Құжат қабылдау жұмыстары пысықталды

Дата: 09 января 2020 в 12:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Құжат қабылдау жұмыстары пысықталды

Жаңа жылдың бірінші жұмыс күнінен бастап форматы өзгерген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жөнінде түсінік беру және құжат қабылдау жұмыстары басталды. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Бұлбұл Елеусінова Халықтың кеңседе орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында болып, түсіндіру және құжат қабылдау жұмыстарын көрді.

Әдеттегідей бұл жерде адам қарасы көп болды. Алайда киліккен адам жоқ, бәрі электронды кезегін күтіп жүр. Билік өкілдерін көрген аналар өздерінің сауалдарын қоюға асықты. Олардың бірі өзінің бес баласы барын, алайда жәрдемақы тек төрт балаға түскенін айтты. Оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов былтыр туған бесінші баласының құжатын тиісті мекемеге тапсыру керектігін, олар базаға енгізетіндерін айтты.

Көпбалалы аналар қаңтар айының жәрдемақысын алғандарын айтып, жәрдемақының отбасы табысына қарамастан тағайындалғанына ризашылықтарын білдіріп жатты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда облыста 15 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ай сайынғы  жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі. Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады, әр бала үшін — 10 625 теңге.

Аталған басқарманың алдын ала есептеген мәліметінше, облыста 38 мың мүшесі бар 6300 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке зәру. Әрине, бұл сандар әлі құжат тапсырып, тағайындалғанға дейін тағы өзгерері анық.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями