Ақпараттық насихат тобы ауылдарға барды

Дата: 03 октября 2019 в 11:32


Ақпараттық насихат тобы ауылдарға барды

Жолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын түсіндіру мақсатында облыстық ақпараттық-насихат тобы Мұғалжар ауданында болып қайтты. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев бастаған топтың құрамында ақын Мейірхан Ақдәулетұлы, мемлекеттік қызмет ардагері Қанатбай Елеусіз және С.Бәйішев университетінің білім берудің жоғары мектебінің деканы Абай Дүйсенбаев болды.

Алдымен Ақкемер ауылында болған кездесуде топ мүшелері биылғы Жолдаудың халыққа маңызды тұстарын, білім, әлеуметтік салаға қатысты бағыттарын жалпақ тілмен ұғынықты түрде айтып өтті. Аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан Ақкемер ауылында 4 елді мекен бар. Округ бойынша халық саны — 3286. 67 шаруа қожалығы болса, оның төртеуі егін салады. Диқандар күзгі жиын-терінін сол ауылдағы элеваторға әкеліп тапсырады. Сонымен қатар облыс орталығы мен өзге аудандарға сатады. Қысқы мал азығының бұл түрін ақкемерліктер қолжетімді бағамен алады. Село көгілдір отын, ауызсумен қамтылған. Округ әкімі Дамир Қожаниязовтың айтуынша, орталыққа жақын Елек, Жарық ауылдарына келесі жылы ауызсу құбыры тартылады. Сондай-ақ көгілдір отын жеткізуге құжаттар дайындалып жатыр. Ауыл жастары мемлекеттік бағдарламалармен кәсіптік білім алып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізуде. Қазір жиһаз жасау, пластикалық есік-терезе дайындаумен айналысып жүрген жастар бар.

Ақпараттық-насихат тобының мүшелері облыстың ахуалын бес саусағындай білетін, ұзақ жыл қызмет атқарған әр саланың өкілдері. Сондықтан олар өткен жылдармен салыстырғанда қазіргі кезеңде билік пен халықтың жақындасуы, тұрақты диалог орнатуы  тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғандығын жеткізді. Өздерінің өмірлік тәжірибелерінмен бөлісе отырып табысқа, қызметке, құрметке қалай қолы жеткендерін әңгімелеп берді.

— Қазір қоғамдық мәселе болсын, жеке бастың пікірі болсын, кез келген басшыға хабарлауға әркімнің мүмкіндігі бар. Одан бөлек әлеуметтік желілер арқылы сұрағын қойып, үйде отырып-ақ байланыс орнатады. Адам ең алдымен өз-өзін тәрбиелеуі керек. Әртүрлі алыпқашпа пікірлер мен әлеуметтік желідегі сөздерге еріп кетпей, Үкіметтің халыққа арналып жасалып жатқан жақсы бастамаларын көруіміз тиіс. Халықтың тұрмысын түзеп, өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі барлық идеялар мен тапсырмалар Жолдаудан көрініс тауып отыр. Үкіметтің бізге қойып отырған талабы өте жоғары. Сол себепті мемлекеттік қызмет саласының басшылары тұрғындардың өтінішін орындауға жұмыс жасаймыз. Алайда заң шеңберінен шығып кетуге болмайды. Арнайы белгіленген талаптарға сай жүзеге асуы керек. Үкіметтен берілетін атаулы әлеуметтік көмек жақсы жұмыс табуға, тұрмысын түзеп алуға берілген жәрдем. Оған сеніп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Дені сау адам отбасын екі білектің күшімен, маңдай терімен асырауы тиіс, — деді ақпараттық насихат тобының басшысы Н.Кәдірбаев.

Ақпараттық-насихат тобы аудан орталығында болып, Қандыағаш қаласының және Сағашилі ауылының тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Самат ЖҰБАНҒАЗИН.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями