Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Педагогтер мүддесін қорғайтын ұйым

Дата: 10 октября 2019 в 11:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Педагогтер мүддесін қорғайтын ұйым

Облыстағы ірі кәсіподақ ұйымдарының бірі — Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласының білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы. 13 мыңға жуық мүшесі бар қоғамдық бірлестік жұмысшы мүддесін, педагогтер мүддесін қорғауда үлкен іс тындырып жатыр. Бір ғана мысал, 2016 жылдан бастап бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгенде балабақшалардағы тәрбиешілердің көмекшілеріне бұрынғы еңбекақыларынан тым төмен жалақы есептелінген. Бұл, әрине, тәрбиеші көмекшілерінің наразылығын туғызды. Мүшелерінің мүддесін бірінші кезекке қоя білген аталған кәсіподақ ұйымы бұл мәселені республика деңгейіне дейін көтеріп, нәтижесінде Үкіметтің қаулысына өзгеріс енгізілді. Ел Үкіметінің 2016 жылғы 30 мамырдағы №305 қаулысына сәйкес мектепке дейінгі білім беру мекемелері тәрбиешілерінің көмекшілерінің жалақысы 30 пайызға артты.

Біз 10 қазан — Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесі қарсаңында Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласының білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Лида Оралбаевамен кәсіподақтың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелескен едік.

Үкімет қаулысы және көмекшілер жалақысы

— Кәсіподақтың негізгі мақсаты —  жұмысшылардың мүддесін қорғау, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы еңбек қатынастарын бақылау. Кәсіподақ — бақылау органы емес, қоғамдық бірлестік. Дегенмен, әкімдікпен, еңбек инспекциясымен бірлесіп жұмыс жасаймыз, — дейді Лида Шайғазықызы.

Жыл өткен сайын аталған кәсіподақ ұйымының мүшелерінің саны артып келеді.  Қазірде бұл кәсіподаққа 12 870 адам мүше. Оның 80 пайызы — білім беру ұйымының қызметкерлері. Қалғандары — түрлі саланың қызметкерлері.

—Мектептегі педагогтер еңбекақыны уақытында алады. Кешіктіріп алатындар — мектепке дейінгі мекемесіндегі қызметкерлер.  Ақтөбе қаласындағы кейбір балабақшаларда жұмысшылардың жарналары зейнетақы қорларына 5-6 ай бойы аударылмай қалған. Мысалы, біз тексерген «Жарқын» балабақшасында барлық қызметкердің  зейнетақы қорына  жарнасы жарты жыл бойы аударылмапты. Соның салдарынан мұндағы кейбір тәрбиешілер ипотекаға пәтер ала алмай қалды. Біздің араласуымызбен бір күнде зейнетақы қорларына ақша аударылды. Ал зейнетақы қорына аударылуы тиіс қаражат мекеменің коммуналдық төлемдерін төлеуге жұмсалған, — дейді кәсіподақ төрайымы.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік сала қызметкерлеріне  арналған еңбекақы төлеу жүйесі өзгергені белгілі. Мұнда да жалақыға қатысты мәселелер туындап, аталған кәсіподақ ұйымының тікелей араласуымен түйін шешіліпті. Бұл туралы Лида Шайғазықызы былай дейді:

— Жүйе енгізілместен бұрын облысқа сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі іссапармен келіп, жобаны таратып, оны ұжымдарда талқылап, ұсыныстар беруімізді айтқан болатын.  Біздің тапқан қателік — алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері классификаторға енбей қалған. Ұсынысымыз ескеріліп, түзету енгізілді.  Сөйтіп, 2016 жылы қаңтардан бастап жаңа жүйе бойынша жалақы берілді.  Жалақы қолдарына тиісімен, мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілердің көмекшілері кәсіподаққа жүгіріп келді. Олардың жалақысы бұрынғы алған жалақыларынан 5-6 мың теңгеге төмендеп кеткен. (Бұл қателік білім беру ұйымдарындағы есепшілердің жобаны талқылап, саралауға селқос, немқұрайлы қарауының салдарынан болды). Осыған байланысты біздің кәсіподақ Мәжіліс депутаттарына хат жазды. Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғановтан жауап хат алдық. Халық қалаулысы хатында Үкіметтің қаулысына сәйкес еңбекақы көтерілген кезде кейбір мамандардың жалақысы төмен түсіп кетсе, бұрынғы еңбекақысы сақталуы керектігін жазған. Осыған сүйеніп, төрт ай бойы: қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір айларында  тәрбиешілердің көмекшілеріне бұрынғы жалақысы төленді. Содан кейін 2016 жылы мамырдың 30-ы күні Үкіметтің №305 қаулысы шықты. Осы қаулыда: «Мектептке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілердің көмекшілеріне жалақы 30 пайыз көлемінде көбейсін» деп көрсетілген. Сөйтіп, тәрбиешілердің көмекшілерінің жалақысы артты. Бұл — біздің кәсіподақтың  еңбегінің жемісі.

Педагог жалақысы 18 мың теңге?

Биыл аталған кәсіподақ ұйымы қалалық прокуратураға оннан астам мәселені ұсыныпты. Оның басым бөлігі — мұғалімдерді аттестациялау бойынша туындаған мәселелер.

— Педагог қызметкерлердің біліктілігін тестілеутек қана мектеп мұғалімдері арасында өткізіледі. Бұдан балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері шет қалып отыр. Соның салдарынан олардың еңбекақыларына үстемеақы қосылмайды.

Мектептердегі жоғары санатты педагогтерге тестілеу тапсыруға үш рет мүмкіндік беріледі. Біріншісінде өтпей қалса, екінші рет тапсырады. Онда өтпесе, үшінші рет мүмкіндік беріледі. Дегенмен, одан да сыннан өтпесе, онда оның барлық санаттары жойылып, санатсыз қалады. Бұл талап педагогтің жылдар бойғы еңбегін зая кетіреді. Жастардың педагог болуға деген қызығушылығын төмендетеді.

Аттестация барысында педагог тестілеуден өтеді, дегенмен дайындаған портфолиосы талапқа сай емес. Мұндай жағдайда да педагог аттестациядан өтпей қалады. Заңды сұрақ туындайды:мұғалімді босқа әуре еткенше, неге осы екі кезеңнің орнын алмастырмаймыз? Бұл мәселе бойынша да педагогтерден шағым көп.

Күрделі мәселелердің бірі — педагогтердің базалық лауазымдық еңбекақысы 15 жылдан бері өзгерген жоқ. Мұның мөлшері небары 18 мың теңгенің көлемінде ғана.

Біз көтерген мәселенің бірі — кітапханашылар мүддесі. Бұрын (Үкіметтің №1400 қаулысына сәйкес) мектеп кітапханашылары педагогтермен теңестірілген еді. 2014 жылы «Білім туралы» Заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін кітапханашылар педагогтерге теңестірілген лауазымнан алынып қалды. Бұрын кітапханашылар мұғалімдермен бірге аттестациядан өтті, соған сәйкес жалақысы артты, еңбек демалысы да көп болды: 56 күн демалды. Енді оларға азаматтық қызметші ретінде небары 30 күн еңбек демалысы беріледі. «Еңбек» Кодексінің 139-бабында азаматтық қызметшілер туралы жазылған. Онда мектептің есепшісі де, кітапханашысы да, іс жүргізушісі де азаматтық қызметшіге жататындығы көрсетілген. Ал азаматтық қызметші әрбір 5 жыл сайын аттестациядан өтуі керек. Осы заңның бір талабы тағы да орындалмай отыр.

Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы №57 бұйрығына сәйкес мектеп директорлары лауазымына директорлар конкурспен алынады. Сондай-ақ, мектеп директоры лауазымындағы қызметкер 5 жыл сайын конкурсқа түседі.

3 жыл бойы министрлікке ұсыныс жазып, ақыры өзгерту енгізуге ықпал еттім. Өйткені, Білім және ғылым министрлігінің бұл бұйрығы «Еңбек» Кодексіне қайшы болды. Аталған Кодекске сәйкес, тек қана бос тұрған директорлық лауазымды орындарға ғана конкурс жариялануы тиіс. Ал жұмыс жасап жатқан директорлардың үстінен конкурс жариялау — Кодекске қайшы.

Оқу жылының басталғаны күні кеше ғана. Дегенмен, педагогтер тарапынан еңбек қатынасының бұзылуына байланысты шағымдар түсіп жатыр. Мысалы, қаладағы №55 және №60 мектептің педагогтерінен арыздар түсіп, сотқа жеткізбей мәселені шештік, — дейді Лида Оралбаева.

Аталған кәсіподақ ұйымы «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасына 15 ұсыныс беріпті. Мысалы, мектептердегі жұмыс күнін анықтау. Қазір бізде кейбір мектептер бес күн, кейбірі алты күн жұмыс жасап жатыр.  Сондай-ақ, базалық лауазымдық жалақының көлемін ең төменгі жалақы мөлшеріне дейін көтеруді ұсыныпты. 15 жылдан бері базалық лауазымдық еңбекақы — 18 мың теңгенің көлемінде. Ал ең төменгі жалақы — 42 500 теңге.

— Сынып жетекшілік жұмысқа төленетін ақының өскенін де қалаймыз. Қазір сынып жетекшілігі үшін төленетін ақша 5000 теңге (бала санына қарамастан). Бұқаралық көпшілік шараларға педагогтердің қатысуын міндеттеуді алып тастауды да ұсындық. Сенбілікке қарсылығымыз жоқ. Дегенмен, біздің мұғалімдер мектептің аумағын емес, қала көшелерін тазалап кететіні бар. Тағы бір ұсыныс — «Білім туралы» Заңның 7-тарауы педагог мәртебесіне арналған. Біздіңше, педагог мәртебесі туралы арнайы заңның қажеті жоқ. Осы 7-тарауға толықтырулар мен өзгертулер енгізілсе жақсы болар еді. Әйтпесе, бүгін педагогтерге арналып заң шықса, ертең шахтерлар мен дәрігерлер де өз алдына заң қажет деп ұсыныс айтулары мүмкін ғой, — дейді кәсіподақ төрайымы.

Жарна және көмек

— Педагогтерге материалдық көмек көрсетеміз. Екі жыл қатарынан су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қолдау көрсеттік. «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік педагог», «Үздік тәрбиеші» секілді қалалық деңгейде өтіп жатқан түрлі шараларға атсалысамыз. Күні кеше ғана Өнер орталығында ұйымдастырылған Ұстаздар күніне арналған шараға 4 миллион 800 мың теңге аудардық. Қаладан 27 педагог марапатталды. Әрқайсысына 100 мың теңгеден берілді. Залды безендіру, гүлдер, басқа да қажеттіліктерді алдық.

Білім беру мекемелерінің 50 жылдығы, 70 жылдығы деген секілді мерейтойларына бағалы сыйлықтар тарту етеміз. Сондай-ақ, сол мекемедегі оншақты педагогті марапаттаймыз.

Біздің кәсіподаққа қарасты 1200 еңбек ардагері бар. Олардың барлығы бізден еліміздің шипажайларына 50 пайыз жеңілдікпен жолдама алады. Жалпы биыл біз 13 миллион теңгеге кәсіподақ мүшелерінің демалуы үшінжолдама бердік.

Кәсіподақ мүшелерінің еңбекақыларынан 1 пайыз жарна алынады. Сол бір пайыздан құралған жарналардың 70 пайызын білім беру ұйымдарының өздерінің қажеттіліктеріне жұмсаймыз. Мысалы, ірі мекемелерден ай сайын 100 мың теңге түссе, соның 70 мың теңгесі сол мекемеге қайтарылады. Көптеген мектептерде педагогтер тынығатын кабинеттер бар. Ал бұл осы жарнадан түскен қаржыға жабдықталған.

Жақында бір мемлекеттік мекеменің басшысы орынбасарынан сәлем айтып жіберіпті. «Жарнадан ай сайын 15 миллион теңге түседі екен. Ол ақша қайда кетіп жатыр? Тексертемін» депті. Бізге ай сайын 15 миллион теңге түспейді. Түсетіні — 8 миллион теңге. Менің арым таза. Дұрыс жұмыс жасамасам, 16 жыл бойы осы ұйымды басқармас едім. Қазір 11-інші білім бөлімінің басшысымен жұмыс жасап отырмын. «Кәсіподақтар туралы» Заң бар. Оның 5-тармақшасында кәсіподақ мемлекеттің алдында, ал мемлекеттік орган кәсіподақтың алдында жауапты еместігі көрсетілген. Біз өзімізді басқаратын кәсіподаққа, салық басқармасына, кәсіподақ мүшелеріне жауап береміз, — дейді Лида Оралбаева.

P.S.

Күні кеше ғана аталған кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен «Рахат» мейрамханасында 100 ардагер ұстазға құрмет көрсетілді. Шара барысында бір топ  ардагерге, жас мамандарға сыйлықтар тарту етілді. 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями