Популярные темы

Тәуелсіз Қазақстанның дарыны

Дата: 14 декабря 2019 в 12:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Тәуелсіз Қазақстанның дарыны

Өткен аптада елордамыз — Нұр-Сұлтан қаласында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері марапатталды. Аталған сыйлық еліміздегі белсенді жастарға қоғамдағы қызметі, ғылыми, шығармашылық, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін табыс етілді. Салтанатты шараға арнайы шақыртумен біздің облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Айбек Тасқалиев те қатысып, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қолынан «Дарын» мемлекеттік марапатын — диплом мен төсбелгі, сондай-ақ ақшалай сыйлықты алып оралды ортамызға. Ендігі әңгіме Жастар жылында аталған мемлекеттік сыйлыққа ие болып жатқан әріптесіміз туралы болмақ.

Әріптесіміз Айбек бала кезінен бастап аға буын журналистердің арасында өсті. Олай болатын жөні де бар, анасы Ажар Тасқалиева — тіл маманы. 20 жылға жуық уақыт бойы облыстық «Ақтөбе» газетінде корректор болып еңбек етті. Қазір құрметті демалыста, көзінің ақ пен қарасындай егіздерінің тілеуін тілеп, үйде отыр. Ал Айбек — егіздің сыңары. Сыңарының есімі — Айнаш, мектеп пен университетті, одан кейін магистратураны үздік тәмамдап, педагогика ғылымдарының магистрі атанды. Қазіргі таңда ол — қаладағы мектептердің бірінде география пәнінің мұғалімі.

Айбектің де мектепте озат болғанын, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін қызыл дипломмен бітіргенін білеміз. Оқушы кезінен оқу-білімге, өнерге құштар боп өскен ол ес білгелі облыстық газетпен «дос».

«Тәй-тәй басып, жүре бастағалы балабақшаға бармай қалған күндері, көбіне-көп мереке күндері қарындасым екеумізді мамамыз редакцияға алып келетін. Осындағы журналистердің, аға буын әріптестердің көз алдында өстім десем болады», — дейді әріптестің өзі. Сол әсер еткен болуы керек, Айбектің кішкентайынан жазу-сызуға, әдебиетке құштарлығы басым болды. Оның газет-журналдарды, кітаптарды көп оқып, ізденетінін газетке әкелетін қанатқақты материалдарынан байқайтынбыз. Айбек Ақтөбе қаласындағы №42 қазақ орта мектебінде оқыды. Оқушы кезінде көбіне мектебінде өткен шараларды қысқа хабар етіп жазып жүрді.

— Бірде мектебімізде Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған апталықтың аясында мәнерлеп оқудан байқау өтті, сол туралы «Ақтөбе» газетіне ақпарат жаздым. Сондағы сезімді — газетке мақалаң шығып, оны өз көзіңмен көріп, оқығандағы әсерді әлі ұмытпаймын… Баспасөз бетіне шыққан алғаш ақпаратым — сол. 2003 жылы жарияланды. Айналамдағы адамдар — мұғалімдерім, замандастарым, тіпті сол кездегі мектеп директоры Бағдат Еңсепбаевтың өзі мектептегі жиында соны айтып, кәдімгідей үлкен жаңалық болғаны бар. Қысқасы, мақала жазу, кейін оның баспасөз бетінде жарияланғанына куә болу, өз аты-жөніңді газеттен көру маған ұнап қалды (күліп). Әлгі оқиғадан кейін ерекше шабыттанып, мектепте қандай шара өтсе де, газетке сол кездері енді келген, жап-жас қыздар —  Айнұр Ілиясқызы, Мейрамгүл Рахатқызына құстай ұшатын болдым. Ондағы ойым — шағын ақпарат болса да, жазып беру, — дейді әріптесім.

Сол жылдары «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев «Балдырған» тақырыптық бетін әзірлеуді маған тапсырған еді. Аталған бетте «Зерде», «Біліп жүр», «Артық болмас білгенің» секілді айдарлар болатын. Айбек оқушы кезінен зеректігімен, ұқыптылығымен, еңбекқорлығымен көзге түсті. Апта сайын редакцияға келіп тұратын, сол беттегі айдарларға қысқа материалдар жазуға дағдыланды. Кейде тіпті сөзжұмбақ дайындап әкеледі. Ал бір қалың номерден мақаласы қалып қойса…кәдімгідей ренжитін. Өзіміз жас маман болсақ та, Айбек ініміздің телефон соғып, тақылдап, материалының неге шықпағанын егжей-тегжейлі сұрайтынына риза болатынмын. Тиянақтылығы содан-ақ көрініп тұр емес пе? Ал мен «Неге шықпады?», — деген сұрағына одан да басқа жас тілшілердің барын, соларға да бір ауық кезек беру керектігін немесе орын болмай қалғанын түсіндіретінмін. Осындай қарқынмен 3-4 жыл бойы үзбей жазып тұрды. Кейін есейгенін білдіріп, «Бұқара» деген айқара бетке өзіне әсер еткен оқиғалар, көңілі толмай жүрген мәселелер, жалпы күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайлар жайында жазуға көшті.

— Менің журналистикаға деген қызығушылығымды, болашағымды осы саламен байланыстыратынымды сезген болуы керек, 2008 жылы «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан аға Өтеулиев кабинетіне шақырып алып, осы газеттің атынан мені бас қалада ұйымдастырылған «Қаламгер азамат» атты жас тілшілердің форумына жіберді. Кейін, әрине, бұл шара туралы газетке үлкен материал бердім… Ал Бауыржан ағайдың сол арқылы «жанам деген жүрекке от бергісі келгенін», маған үлкен үміт артқанын түсіндім, — дейді Айбек.

Оқушы кезінде облыстық газеттің жұмысына араласқан Айбек студент болғанда республикалық «Дала мен қала» газетіне өңір жаңалықтарын, Ақтөбеге келген белгілі өнер адамдарымен сұхбаттар жазып тұрды. «Бірде сол кездегі бас редактор Сапарбай Парманқұлов ағаймен телефон арқылы танысып, сөйлестік. Ол маған бірден «Қаламақыға жазуға қабылдаймыз. 1-курс студенті үшін бұның өзі —  үлкен жетістік» деді. Сол кезде газет редакциясындағы Қалмаханбет Мұқаметқали, Нұрлан Жұмахан, Асқар Беков ағаларым тапсырма беріп, бағыт-бағдар беріп отырды», — дейді Айбек жастайынан қаламақы алып-тұрғанын айтып. Студент арада бір жыл өткен соң, 2009 жылдан бастап республикалық «Нұр Астана» жастар газетіне жаза бастады. Сол жерден штатқа алынып, аталған басылымның Ақтөбедегі меншікті тілшісі болды.

— Менің журналист ретінде қалыптасуыма сондағы аға-апаларым, жалпы шығармашылық ұжымның септігі мол. Газеттің бас редакторы Ғабит аға Мүсіреп бастап, Қуаныш Жиенбай, Амангелді Кеңшілікұлы, Арнұр Асқар ағаларым қостаған алдыңғы буыннан көп нәрсе үйрендім. «Журналистикада кімді ұстаз тұтасың?» — десе, ойланбастан ең алдымен Ғабит Іскендерұлын айтар едім. Қазақтың классик жазушысымен аттас ағайым ылғи телефон шалып, жөн сілтеп, редакцияға жолдаған әр мақалама байланысты пікірін білдіретін. Сосын міндетті түрде ақыл-кеңесін айтатын. Әлі күнге дейін ағаймен анда-санда болса да хабарласып тұрамыз, кездесіп қалсақ мені құшақтап, өз бауырындай мейірім танытады. Маған сенім артып, студент кезде-ақ жұмысқа қабылдап, «сенің болашағыңнан үлкен үміт күтемін» деген де сол кісі. Бұны мен ешқашан ұмытпаймын. Бірақ 2013 жылы газетіміз жабылып, «Айналайын.кз» сайтына айналды. Сайттың құрылымы мүлде басқа, біраз журналист жұмыс орнын ауыстырды… Кіл жастар қалдық. Обалы не керек, Ғабит ағай мені қайта-қайта елордаға ауысуыма ұсыныс білдіріп, ол жақта үлкен мүмкіндіктердің барын айтты. Бірақ мен өзім туып-өскен Ақтөбемнен, ең бастысы — анам мен қарындасымнан алысқа ұзағым келмеді. Қимадым. 2014 жылдың көктемінде сайт та өз жұмысын тоқтатты. Мен сол уақытта өзімнің «Ақтөбеме» келдім. Содан бері осындамын, — дейді әріптес.

Әріптесіміз Айбектің оң жамбасына келетін, жанына жақын тақырыбы — адамдардың тағдыры. Әлеуметтік сала, мәдениет, кәсіпкерлік, мүмкіндігі шектеулі жандар туралы көп жазады. Солардың бірі — І топтағы мүгедек Әлия Сағындықова туралы алғаш боп жазған мақаласы өте оқылымды болды, газеттің ресми сайтынан 44 мыңнан аса адам оқыды. Айбектің Әлияның ерекше тағдыры туралы мақаласының негізінде ұлттық арна арнайы фильм түсіріп, сонымен қатар «Айтуға оңай» бағдарламасының бір шығарылымы соған арналды.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, оқушы кезінде Айбек фортепиано, вокал үйірмелеріне қатысқанымен, жолын қумапты. Өз ортасында аздап ән айтатыны бар. Ал театр өнеріне құрметі ерекше, спектакль, концерт, жалпы премьералардан қалмауға тырысады. Басқа қалаларға барғанда да міндетті түрде театры мен филармониясына соқпай кетпейді екен. «Әдемі киініп, ән тыңдап, жақсы адамдармен дидарласқанға не жетсін?!  Содан болар, мәдениетке қатысты материалдарды жастайымнан көп жаздым. Қазақстанның халық артистері Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева сынды сахна саңлақтарымен бірнеше рет жүздесіп, сұхбаттасқаным үшін өзімді бақытты санаймын», — дейді Айбек Серікұлы.

Әр жылдары өткен республикалық байқаулардың жеңімпазы боп жүрген Айбек Тасқалиевтің бүгінге дейінгі ең басты жетістігі — осы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуы. 2012 жылы ол халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің «Журналистика» аталымы бойынша I орын иегері атанды.

— Азды-көпті еңбегім мен қабілет-қарымымды, мектеп пен университетте үздік оқығанымды ескерген Үкіметке алғысым шексіз. Мені құттықтап, қуанышымды бөлісіп жатқан ағайын-бауырға, әріптестеріме, оқырмандарыма да ризашылығымды білдіремін. Ең бастысы, менің осындай деңгейге жетіп, биік белестерді бағындыруым анамның арқасында деп білемін. Маған жарық дүниені сыйлаған мамама рақмет! Сондай-ақ, өзімнің екінші отбасыма айналған «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен аға Отыншин бастаған ағаларыма алғысымды айтсам деймін. Қандай қуаныш болсын, мені қолдап, өзге қалалардағы марапаттауларға сөзге келместен жіберуінің өзі неге тұрады?! Біреулердің сөзін сөйлеп, сойылын соғу табиғатымда жоқ. Бірақ жақсының жақсылығын айту керек, — дейді әріптесіміз.

Айбекті жақсы танитындар оның талғампаз, сырбаз жігіт екенін біледі. Өзіне қатал қарайтын ол бойын жаман әдеттерден таза ұстайды, арақ ішпейді, темекі тартпайды.  Тіпті соған әуес адамдарды онша жақтыра бермейді. Спортпен кәсіби шұғылданбаса да, суда жүзгенді жақсы көретінін де білеміз. Қала баласы көбіне  бассейнге барғанды ұнатады. Өзінің айтуынша, жеке басына сын көзбен қарайды. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін ол адал, ісі тиянақты,  сөзі мен ісі бір-біріне сай келетін адамдарды ерекше құрметтейтінін, сондай адамдардың ғана айналасында болуын бір Алладан тілейтінін айтты.  

Отызға енді толатын Айбектің ендігі мақсаты — отбасын құрып, салиқалы ұрпақ сүю.

— Қазақта «Адал сүт емген» деген әдемі тіркес бар ғой. Соған сай келетін, ақылына ажары сай, азаматын ардақтай білетін, иманды арумен кезіксем деп армандаймын. Егер сондай қыздар болса, осы сәтті пайдаланып, хабарлассын дегім келеді (күліп). Көп мақсатымның бірі — баспаналы болу. Бұл кез келген азаматтың басты міндеті деп ойлаймын. Ал журналист ретінде осы он жылда жазған мақалаларым, сұхбаттарым кітап боп басылып шықса деген тілегім бар, — дейді бойдақ әріптес.

P.S. Жастар жылын салтанатты түрде қорытындылаған кеште біздің Айбек мемлекеттік «Дарын» сыйлығын алып қана қоймай, ел Президентімен бірге суретке түсіп, «жыл селфиін» де жасап үлгерді.

 Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями