Басты ұстаным — әділдік, парасаттылық және сенім

Дата: 05 декабря 2019 в 11:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Басты ұстаным — әділдік, парасаттылық және сенім

— Алик Жатқамбайұлы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мем­лекет­тік органдардың қызметі қоғам­ның сені­мін арттыруға бағытталғаны бел­гілі. Жалпы, бұл жөнінде не айтасыз?

— Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес халықтың әл-ауқатын жақ­сартуға ба­ғат­талған мемлекеттік саясаттың ма­ңыз­ды стратегиялық басымдығы болып саналады. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы қалыптасты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлт­тық тәжірибесіне әлем мойындаған халықара­лық қағидаттар мен стандарттарды енгізу — басты шарттардың бірі.

Қазіргі таңда агенттік азаматтар мен мемлекеттік институттарды жемқорлық­тан қорғайтын ашық, кәсіби және тиімді құқық қорғау органы болу үшін тиісті шаралар қабылдауда. Біздің миссиямыз — «Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою». Оны іске асыру жұмыстың жаңа тәсілдері мен құралдарын қажет етеді. Сондықтан да біз тәсіл­дерді, қалыпты жұмыс істеудің тұтас тіз­бегін өзгертудеміз. Жұмыстың барлық ба­ғы­ты өзгеруде. Біз озық тәжірибеге сүйене отырып, агенттікте Парасаттылық, Превенция және Серіктестік деп аталатын үш жаңа департамент құру туралы шешім қабылдадық. Біздің барлық бастамаларымыз айқын құндылықтарымыздың приз­масы арқылы жүзеге асырылады. Бұл — әділдік, парасаттылық және сенім.

БҰҰ Даму бағдарламасы кеңсесінің қолдауымен биыл Transparency Kazakhstan жүзеге асырған «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйінің мониторингі» зерттеуінің мәліметтері сауалнамаға қаты­су­шылардың жартысынан астамы, нақты­рақ айтқанда 54,4%-ы сыбайлас жем­­қор­лық деңгейінің төмендегенін көр­сетті. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкер­лердің 76%-ы Қазақстанда пара бермей, тек құқықтық салада жұмыс істей отырып, өз бизнесін дамытуға болады деп есептейді. Олардың пікірінше, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (72,4%), Үкімет (62,8%), Nur Otan партиясы (54,7%) және бұқаралық ақпарат құралдары (54,4%) ықпал етуде.

Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қатысуға дайын азаматтар саны артуда. Жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын қоңыраулар көбеюде. Мәселен, биылғы 10 айда агенттіктің 1424 нөмірі бойынша call-орталығына мұндай жағдайлар бойынша 600-ден аса адам хабарласты, бұл тұтастай 2018 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Егер 2018 жылы мұндай хабарламалар бойынша 32 сотқа дейінгі тергеу қолға алынса, биылғы 10 ай­дың өзінде қылмыстық істердің саны 46-ға дейін жетті. Мұны мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына көрсетіліп отырған сенім деңгейінің маңызды көрсеткіші деп санаймын.

— Бағдарымызды айқындайтын міндеттер алдымызда айқын көрініп тұрса да біз оған енжар, баяу «жүзіп» бара жатқан сияқтымыз…

— Еуропа мемлекеттері сыбайлас жем­қорлықты неғұрлым азайтуға жүздеген жыл­дарын сарп етті, бірақ одан әлі күн­ге дейін ешкім толық құтылған жоқ. Көптеген еуропалық сарапшылар жасалып жатқан шараларға қарамастан, Еуро­па­лық одақтағы сыбайлас жемқорлық біз ойлағаннан әлдеқайда ауқымды әрі терең таралғаны туралы қорытынды жасауда. Жыл сайын парақорлық, қызмет бабын асыра пайдалану және ысырапшылдықтың мыңдаған оқиғасы тергеледі. Әртүрлі салалардағы сыбайлас жемқорлық тек дамушы мемлекеттерде ғана емес, озық дамыған елдердің өзінде кең таралғанын айғақтайтын халықаралық ұйымдардың арнайы баяндамалары мен есептері, зерттеулері жиі жарияланады.

Менің ойымша, біз сыбайлас жемқор­лыққа қатысы бар тұлғаларды жауапқа тарту тәжірибесін қоғамда превенция мен парасаттылықты дәйекті дамытумен ұтымды үйлестірудің дұрыс стратегиясын таңдадық. Нәтижелер айқын көрінуде. Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы «Мемлекеттік басқару индикаторлары» (The Worldwide Governance Indicators) зерттеуіне сәйкес Қазақстан «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» индикаторы бойынша өз көрсеткіштерін едәуір жақсартты. IMD (IMD World Com­petitiveness Ranking) жаһандық бәсе­кеге қа­бі­леттілік рейтингінде сыбайлас жем­қор­­лық пен парақорлыққа қарсы іс-қимыл ин­­ди­каторы бойынша еліміз тек ТМД ел­­­­дері­­мен ғана емес, Оңтүстік Корея, Из­раиль, Испания және т.б. мемлекеттермен са­­лыс­­­тырғанда жоғары көрсеткішке ие болды.

— Сингапурдың сыбайлас жем­қор­лық оқиғаларын тергеу бюросы салыстыр­малы түрде аз ғана уақытта зор нә­ти­желерге қол жеткізді. Сыбайлас жем­­­қор­­лыққа қарсы күрестің осы үлгі­сін біз­­дің жағдайға бейімдеуге болмай ма?

— Сингапурда құқық қорғау орган­дары­ның қызметкерлері мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді іріктеу және олар­ды әрі қарай қызмет бабында өсірудің белгі­лі бір кезеңінде маңызды рөл атқарған. Қазақ­станда құқық қорғау органдарына мұндай құзырет беруге әлі ертерек. Тура­сын айтқанда, біз бұған әлі дайын емес­­піз. Сондай-ақ әкімшілік бөлініс бір­лік­­­­тері өте көп, есесіне тұрғындарының са­ны ба­рынша аз, құрлықтағы ұлан-ға­йыр аумақпен салыстырғанда шап-ша­ғын арал­да орналасқан бір ғана қала­ның тұр­ғын­дарын бұл жұмысқа тарту дең­гейі мен ұйымдастыру тиімділігінің коэффи­циенті бәрібір жоғары болатынын ескерген жөн.

Әр елдің өз ерекшеліктері мен айырма­шы­лықтары бар. Қазақстан сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен мемлекеттер қатарына қосылу үшін өзінің тиімділігін көрсеткен ұстанымдар мен қағидаттарды, әмбебап тетіктер мен құралдарды белсенді қолдана бастады. Алайда атқарылған жұмыстарға көңіл тоғайтып отыруға болмайды. Кең ауқымды автоматтандыру үдерісі мемлекеттік қызмет көрсету сала­сындағы жемқорлықты төрттен үш дең­гейіне дейін азайтуға мүмкіндік берді. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетім­ділігі біршама артты. Мемлекеттік аппарат­ты жемқор шенеуніктерден тиянақ­ты түрде тазарту соңғы жылдарда сыбай­лас жемқорлық құқық бұзушы­лық­тарының тұрақты төмендеуін байқатады. Қазақ­стандықтардың сыбайлас жемқорлыққа қатынасы өзгеруде. Яғни жұмысымыздың стратегиялық бағыты дұрыс қойылған.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мылдың құқықтық негіздері тақырыбы қозғалғанда таяу арада заңна­маға қандай елеулі өзгеріс енгізіледі және ол бізге не береді деген сауалдарды айна­лып өте алмаймыз. Осы туралы баян­дап берсеңіз.

— Биыл 20 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстардың тиім­ділігін арттыру туралы жиналыс өткізіп, бағынышты қызметкері сыбай­лас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін мемлекеттік органның бірінші басшы­лары­­ның жұмыстан кетуі институтын енгізу туралы тапсырма бергенін білесіздер. Дәл қазір осы норманы іске асырудың нақты тетіктері айқындалған заң жобасы Президент Әкім­­шілігінің қарауында жатыр. Ол бо­йынша, егер мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша сотталса, оның тікелей басшысы жеке басымен жауап беретін болады. Егер бұл жағдай әкімшілік мем­лекеттік қызметшіге жататын басшыда болса, онда ол жұмыстан шығаруға дейін­гі тәртіптік жауапкершілікке тартыла­ды. Сонымен қоса, мемлекеттік орган бас­­шыларының өзіне бағынышты қыз­мет­­керлер тарапынан сыбайлас жем­қор­лық құқықбұзушылықтарын ескерту міндеті енгізілуде. Бұл шараларды қабыл­дамағаны үшін тәртіптік жауапкер­шілік қарастырылған.

Азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жұмылдыруды күшейту­дің тағы бір түрі жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеу жүйесін өзгерту болмақ. Егер қазіргі таңда мұндай жағдайдағы көтермелеудің жоғары сыйақысы 250 мың теңге болса, таяуда бұл сома бірнеше миллионға артады. Осы ретте, агенттіктің ықпалымен жақында мемлекеттік қызметшілерге жұмыс орнына смартфон алып кіруге қайтадан рұқсат берілетінін атап өткім келеді. Біздің ойымызша, бұл жұмыстың, әсіресе азаматтармен қарым-қатынас мәселелерінің жылдамдығын біршама арттырады.

Сонымен қатар сыбайлас жемқор­лық­тың негізгі себептерін жою, атап айтқан­да, экономикадағы мемлекеттің қатысуын қысқартуға, қолма-қол ақшаның айналымын азайтуға, мемлекеттік қызмет­шілердің еңбекақысын біршама арттыру мақсатында мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдарды оңтайландыруға қатысты жұмыстар жалға­сады. Агенттікте, экономикалық тергеу қызметі мен өзге де бақылау-қадағалау органдарында жүргізілген штат санын оңтайландырудың өзі бизнеске қысымды біршама азайтты.

Агенттік сыбайлас жемқорлық дең­гейін біршама төмендетуге мүмкіндік беретін басқа да заңнамалық шараларға бастамалар жасады. Олардың ішіндегі ең бастылары — заңсыз баюға азаматтық-құқықтық жауапкершілік енгізу, барлық мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен шығыстары туралы декларациясын жария­лау міндеті, сондай-ақ Integrity Testing/Check немесе кәсіби сатылмаушылыққа тексеру институтын енгізу.

Жалпы, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа түбегейлі өзгерістер енгізу­ге мүмкіндік беретін жаңа «навигация­лық» технологияларды меңгере бастадық. Әңгіме криминологиялық қырынан бас­қа да сан алуан аспектілері бар осынау күрделі әлеуметтік індеттен мемле­кет пен қоғамды құтқару жолындағы ауқым­ды және жүйелі жұмыс туралы болып отыр. Осы орайда, біздің жұмыстарды ұйымдастыруға жаңа тәсілдер қажет болды. Бұл жазаның бұлтартпай қолда­ны­лу қағидасының құнсызданғанын біл­дірмейді, бірақ жемқорларға қарсы күрес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл­дың басқа да тәсілдері мен формаларын кейінге ысырмауға тиіс. Сондай-ақ қазір агенттіктің штат санының 80%-дан астамы жедел-тергеу бөлмшелеріне және тек 10% ғана превенция саласына тиесілі. ЭЫДҰ елдерінде бәрі керісінше.

Бүгінгі таңда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мониторинг жасау, жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою, жемқорлыққа қарсы күреске қоғамды кеңінен тарту міндеттері алдыңғы қатарға шығуда.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары бойынша біз берген ұсыныстардың негізінде тек биылдың өзінде 37 нормативтік-құқықтық актіге нақты өзгерістер енгізілді. Бүгінгі таңда агенттік көлемді бюджеттік қаражат бөлінетін ұйымдарға – квазимемлекеттік секторға, орталық органдардың комитеттері мен әкімдіктерге баса назар аудараты­нын атап өткім келеді. Тек соңғы бір жарым жылда облыс әкімдерінің 3 орын­ба­сары, 2 жауапты хатшы, 7 комитет төр­­ағасы мен оның орынбасарлары қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылды.

— Жаңа өзгерістердің бәріне сақ­тықпен қарау таңсық емес. Әңгіме сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты ұйым­дас­тырудағы тәсілдердің түбегейлі өзгеруі туралы болып отыр. Қазір «Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет­тен қорқуды қойды» деген сөздер таралуда. Сіз бұл туралы не айтасыз?

— Мен бұл сұрақтарға жоғарыда жартылай жауап беріп өттім. Көне заманның көрнекті ойшылы Сунь-Цзы «соғыс дегеніміз — айла-шарғының жолы, ол жеңгендердің жоғары әскери өнер көр­сет­кенін білдірмейді. Ең қиыны әрі маңыздысы — қарсыластың шабуылына жол бермеу» деген екен. Өз халқымызға қарсы «соғыс» бізге керек емес…

Жоғары лауазымды шенеуніктердің тағы бір тобын түрмеге тоғытсақ та, біз жемқорлыққа төтеп бере алмаймыз. Ол одан сайын қитұрқыланып, жаңаша түрлене түседі… Менің ойымша, бізге сы­бай­лас жемқорлық қылмыстарының алдын алу, оған жол бермеу маңызды мәселе. Адамды түрмеге тоғыту мақсат емес, керісінше біз ол адамды осы қауіпті қадамнан қорғап, жемқорлыққа бейімдік­ті мүмкін емес немесе мәнсіз етуге тырысуымыз керек. Қоғамның кез келген мүшесінің қасіреті оның қаншалықты түсінгеніне қарамастан, барлық қоғамға моральдік соққы береді.

Оның үстіне, біз қоғамда қорқыныш тудырудан аулақпыз. Жекелеген азаматтардың санасында белгілі бір пікірге ие болса да, бұл күмәнді әрі қарабайыр көрінеді. Ал тарихи санаға жүгінсек, қазақ халқы әрдайым сенімге сүйенген. Біз­дің негізгі күш-жігеріміз жемқорлықты бол­дырмауға, бола қалған жағдайда оны адамға барынша тиімсіз етуге бағытталған. Сондықтан біз табысты мемлекеттердің басым бөлігінде сыналған жұмыстың тәсілдері мен формаларын қарқын­ды енгізе бастадық. Олар біз бой түзейтін ел­­дер­дің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сая­сатының негізіне айналған.

— Сіздер парасаттылық ұғымын ілгері­лету бойынша жұмысты агент­тіктің шешуші басымдықтарының бірі ретінде белгіледіңіздер және тиісті департамент құрдыңыздар…

— Заңды мүлтіксіз орындаудың астарында оның рухын түсініп, пайымдау жатыр. Адам тек тапсырылған алгоритм шегінде ғана жұмыс істейтін машинадан осы қабілеті арқылы ерекшеленеді. Тек заңның рухы ғана қандай да бір әрекеттің көңілге қонымдылығын айқындайды. Біз адамгершілік құндылығынсыз заңға құрмет болуы мүмкін емес деп санаймыз. Парасаттылық дегеніміздің өзі не? Бұл — ар-ұят, адалдық және ақшаға сатылмау секілді жеке қасиеттермен сипатталатын жан тазалығы. Ол адамның мінсіз мінез-құлығынан, адалдығы мен тектілігінен көрінеді. Парасатты адамға терең көзқарас пен ішкі жоғары мәдениет, заңға, этикалық және моральдік ережелерге құрмет тән. Бұл жөнінде таяуда танымал режиссер Ермек Тұрсынов өзіне «сыбайлас жемқорлық деген не?» деген сұрақ қойып, оған «бұл мәдениетсіздікпен және адамгершіліксіздікпен күрес» деп қысқа әрі нұсқа жауап берген болатын.

— Қазір сыбайлас жемқорлықтан гөрі парасаттылық туралы көбірек ай­ты­ла бастады. Агенттік қызмет­кер­лері­нің басқа мемлекеттік орган­дарға ба­рып нақты сыбайлас жемқор­лық тәуе­­кел­­дерін сараптау мен жою­дың ор­ны­на «қане, сіздердің парасатты­лық­та­ры­­­ңыз­ды көрейік…» деп тұрғаны елестейді…

— Біріншіден, «парасаттылық» тер­мині­нің басқа да қыры бар. Ағылшын тілі сөздігінде «integrity» (парасаттылық) сөзі тұтастықты білдіреді. Сондықтан егер медициналық терминологияны қол­да­н­атын болсақ, кез келген жүйенің бас­тапқы күйін зерттеп, жалпы скрининг өткізу арқылы біз оның иммунитетіне қауіп төндіретін аурудың анық және күшті ошақтарын, сондай-ақ емдеуді қажет ететін бүлінген органдарын нақты анықтай аламыз. Екіншіден, халықаралық тәжірибеде «білімдегі парасаттылық», «медицинадағы парасаттылық», «сот жү­йесіндегі парасаттылық», «бизнестегі парасат­тылық» деген түсініктер біршама кең таралған. ЭЫДҰ сыбайлас жемқор­лыққа кереғар ұғымды, яғни құқығын асыра пайдаланудың алдын алу үшін қабылданған саясаттың күшті және әлсіз жақтары ретінде сипатталатын парасаттылықты бағалауды біршама тиімді деп таныды. Үшіншіден, сол ЭЫДҰ сарапшылары парасаттылықты сыбайлас жемқорлыққа қарағанда едәуір сындарлы және жағымды түсінік, біршама жоғары деңгейдегі тұжырымдама деп санайды. Мұнымен келіспеу мүмкін емес. Парасаттылықты зерттеу ынтымақтастық пен өзара түсіністікке шақырады.

Парасаттылық — қоғамдық көзқарастар­дың басымдығына бағытталған мемлекет­тік басқарудың барлық заманауи жүйесінің іргетасы. Әңгіме азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары мәдениеті мен тиісті құқық қолдану тәжірибесі туралы болып отыр. ЭЫДҰ саясаты да осыған саяды. Мұнсыз ауқымды әлеуметтік өзгерістер жүзеге аспайды. Парасаттылық біздің ашық әрі әділетті қоғамға қадам басуымызға кедергі болатын барлық нәрсеге түбегейлі қарсылықты білдіреді. Біз мемлекеттік органдардың ашықты­ғын, айқындылығын және есептілік дең­гейін көрсететін мемлекеттік органдар­дың жария парасаттылық рейтингін анықтау әдістемесін әзірлеуді алғашқы қадам ретін­де қарастырудамыз. Парасаттылық мем­лекеттік қызметшілер басшылыққа алатын адамгершілік құндылығына айналуы тиіс. Әрине, тек оларға ғана емес, мә­селен, жекелеген ұлттық компаниялар­да квазимемлекеттік секторда парасат­ты­­лықты қамтамасыз етудің тиімді құра­лы­ның біріне айналуға тиісті тәуелсіз ком­плаенс-қызметтері жұмыстарын бастады.

— Парасаттылық департаментінен бас­қа сіз Серіктестік департаментін құрдыңыз. Тағы да атау туралы сұра­сақ. Бұл сәнге ілесу ме әлде жаңа тренд пе?

— Жалпы, жоғарыда атап өткенімдей, агенттіктің құрылымын қалыптастыру барысында алдын алу, ағарту және қыл­мыс­тық-құқықтық сипаттағы шараларды ұтымды үйлестірген шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың біршама табысты үлгілерін негізге ал­дық. Бұл — Қазақстанның сыбайлас жемқорл­ыққа қарсы жаңа стратегиясының шешу­ші басымдықтарының бірі саналатын мемлекет пен қоғамның күш-жігерін бірік­тіруге қажетті шарт. Серіктестік мүд­делер мен мақсаттардың сәйкестігі негізіндегі бір­лескен қызметтің жоғары қарқы­нын білді­ретіндіктен, әдепкі ынтымақтас­тық пен өзара әрекеттестікке қарағанда әлдеқайда нәтижелі болады. Серіктестік дегені­міз — бұл ортақ жауапкершілік пен бірлескен даму. Біз өз қызметімізде үкі­­мет­тік емес сектордың, бизнес-қоғамдастық­тың және сарапшылардың қарым-қабі­летіне сүйенеміз. Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл саласындағы және пара­сат­тылық мәдениетін насихаттаудағы жұмы­сы­мыздың алға басуы осының ай­ғағы. Біз қоғамдастықтың біздің жұмыс­қа қызы­ғу­шылығы мен жұмылуын бір­ша­ма кү­шейтіп, өзара ықпалдастықтың жаңа дең­гейіне шығарғанымызды мақтан тұта­мыз. Біздің арнайы мониторингтік топ­тар (еліміздің барлық өңіріндегі қоғам бел­сен­ділері), сыбайлас жемқорлыққа қар­сы бірінші медиа орталық, «Жаңару» қоғам­дық бірлестігі, «Қазақстанда парла­мен­­та­­ризмді дамыту қоры» ҚҚ, Nur Otan партиясының Жастар қанаты, пара­сат­ты­лық мәдениеті бойынша лекторлар пулы секіл­ді және т.б. сенімді серік­тес­теріміз бар.

Бұл ретте біздің 2015-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия­сын жүзеге асыруға сырттай сараптау мен бағалау жүргізетін арнайы мониторинг тобымен бірлескен жұмысымызды атап өтуге болады. Оған танымал қоғам қай­рат­керлері мен сарапшылар кірді. Өңірлерді қоса алғанда, бұл жұмысқа 3 мың­ға жуық адам тартылған. Біз оларға көп­теген игі бастамалары үшін ризамыз.

Өзгерістер драйверінің легіне біздің «Адалдық алаңы» жобасы да кіреді, оның аясында «Protecting business and invest­ments» және «Адал жол», «Саналы ұрпақ» бастамалары іске асырылуда. Бұл жоба тұрмыстық сыбайлас жемқор­лық­ты жоюға және түрлі саладағы жем­қорлық тәуекелдерін болдырмауға бағыт­талған. Мәселен, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым бюджетін пайдалану тиімділігін бағалау мақсатында «Пар­ла­ментаризмді дамыту қоры» ҚҚ бастамасымен және Нидерланд елшілігінің қар­жы­лық қолдауымен «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» (www.publicbudget.kz) еліміздің барлық өңірінде енгізілді.

Бір жылдан да аз уақытта «Адалдық алаңы» жобасының бастамасымен елімізде 686 open space кеңістігі, 70 сервистік әкім­дігі ашылды. Бұл тұтынушыға шынайы бағдарланған мемлекеттік сервиске өту бойынша ауқымды жұмыстың басы ғана. Мен тек бір-екі мысал келтір­дім. Қалай болғанда да, агенттік құрылы­мында Парасаттылық және Серіктестік департаменттерінің пайда болуын Қазақстанның құқық қорғау органдары үшін мүлдем тың оқиға деп бағалауға бола­ды. Бұл — біздің жұмысымыздағы басым­дықтардың әжептәуір өзгергенінің көрі­нісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында түбегейлі бетбұрыс пай­­да болғанының бастапқы белгілері. Тұр­ғын­дардың бұл індетке қатынасы өзгеріп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылықтардың саны азайып келеді. Демек, біздің бағытымыз дұрыс.

— Ал салада азаматтардың өтініш­тері­­мен қандай өзгерістер пайда болды?

— Президенттің тапсырмасына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, азаматтардың өтініштерін қарау тәсілдері түбегейлі қайта қаралды. Біздің мақсат — агенттікке шағымданған әр азаматтың үнін есту және тіпті мәселе біздің құзыретімізге кірмейтін жағдайда да көмектесуге тырысу. Мен азаматтарды апта сайын, ал менің орынбасарларым күн сайын қабылдайды. Басқа қаланың тұрғындарын қабылдау ыңғайлылық үшін видеобайланысы ар­қы­лы жүзеге асырылады, бұл олардың уа­қыты мен жол шығындарын үнемдейді.

Агенттіктің қызметкерлері азаматтық сектордағы біздің серіктестерімізбен бірлесіп, сондай-ақ «Халық заңгері» атауына ие болған ауқымды түсіндіру науқаны ар­қылы халыққа құқықтық көмек көр­сету үшін ауылдарға баруды бастады. Агент­тік­тің 1424 сall-орталығының операторлары аза­­мат­­тардың шағымдарын тәулік бойы қа­был­­дайды. Әлеуметтік желідегі кері байла­ныс тұ­рақты негізде қамтамасыз етіледі. Біз әр сауал­ды, әр өтінішті жан-жақты тал­қы­лап, ондағы мәселені шешуге тырысамыз. 3 мың­нан астам азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру — осының айқын дәлелі.

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan».

Поделитесь новостью с друзьями