Популярные темы

Білім сапасына мән берген жолдау

Дата: 22 октября 2019 в 10:32


Білім сапасына мән берген жолдау

Жолдаудың негізгі өзгешелігі — халықтың қойып отырған талап-тілектерінің бәрі айтылғандығында. Жалпы мемлекеттің дамуы үшін үш тетік керек — халықтың денсаулығы, білімі және әлеуметтік жағдай. Олар шешілмей, біз ешқашан өркениетті қоғамға жете алмаймыз.

Білім беру жүйесі өте үлкен реформалар мен модернизацияның алаңына айналып отыр. Елімізде 137 жоғары оқу орны бар екен…

Жолдауда білім беру сапасын жақсартуға ерекше мән берген. Мысалы, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығы, көпбалалы отбасылардағы балалардың білім алуы, дарынды баланың қабілетін дамыту, мұғалімдердің жалақысын көбейту, оқулық сапасы, тағы басқа өзекті мәселелерді көтерді. Президент түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отырғанын, егер одан төмен болса, онда ол оқу орнының жабылатынын қадап айтты. Оған қоса Мемлекет басшысы терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екенін және оларды түгелімен тоқтататынын ескертті. Сонымен қатар Президент өз сөзінде: «Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайын жаңғыртуға кірісуіміз қажет» деп,  «Дипломмен — ауылға» бағдарламасын қайта жандандырып, жетілдіруге кірісіп кетті. Президенттің әр тұжырымы, әрбір тапсырмасы біздің көкейімізден шықты. Бұл Жолдау білікті мамандарды даярлауға мүмкіндіктер беріп, сонымен қатар ел тұрмысын жақсарта түсудің жаңа белестері деп айта аламыз.

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,

С.Бәйішев университеті,

 Білім берудің жоғары мектебінің деканы, п.ғ.к., доцент.

ОҢ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мейлінше мән берілген.

Соның ішінде ішкі істер саласына қатысты мәселелер де айтылды.

Президент: «Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады», — деп атап өтті.  Сондай-ақ ішкі істер саласын реформалауға 170 миллиард теңге қаражат бөлінетінін атап көрсетті. Бұл жалақыны көбейтуге, кәсіби біліктілікті арттыруға, халықпен байланысты нығайта түсуге ықпалы зор фронт-офистерді ашуға жұмсалмақ.

Мұның барлығы өз қызметімізде жариялылықты сақтай отырып, полиция мен халық арасындағы  ынтымақтастықты, елдің ішкі істер саласына деген сенімі мен үмітін ақтауға және қоғамдағы тыныштықтың өз дәрежесінде сақталуы жолында нәтижелі жұмыстың жандана түсуіне апарар жол деп санауға болады.

Әрине, қоғамдық тыныштықты сақтау, халықтың алаңсыз өмір сүріп, өздерін қауіпсіз сезіну жолындағы міндетіміз қашанда басты назарда.

Сондықтан барынша қамқорлық танытқан ел Президентінің бастамасына қолдау білдіріп, Жолдауда айтылған әрбір сөздің нақты іске айналатынына сенеміз.

Бауыржан АМАНДЫҚОВ,

Әйтеке би аудандық ішкі істер

бөлімінің бастығы,

полиция подполковнигі.

ҮЛКЕН ҮМІТ СЫЙЛАДЫ

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын үлкен қызығушылықпен тыңдадық. Жолдауда азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне, өмірлік маңызды мәселелерге баса мән берілгені көңіл қуантты.

Қазақстан халқы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының өз ерекшелігі бар. Президент Жолдауы — қазақстандықтардың жақсы тұрмысы ғана емес, сондай-ақ алаңсыз болашағы да ойластырылған құнды құжат екенін атап өтуіміз керек. Әсіресе, Қазақстан Президентінің: «Мен халыққа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын!», — деген сөзі халыққа үлкен үміт сыйлады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі уақытта бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын атап өтті. Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды дамыту мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың денсаулығы үшін аса маңызды екені айтылды. Бұл медициналық қызметтің сапасына да айрықша сеп болатыны назардан тыс қалмады.

Ана мен бала өлімін мейлінше болдырмау жайы да тілге тиек етілді. Ол үшін де бірқатар жаңа жобалар, бағдарламалар қолға алынатыны белгілі. Бастысы, мәселе күн тәртібіне қойылды.

Динара ҚОБЛАН,

аудандық орталық аурухананың дәрігері.

Темір ауданы.

БҰЛ — НАҚТЫ КӨМЕК

Қазақстан азаматы ретінде елдегі болып жатқан жағдайларға бейжай қарамаймын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көпбалалы отбасыларға жағдай жасау үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді.

«Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет. Мәселен, бастапқыда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс. Табысы аз адамдар  бұған қатыса алмай отыр. Сондықтан биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл — өте тиімді жеңілдік», — делінген Президенттің биылғы Жолдауында. Сондай-ақ, Президент кезекте тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керектігін нығыздап айтып, Үкіметке тапсырма берді.

Таныстарымның кейбірі осы «Бақытты отбасы» бағдарламасының игілігін көріп, үйлі болып жатыр. Мен де қатты қызықтым. Ендігі мақсатым — осы бағдарлама арқылы баспаналы болу. Жақында облыстық «Ақтөбе» газетінен «Бақытты отбасы» туралы оқыдым. Өзімнің бұл бағдарламаға қатыса алатын санатқа жататынымды білдім. Енді құжаттарды дайындауым керек.

Жалпы, соңғы уақытта көпбалалы отбасыларға жасалып жатқан Үкімет қамқорлығына риза болып жүрмін. Айталық, алдағы жылдан бастап бала үшін төленетін жәрдемақының табыс көлеміне қарамастан берілетіні көңіл қуантты.

Өзім төрт баланың анасымын. Үлкенім — студент. Алматыда оқып жүр. Қалғандары — оқушылар. Әрине, осы балалар үшін жүрміз ғой бәріміз. Солардың болашағына алаңдаймын.

Айгүл КҮЗЕМБАЕВА,

Еңбек негізгі орта мектебінің мұғалімі,

Мұғалжар ауданы.

Поделитесь новостью с друзьями