 2:39 PST

Посттардың бәрі қазақ және орыс тілінде жазылған. Бүгінде Алматы қаласы әкімінің Instagram желісінде 215 мың жазылушысы бар. 

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаевтың Facebook желісінде жеке қауымдастығы бар. Мұнда қала әкімінің атқарылған жұмыстары ғана жазылмай, түрлі шаралардан тікелей эфир көрсетіледі. Қауымдастыққа 10431 адам жазылған. 

Мұнымен желіде белсенді әкімдер топтамасы аяқталған жоқ. Таяуда басқа да әкімдердің әлеуметтік желілердегі парақшаларына шолу жасалады.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша Бахытжан Сагинтаев
Поделитесь новостью с друзьями