Адам өлтірген 17 жастағы Асылбек Сабыр 9 жылға сотталды

Дата: 03 октября 2019 в 10:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


 Адам өлтірген 17 жастағы Асылбек Сабыр 9 жылға сотталды

Ақтөбе облыстық  қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық  сотында судья Алтынбек Сабыровтың қарауымен Шалқар қаласындағы І.Үргенішбаев атындағы №40 мектептің 10-сынып оқушысы Мирасбек Дәулетиярдың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Қылмыстық Кодекстің  99-бабы 2-бөлімі 15-тармағымен —  «адамды қасақана қазаға ұшыратқаны үшін»  айыпталған Шалқар қаласындағы №6 мектептің оқушысы, 17 жастағы  Асылбек  Сабыр 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жаза мерзімін орта дәрежедегі қылмысы үшін сотталғандармен бірге өтейді. Мұнымен бірге сотталушының ата-анасы  марқұм Мирасбек Дәулетиярдың ата-анасына жерлеу шығындарымен бірге, моральдық және материалдық шығын келтіргені үшін 3 миллион теңге өтемақы төлейтін болды.

16 қыркүйектегі алғашқы сот процесінде  прокурор Айнұр Досмырзаева  осы жылдың  26 қаңтарында  кешкі сағат 18.40-19.00 шамасында Шалқар көлінің үстіндегі мұз айдында болған қылмысқа қатысты айыптау үкімін оқыған.

Үкімде оқиға былай  өрбиді: 26 қаңтар күні Шалқар қаласындағы  №6 мектептің  10-сынып оқушылары Асылбек Сабыр мен  Санжар Майтан сыныптастары Бекзат Тілеужанұлы және Ерхан Айтуғанмен Шалқар көлінің Газшылар қалашығымен шектесетін мұз айдынында кездеседі. Осы жерде  «кейін анықталмаған» 15-20 шақты бала тұрған. Арасынан Шалқар қаласындағы І.Үргенішбаев атындағы №40 орта мектептің 10-сынып оқушысы Мирасбек Дәулетияр алға шығып: «19 қаңтар күні біздің мектептің 9-сынып оқушыларына не әңгіме айттыңдар?» деп сұрайды. Содан Мирасбек пен Асылбек екеуі оңаша сөйлесуге 5-6 метр жерге қамыс арасына  бөлініп кетеді. Бұл жерде  Мирасбек Асылбекті бір рет ұрады, соңдарынан бейтаныс 5-6 бала еріп келеді.  Асылбектің артынан келген  5-6  баланың бірі аяқтан шалып, олар  жабыла тепкілейді. Асылбек Сабыр «Жабылмаңдар!» деп айқайлайды. Ол құлайды. Содан  «пайда болуы белгісіз»  туристік мақсатта пайдаланылатын жиналмалы  пышақты оң қолына ұстаған Асылбек Сабыр «ашу мен ызаға салынып» өзіне қарсы келе жатқан Мирасбек Дәулетиярға жерден көтеріле ұмтылады. «Қасақана қазаға ұшыратуға бағытталған қылмыстық оймен» ыңғайлы сәтін күткен Асылбек Сабыр  «оң қолына ұстап қаруланған жиналмалы пышақпен соққы жасап» кәмелетке толмаған Мирасбек Дәулетиярдың «сол жақ кеудесінің 5-6 қабырғасы арасына өмірге қауіпті ауыр дәрежелі дене жарақатын келтірген». Жүрегіне қадалған пышақтан  2003 жылы туған Мирасбек Дәулетияр сол жерде қайтыс болды.

Күн батып бара жатқан алагеуім уақытта №6 және №40 мектептің 10-сынып оқушыларының «оңаша сөйлесуі» осылай аяқталды.  Байқалғаны, жанжал  бір күнде пайда болмаған. Мұнан бұрын  №40 мектептің 9-сынып оқушылары «№6 мектептің балалары тиісті» деп өз мектебінің 10-сынып оқушыларына арызданады. 10 қаңтарда арада жанжал тұтанған. Бұл  — соның жалғасы.  Ақыры  «мектеп мүддесін» мұз айдынында қорғауға келген №6, №40 мектеп оқушыларының  өзара есеп айырысуы бір жастың  өлімімен аяқталды. Қылмыс қаруы — қара түсті жиналмалы пышақ.

Осы сот процесінде сотталушы Асылбек Сабыр оқиғаны былай баяндады. Ол 26 қаңтарда түскі сағат 15.00 шамасында көршісі әрі сыныптасы  Санжардың үйіне келген. Үйінде жүріп  екі саусағын  жарақаттап алған Санжар Газшылар қалашығындағы  емханаға бармақ болады. Інісін емханаға апармақ болған ағасының көлігіне Асылбек те мінеді.  Емханадан шыққан екеуі Шалқар көлінің жанында, Ақтан көшесінің бойында «коньки тебуге» Санжардың ағасының көлігінен түсіп қалған. Бұл жерде сыныптастары  Ерхан Айтуған, Бекзат Тілеужанұлымен жолығады. Уақыт — кешкі 18.30. Сотталушы:

— Бұл жерде өзім танымайтын 20-25 бала тұрды. Сыртынан білетін, бірақ  жеке  таныс емес, ірі денелі Мирасбек есімді бала менен «Не жағдай болды?» деп сұрады. Жеке-дара сөйлесу үшін  екеуіміз әрегірек, қамыс арасына қарай  бөлініп шықтық.  Осы жерде оң қолымен күртемнің капишонынан жұлқа тартып, жағамнан ұстап, не жағдай болғанын сұрады.  Артымыздан 5-6 бала келді.  Екі жеті бұрын, 10 қаңтарда №40 мектептің 9-сынып оқушыларына №6 мектептің Байбек есімді баласы тиісіп, содан  Ерхан, Бекзат, Санжар №40 мектептің 9-сынып оқушыларына «Төбелеспей, тыныш жүріңдер» деп ескерткенбіз.   Мирасбек осы жайды сұрап, менен  «9-сыныптың балаларына не айттыңдар?» — деді. Мен: «Тыныш жүріңдер деп айттым», — дедім. Сол жерде ол құлақ шекемнен бір қойды. Артқа шегініп қалып едім, мені қоршап тұрғандардың ішінен Данабек  аяғымнан шалып құлатты. Бәрі жабылып тепкілегенде, басымды  екі қолыммен жауып алдым.  Мені ұрып болған соң, олар  жолдастарым  тұрған жерге қарай жүгірді. Бір  қапталымнан жаттым, басым қатты айналды. Бір кезде олардың маған қарай  жүгіріп келе жатқанын көрдім.  Данабек деген бала ұзын сапты, темір тапаншаны кезеніп келе жатты.  Ұзын, үңірейген темірі маған қарай кезенген.

— Ат, Данабек, — деп айқайлайды. Сол жерде Мирасбек: «Данабек, ата алмасаң, маған бер» деп  қолынан жұлып алды да, маған кезеніп келе жатты. Қол-аяғым қалтырап, не істерімді білмедім. Жер бауырлап, артқа қарай  шегіндім. Жерді қармана бергенде,  қолыма зат ілінді. Тұра беріп,  тапаншаны тақап келе жатқан қолын қағып жібердім де, оң қолыммен сермеп қалдым. Жолдас балаларыма қашыңдар деп айқайладым. Қашып келе жатып,  жолдан кездескен таксиді тоқтатып,  теміржолдың зат түсіретін жағынан түсіп қалдық. Балалар үйлеріне кетті.  Біраз  жаяу жүріп, қыстық күртемнің сыртқы қалтасынан пышақты алып, телемұнараның жанына лақтырып тастап, Санжар екеуміз  үйге қайттық».

Біраз уақыттан соң №6 мектептің  тәрбие жөніндегі орынбасары Асылбек Сабырдың үйіне келіп, №40 мектептің баласының қайтыс болғанын хабарлайды. Сол күні айыпталушы әке-шешесімен полиция бөліміне келіп, өз еркімен арыз жазған. Алайда,  арызда тапаншамен қорқытқаны туралы сөз жоқ. Судья Сабыров сотталушы  Сабырға тергеуде алғашқы берген жауабы мен кейін  Алматыда психиатр мамандарға  берген жауабындағы  қайшылықты көрсетті. Тергеушілерге  берген жауабында  «ұзын, қара түсті, сабы темір» тапанша туралы ештеңе жоқ,  бірақ психиатр мамандардан оны жасырмайды. Сотта сөйлеп тұрған сөзі мен тергеуге берген жауабында да  алшақтық  себебін сұраған судьяға  сотталушы: «Тергеуші  тапаншаны көрсетсең, қиын болады» деген соң арызда көрсетпедім, — деді. Осы істі жүргізген Шалқар аудандық ішкі істер бөлімінің  тергеушілері тапанша туралы ештеңе көрсетпеген.

Ақтөбенің психиатр мамандары айыпталушы «қылмысты аффект жағдайында жасады» деп қорытынды жасаған. Алматыдағы республикалық сот-сараптама орталығы стационарлық жағдайда айыпталушыны зерттеп: «Қылмыстың мерзімі өтіп кеткендіктен, аффект жағдайында жасалғаны анықталмады» деп қорытынды жіберген.

1 қазанда осы қылмыстық іске қатысты үкімді оқығанда,  судья Алтынбек Сабыров  сотталушының Мирасбек Дәулетиярдың «қара түсті ұзын тапаншамен» қорқытқанын  өзін қорғау үшін айтқаны деді. Тапанша туралы қылмыстық істе жазылмаса да, сотқа шақырылған  мұз айдындағы төбелестің куәлерінің бірі  осы оқиғадан  кейін «ойыншық тапаншаны үйіндегі дәретханаға лақтырып» тастағанын айтқан.

Мектеп бітіретін жасқа келгенде  өз ортасынан  бедел жинауды бір-біріне күш көрсету жолымен дәлелдемек болған мектеп оқушыларының төбелесі осылай аяқталды. Бұл жерде екі мектептің  ата-аналары, мұғалімдері, соның ішінде мектептің әлеуметтік педагогі мен психологі, учаскелік полицейлер осы оқиғаның шиеленісуіне жол берген. Ең бастысы — қылмыс мотиві, яғни екі баланың бірін-бірі өлтіруіне себеп болған жайттар анықталмады.  Қылмыстық істі тергеу барысында  тек  «ыза мен кекке» булыққан Асылбек Сабырдың әрекеті ғана тұр.  Оны «ыза мен кекке» жеткізген қандай себептер еді? Бұл жағы анықталмады.

Үкім оқылған соң қайтыс болған Мирасбек Дәулетиярдың әкесі журналистерге: «Моральдық зиянды өтеу туралы  шешімді Шалқардың жасөспірімдеріне сабақ болсын, енді қайтып мұндай жағдайға ұрынбасын деген мақсатпен   қабылдадым», — деді көзі жасқа толып.

26 қаңтардағы қанды оқиға  Шалқар  қаласындағы екі мектептің жоғары сынып оқушыларының арасында тұтанған жанжалдың шырқау шегі ғана емес, Шалқарда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың шиеленіскенін көрсетті.

                                                                        Баян СӘРСЕМБИНА.

Поделитесь новостью с друзьями