Тұрғындар тұрмысы — басты назарда

Дата: 02 ноября 2019 в 13:22


Тұрғындар тұрмысы — басты назарда

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мұғалжар, Темір аудандарында болып, әлеуметтің жай-күйімен танысты. Тұрғындармен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, нақты жауаптар берді.

Басшиліге газ жетті

Облыс әкімі алдымен Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы 5 қабатты 90 пәтерлі тұрғын үйдің қайта жаңарту жұмыстарымен танысты. Құрылыс жұмыстарын келісім шарт бойынша «Бабек-Құрылыс» ЖШС жүргізіп жатыр. Қараша айында пайдалануға берілетін тұрғын үйдің негізгі жұмыстары аяқталған. Қазір ішкі сылақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі Асқар Шерияздановтың айтуынша, жаңартылған үй баспана кезегінде тұрған көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектер мен ауған соғысы ардагерлеріне беріледі. Мұғалжар ауданы бойынша бүгінгі таңда 1341 адам пәтер кезегінде тұр. Ал жыл соңына дейін 130 пәтер пайдалануға берілмек.

Бұдан соң өңір басшысына Қандыағаш қаласындағы Байғанин, Теміржолшылар, Қалиев және Жұбанов көшелерінің кәріз жүйелерін қайта жаңғырту бойынша жүргізілетін жұмыстар барысы таныстырылды. Аталған көшелерге кәріз жүйелері жүргізілген жағдайда 334 жеке тұрғын үй, 8 екі қабатты 8 пәтерлі тұрғын үй, 7 әлеуметтік нысан кәріз жүйесімен қамтылатын болады. Бүгінгі таңда жалпы құны 169,2 миллион теңге болатын жобалық-сметалық құжаты дайын. Келесі жылға қаржы бөлінген. Жағдаймен танысқан Оңдасын Оразалин жұмыстарды келер жылы қар кетісімен бастап, жыл аяғына дейін аяқтауды тапсырды.

Аудан әкімі облыс басшысына қаланың аулаларын абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы да айтып берді. Бүгінгі таңда аудан орталығында 53 көше болса, оның 44 пайызы, яғни 23 көше асфальтталған. Ал тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 93 бейнекамера орнатылыпты. Оңдасын Оразалин бейнекамераларға қатысты жұмысты нағыз мамандармен ақылдаса отырып жасау керектігін айтты. Қыруар қаржы жұмсалатын жұмыстың сапасына да мән беру керектігін еске салды.

Сапар барысында облыс басшысы Қандыағашта  салынып жатқан жаңа саябақ алаңында болды. Құрылыс жұмыстарын «Ғимарат+1» ЖШС жүргізіп жатқан саябақ халық игілігіне келесі жылы берілмекші. Демалыс орнының бүгінгі таңда 70 пайызы дайын. Демалыс орнында орындықтармен қатар, Мәңгілік алау, Батырлар аллеясы болады.

Бұдан соң облыс әкімі Басшилі ауылына барып, тұрғындар қуанышымен бөлісті. Ауданның Еңбек ауылдық округіне қарасты ауылға газ келді. Ауылға газ жүргізу жұмыстарымен айналысқан «Ақсаток» ЖШС өздеріне тиісті жұмысты уақытында аяқтады. Осылайша, 800-ден астам тұрғыны бар Басшилі отын мен көмірдің қиыншылығынан құтылды.

Мерекелік шараға қатысып, сөз алған Оңдасын Оразалин ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышты күндерімен құттықтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында басты бағыт әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған.   Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 85 пайызы газбен, 95 пайызы ауыз сумен қамтылған. Ал Мұғалжар ауданы бойынша тұрғындардың 88,3%-ы көгілдір отынның рахатын көруде. Тек биылғы жылдың өзінде Басшилі, Темір-көпір сияқты ауылдарға газ құбырлары салынып, пайдалануға беріліп отыр. Халықты газбен қамту жұмыстары қомақты қаржыны қажет етсе де, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.

Міне, бүгін Басшилі ауылы тұрғындарының газ құбырына қосылуы қуанышына куә болып отырмыз. Осынау есте сақталар елеулі сәтте газ құрылысының жұмысын жүргізген құрылысшыларға алғыс айта отырып, ауыл тұрғындарын жағымды жаңалықтарымен құттықтаймын, — деген облыс әкіміне ауыл ақсақалдары ауыл тұрғындары атынан өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.

Бұдан соң Оңдасын Оразалин Сағашилі ауылындағы «Ramco Holding» ЖШС аз тонналы мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты. 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын дизельдік отын, мазут, жеңіл және орташа мұнай дистипляттарын өндіреді. Қуаттылығы жылына — 96  мың тонна. Шығарылған өнім елімізден өзге ТМД елдеріне экспортталады. Қазіргі таңда компания Синельниковское мұнай-кен орнын бұрғылауды бастаған. Орташа еңбекақы көлемі — 170 мың теңге. Зауыттың жұмысымен танысып, жұмысшыларымен тілдескен өңір басшысы компания басшылығына жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы төлеумен қатар, көтеру мәселесін де естен шығармау керектігін айтты.

Сондай-ақ бұл күні өңір басшысы Талдысай ауылы аумағындағы карантиндік экспуатациялау алаңында болды. «ҚазАгроӨнім» АҚ меншігіндегі алаңды қой бордақылаумен айналысатын «Арман-М» ШҚ меншігіне алуды жоспарлайды. Қожалық басшысы  Қазбек Әлішов облыс әкіміне «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қолға алған жұмыстарын  айтып өтті. Кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені  субсидиялау және кепілдендіру  түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.

Айта кетейік, Талдысай ауылдық округі аумағында бүгінгі таңда  33 шаруақожалық, 2 өндірістік кооператив жұмыс жасайды. Ауданда жыл санап шаруа қожалықтар саны артып келеді.

Облыс басшысы осы ауылдағы  Талдысай жалпы орта мектебінде болып, 95 бала білім алып жатқан мектеп ғимаратының жағдайымен танысты. 1967 жылы бой көтерген ғимараттың орнына  жаңа 100 орындық  білім ошағын салу үшін басқа аумақтан жер бөлініп жобасы әзірленген. Оңдасын Оразалин Мұғалжар ауданының әкіміне келесі жылы жаңа мектептің құрылысын бастау керектігін айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі мектеп кітапханасына жеке кітап қорынан әдеби оқулықтарды сыйға тартты.

«Тұрғындардың бірде-бір өтініші жерде қалмайды»

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің жұмыс сапары түстен кейін Темір ауданында жалғасты.

Алдымен Ақсай ауылына келген облыс әкімі ауылдағы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған су мұнарасының жұмысымен танысты. 2016 жылы жоба бойынша 4 су ұңғылары қазылып, 14,5 км су желілері жүргізілген. Бүгінгі таңда су құбырлары арқылы 800-ден астам тұрғын үй ауыз сумен қамтылып отыр. Судың тариф бағасы жеке тұлғаларға — 123,76 теңге, ал заңды тұлғалар үшін 277, 19 теңге.

Бұдан соң Оңдасын Оразалин ауылдағы Н.Байғанин атындағы мектеп-балабақшасына барды. Іргетасы 1981 жылы қаланған білім ордасы 2016 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бүгінгі таңда 105 оқушы білім алады. Ал балабақшада 28 бала тәрбиеленуде. Облыс әкімі мектеп-балабақшаның ішін аралап, мектеп ұстаздарымен тілдесті.

Бұдан соң мектепте ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың кез келген сұрақтары мен өтініштері тыңдалатындығын, ауылға келудегі басты мақсаты да сол екендігін айтты.

Ауыл ақсақалдары ауылға көгілдір отын қашан келетінін сұрап, интернет желісі мен Шығырлы ауылында ұялы телефон байланысы жоқтығын айтты.

— Көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды. Президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмаларында да осы салалар басты назарға алынып, ерекше көңіл бөлініп отыр.  Соңғы кездері Ақтөбе облысында бірқатар іс-шаралар қолға алынып, халық игілігі үшін ізгі шаралар атқарылу үстінде. Газ мәселесі бойынша бүгінгі таңда құжаттар толық дайындалды. Алдағы жылы бұл шаруаны толықтай шешіп беретін боламыз. Ал интернет жылдамдығын арттыру мақсатында 2020 жылға қаражат қарастырылды. 2020 жылдың наурыз айында құрылыс монтаж жұмыстары басталады деп жоспарлануда, — деген Оңдасын Оразалин барлық мәселелердің өз ретімен шешім табатындығын жеткізді.

Қазіргі таңда әкімшілік-аумақтық өзгерістер енгізу арқылы Шығырлы ауылдық округі таратылып, Ақсай ауылдық округіне қосылды. Халық саны өсіп келеді. Қазіргі таңда «Кар-Тел» компаниясы Шығырлы ауылын 2020 жылы ұялы байланыспен қамту мәселесін қарастыруда.

Бұдан соң аймақ басшысы Бірлік ауылдық округіндегі  «Сәт»шаруа қожалығында болды.1998 жылы құрылған шаруа қожалықта  бүгінде 436 бас ірі қара, 1112 бас қой және 274 бас жылқы бар. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 40,0 миллион теңгеге 200 бас «Ангус» асыл тұқымды ірі қара алған. Қожалық иесі кәсіпкер Амантай Аймағамбетов жақында сауапты іс жасап, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өз қаражатына ауылға Шығырлы өзенінен өтетін көпір салып берген.

Сапар соңында облыс әкімі Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов пен Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетовке аудандағы құрылысы аяқталмаған нысандардың жұмысын уақтылы әрі сапалы аяқтауды, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіріп кәсіппен айналысуға шақыру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты. Сонымен қатар Президент тапсырмаларына сай, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын арттыру бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін тапсырды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Поделитесь новостью с друзьями