Тынымсыз шаруалардың тынысы

Дата: 23 ноября 2019 в 10:42


Тынымсыз шаруалардың тынысы

Кеше облыс әкімі іссапармен Қарғалы ауданына барды. Сапар барысында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Сондай-ақ тұрғындармен кездесіп, өңірдің тыныс-тірлігін білді.

Жел электр станциясы: бағаның  төмендеуіне сеп 

Алдымен облыс басшысы бастаған топ Бадамша ауылында үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында салынып жатқан мектепке барды. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Сыйымдылығы 300 орындық білім ордасы пайдалануға берілгенде 70 орындық интернат та еңсе тіктейтін болады. Жобаның жалпы құны — 1,3 миллиард теңге. Былтыр 5,0 млн теңге аударылған. Биыл бөлінген қаражат көлемі — 400 млн теңге. Қазір құрылыс жұмыстарының 20 пайызы орындалған.
Облыс әкімінің «мектеп құрылысын салу барысында кедергі, мәселелер жоқ па?» деген сауалына құрылысқа жауапты мекеме басшылары ешқандай мәселе жоқтығын айтты. Мектеп келесі жаңа оқу жылында ел игілігі үшін пайдалануға берілмек.

Бұдан кейін облыс әкімі денешынықтыру  және сауықтыру  кешенінің құрылысымен танысты. Мердігер — «Би-М-72»  ЖШС. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Жоспар бойынша биыл аяқталуы тиіс. Дегенмен біраз уақыт бойы құрылыс баяу жүргізілген. Құрылыс жұмыстарының 70 пайызы ғана орындалған. Жалпы құны 265 млн теңгеге бағаланған құрылыс үшін былтыр небары 63,6 млн теңге бөлінген. Биыл бөлінген қаржы — 149,0 млн теңге. Мердігер мекеменің өкілдерінің айтуынша, жұмыс тек соңғы үш айдан бері ғана қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс басшысы Оңдасын Оразалин тиісті мекеме басшыларына, құрылысқа жауапты қызметкерлерге кешен құрылысын келісімшартта көрсетілген уақытта аяқтауды нықтап тапсырды.

— 31 желтоқсан күні болса да, биылдан кешіктірілмей, құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Сапар барысында облыс әкімі италиялық «Эни» компаниясы («Arm Wind» ЖШС) салып жатқан жел электростанциясының құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Жоба жетекшісі  Алекс Альфи Стиллавато облыс басшысын жұмыстың жалпы жоспарымен таныстырды (Шетелдік кәсіпкердің ағылшын тілінде айтқан сөзін орысша аудара бастаған аудармашыға облыс әкімі: «Қазақша аудара аласың ба?» деп сұрады. Аудармашы кібіртектеп қалып, қайтадан орыс тіліне аударуға көшті. Оңдасын Сейілұлы: «Қазақша білмесең, орысша аудармай-ақ қой» деп аудармашыны тыйып тастап, жоба жетекшісіне ағылшын тілінде сауалдар қойды. «Мен қазақ тіліне аударайын» деп компанияның басқа бір өкілі жоба жетекшісінің сөзін ағылшын тілінен қазақ тіліне аударуға кірісті).  Жобаның жалпы құны — 33 миллиард теңге (100 миллион АҚШ доллары). Қаржыландырушылар: «Eni» және General Electric компаниялары. Бас мердігер — «BI GROUP» корпорациясы. Жобаның қуаты — 48 МВт. Кезең-кезең бойынша тапсырылатын жобаның құрылысы былтыр басталған. «Эни» компаниясының өкілдерінің айтуынша, құрылыс монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде ішкі жолдар мен жел электр станциясы алаңының құрылысы бойынша жұмыстар толық  аяқталды. Жалпы мұнда 13 жел энергиялы құрылғысы орнатылады. Қазір олардың  барлығының да іргетастары құйылып болған. Сондай-ақ, 4 жел энергиялы құрылғының құрылысы да аяқталыпты. Ал 3-еуі салынып жатыр. Қалған 6 құрылғының құрылысын 2020 жылы  аяқтау жоспарланып отыр. Жел электр станциясы іске қосылса, электр энергиясы құнының төмендеуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл қоршаған ортаға зиянсыз жасыл экономиканы дамытуға негізделген.

Берекелі ауыл — Ащысай

Ауданға жұмыс сапары аясында облыс басшысы Ащылысай ауылында болды.  Ауылдық округтің орталығы Ақтөбе қаласынан 101 шақырым, Бадамшадан 55 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округке қарасты  4 елді мекен бар: Ащылысай, Преображеновка, Ақкөл және Бозтөбе ауылдары. Жалпы округте 1362 адам тұрады. Сондай-ақ, Ашылысайда 17 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Дәріхана, такси қызметі, кондитер цехы бар.

Облыс әкімі ауылдағы орта мектеп-балабақшасын аралап көрді. 1991 жылы пайдалануға берілген екі қабатты білім ордасының сыйымдылығы — 504 орын.  Мектепте 121 бала білім алады. Ал мұндағы балабақшаға 39 балапан барып жүр.
Оңдасын Сейілұлы мектеп ғимаратында ауылдағы ел-жұртпен емен-жарқын кездесу өткізді. Өз сөзінде ол аудан халқының жағдайын, тұрмыс-тірлігін көріп, білу мақсатында арнайы келгендігін тілге тиек етті.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында облысымызда кешенді іс-шаралар жоспары мен жобалар әзірленіп, жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.
Ащылысай ауылы Ақтөбе-Орск бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың бойында орналасқан. Ауыл тұрғындарының жақсы деңгейде өмір сүрулері үшін мемлекет жол, газ, электр жарығымен, ауызсу мен әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Ащылысай ауылы автомобиль жолымен, электр жарығымен, телефон байланысымен, ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілген, — деп облыс әкімі ауыл жұртшылығынан қандай ұсыныс, өтініштері бар екенін сұрады.
Ауыл тұрғындары бірауыздан әл-ауқаттарының  жақсы екенін, ауылда орталықтандырылған ауызсу жүйесі орнатылғанын, су құбырының әр үйге тартылғанын, ауызсудың сапалы екендігін, ауыл мен Ақтөбе аралығындағы жолдың да сайрап жатқанын, соның арқасында бұрын 3-3,5 сағатта әрең жететін облыс орталығына енді 1-1,5 сағатта баратынын айтты. Тұрғындардың айтуынша, такси қызметіндегі көлік жүргізушілер де мінсіз қызмет көрсетеді. Жолаушыларды үйлерінен алып кетіп, қаладағы қалаған жеріне дейін жеткізіп тастайды екен.

Негізінен мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын ащылысайлықтар өнімдерін Ақтөбеге апарып өткізеді.
«Мал ұрлығы жоқ па? Құқықбұзушылық, қылмыс бар ма?» деген облыс әкімінің сұрағына ауыл тұрғындары ауылда ұрлық-қарлық, бұзақылықтың жоқтығын, ауыл халқы берекелі де тату тірлік кешіп жатқанын жеткізді. Қазір Ащылысайда 18 ұлттың өкілі тұрады. Тұрғындардың қалаға, өзге елді мекендерге үдере көшіп кету дерегі жоқ. Өсім бар.

«Степное» ЖШС директоры Аманқос Төлеуов Ащылысай Кеңес өкіметі тұсында да үлгілі ауыл болғанын, сол берекелі тірлік әлі күнге дейін сақталып, түрлі ұлттың өкілдері мекендейтін ауылдың айрандай ұйып отырғанын айтты.

Кездесуде Ащылысай ауылдық округіне қарасты Бозтөбе ауылының тұрғыны сөз алып, Бозтөбені Әлімбет ауылдық округіне қосу жоспарланғанын, ал бозтөбеліктер үшін ауылдарының Ащылысай ауылдық округінің құрамында болуы маңызды екенін айтып, мәселені шешуге көмек көрсетуін сұрады. Облыс әкімі тұрғындардың талап-тілектері ескерілетінін, сол себепті бұл мәселенің оң шешілетінін айтып, бозтөбеліктерді қуантып тастады.
Ащылысай ауылы тұрғындарының да бір-ақ қана өтініш-тілегі бар. «Ауылға көгілдір отын берілсе екен», — дейді олар. Оңдасын Сейілұлы ауыл халқының ұсынысына қолдау білдіретінін, келесі жылы газ құбырын тарту мәселесі шешілетінін айтты.

— Әлімбет, Ащылысай ауылдарын газбен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде, бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда аталған жоба Энергетика министрлігіне жолданып, 2020-2022 жылдары 1,2 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, — деді Оңдасын Оразалин.

Мұны естіген ащылысайлықтар риза болып, облыс әкіміне алғыс жаудырды.
Халықпен кездесуден кейін Оңдасын Оразалин ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Екі өтініш айтылды. Тұрғындардың бірі Ащылысайдағы мектеп маңындағы көшелерді жарықтандыру мәселесін көтерсе, екіншісі жастар тәжірибесімен жұмыс жасағанын, Бадамшадағы аудандық ауруханада еңбек еткісі келетіндігін жеткізді. Облыс әкімі өз сөзінде балалар қауіпсіздігі үшін тез арада мектеп маңына қосымша шамдар орнату керектігін, ал келесі жылдан бастап ауылды жарықтандыру жобаларының жүзеге асырылатынын айтты. Сондай-ақ жас маманға қолдау, көмек көрсетілетінін жеткізді.
Бұдан соң Оңдасын Оразалин шекара кеден бекетінің (Ресей Федерациясы Орск қаласы) Қазақстан бағыты маңында салынатын кемпингтің жұмыс жоспарымен танысты. Жеке кәсіпкер Марат Убайдуллин аукционға қатысып, жеңімпаз атанған. Жоба құны — 300 миллион теңге. Мұнда қонақүй, дүкен, жанар-жағармай және газ құю бекеті, сақтандыру, көлік жуу орталықтары болмақ.
— Бұл кемпинг кеден маңында орналасады. Яғни шетелден келген жолаушылар осы кемпинг арқылы, облысты, тіпті елімізді бағалайды. Сол себепті, заман талабына сай салуға, мінсіз қызмет етуге бар күшімізді саламыз, — деді кәсіпкер. Жолаушыларға арналған орынның құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталады.  Жеке  кәсіпкер облыс басшысына  су мәселесінің  қиындық тудырып отырғанын айтты. Оңдасын Оразалин аудан әкімі  Асқар Жүсібәлиевке  түйткілді тез арада шешіп, кәсіпкерге барынша қолдау  көрсетуді тапсырды.

Кәсіпкері көп округ

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Қосестек ауылына барды. Округте жалпы саны 1600-ге жуық адам тұрады. Шағын ғана ауылда 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік («Қос-ИстекАГРО», «Нұрбұлақ», «АктюбСтройТехМонтаж»)  және 35 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, 62 жеке кәсіпкер бар.

Оңдасын Сейілұлы ауылда салынып жатқан 150 орындық Мәдениет үйінің құрылысымен танысып, ғимарат бөлмелерін аралап көрді. Жобаның мердігері — «ENERGY of  TIME»  ЖШС. Құны –— 50 млн теңге. Ағымдағы жағдайы: құрылыс жұмыстары бұдан екі жыл бұрын басталған. Дегенмен, осынша уақытқа дейін құрылыс жұмыстары аяқталмай, созылып келген. Әңгіме арасында ауылдық округ әкімі әлсін-әлсін облыс әкіміне жобаға қолдау көрсеткені үшін алғыс айта берді. «Қолдау білдіргеніңіздің арқасында құрылыс жұмыстары аяқталатын болды. Ауыл халқының барлығы қуанып жатыр», — деді Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетова.  Ол Мәдениет үйі 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні пайдалануға берілетінін айтты.

Оңдасын Оразалин Қарғалы ауданы әкімі  Асқар Жүсібәлиевке Қосестек ауылдық округі бойынша ауылішілік жолдарды орташа жөндеуден өткізу, жарықтандыру жұмыстарын   жүзеге асыруды тапсырды.
Айта кету керек, Қарғалы ауданының биылғы даму бюджеті — 1,3 млрд теңге. Аудан орталығы Бадамша ауылының 14 көшесінің су құбырына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, биылғы жылы 4 көшеге асфальт жабындысы төселді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Поделитесь новостью с друзьями