Нұрлы ақылдың сәулесі

Дата: 19 сентября 2019 в 11:52


Нұрлы ақылдың сәулесі

Әр заманның өз тұлғасы, геройы бар. Кезінде Ұлы Абай «қалың елі, қазағы, қайран жұртына» «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп жар салды.  Керек те болған шығар. Заман өзгеше болды ғой. Ал қазіргідей ақпараттық заманда «Осы жұрт Айталыны біле ме екен?» деп, өз білгенімізбен бөлісуге қандай негіз бар? Біздіңше, солай істеуге негіз әбден бар.

Біріншіден, уақытқа тәуелділік кез келген адамды өзіне бағындырмай қоймайды, бейімделуді, өзгеруді талап етеді. Демек, өзгерген, даму үстіндегі тұлға туралы мағлұмат ұдайы жаңғыртылып отыруы тиіс. Екіншіден, өмірге жаңа буын келеді. Олар алдыңғы толқын өкілдерінің озық тәжірибесін игеруі, тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіруі қажет. Бұл айтулы тұлға туралы толыққанды ақпаратты қажет етеді. Үшіншіден, кейінгі толқынға берері мол үлгілі тұлға атану үшін уақыт тұтқыны күйінде қалып қоймай, дербестігің мен өзіндігіңді сақтап қалып, өз «Меніңді» үздіксіз дамытып отыруың қажет. Сонда ғана үлгілік пәрмені бар тарихи тұлғаның ғибратты ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне пайдалану мүмкіндігі туындайды. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау етіп отырған геройымыздың өмір жолы, шығармашылығы мен мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлік қызметі аталмыш шарттардың бәріне толығынан жауап береді. Демек, «заманы сүйресе де, илей алмаған», бар қарым-қабілетін халқына жайлы заман орнатуға өзінің лайықты үлесін қосуға жұмсап келе жатқан «айтары бар Айталы» туралы оның мерейжасқа толу қарсаңында сөз қозғау дұрыс деп ойлаймын.

Бұл өмірде кім-кімнің де дара жолы болатындығы аян. Алайда көбінесе осы ұғымның астарына, әртүрлі мағынасына үңіле бермейміз. Айталық, біріншіден, даралық дарақылық та, даналық та арқылы айқындалуы мүмкін. Екіншіден, осының негізінде нақты тұлғаның ерекше өмір жолы түзіледі. Үшіншіден, бұдан келіп ерекше тұлғаның дара жолын айқындауға мүмкіндік аламыз. Біздің қазіргі қоғамымызға осындай мағына мен дәрежедегі дара жол иесі ауадай қажет. Ол біздің заманымыздың геройы атануға тұрарлық. Біздің қазіргі Қазақстанымыз үшін, болашағымыз — жастарымыз үшін, жанымызда жүрген замандастарымыздың ішіндегі бар күш-қайратын халқына, ұлтына қызмет етуге арнап келе жатқан ерен тұлғалардың ұлағатты дара жолын үлгі ретінде ұсыну — ұрпақтар үндестігін, ұлт тұтастығын нығайтуға деген ұмтылысты білдірмек.

Біздің Амангелді Әбдірахманұлы Айталы ағамыз да — осы заманымыздың геройы. Әлгінде айтылған үшінші мағынадағы «дара жол» иесі. Біріншіден, балықшы отбасында дүниеге келіп, совет заманында білім алып, ұл-қыз тәрбиелеп, өз өмірін жетілдіруге күш-жігерін жұмсай білген, жетіскен тұлға. Екіншіден, халық жауы ретінде қудаланған, Ұлы Отан соғысында мерт болған әкеден жастай қалып еркелік, молшылық дегенді білмей өссе де, «инемен құдық қазып» ұстаз-ғалым атанып, қоғамдық өмірге белсене араласып келе жатқан азамат. Үшіншіден, саналы өмірінде ар-намысына кіршік жуытпай, мемлекетшілдікті, ұлтжандылықты ту қып көтергендердің алдыңғы шебінде келе жатқан бірегей қоғам және мемлекет қайраткері.

Өзін бірінші кезекте жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру саласының қызметкері санайтын Әбекеңнің жоғары оқу орнындағы ұстаздық жолы 1968 жылдан бастау алады. Ол кезде келер жылы өзінің 85 жылдығын атап өтуге дайындалып жатқан бүгінгі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті педагогикалық институт статусында болатұғын. Әбекең институттың ұстаздар құрамындағы алғашқы жас ғылым кандидаттарының бірі, кафедра меңгерушісі ретінде бүгін республикамыздағы ірі білім және ғылым ордасына айналған оқу орнының іргетасын қалауға сүбелі үлес қосты. Ұзақ жылдар кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде Жұбанов университетіндегі ғылыми орталыққа жетекшілік етеді.9 монография, оқу құралдарының, 150-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы. Оның бүгінгі Қазақстан қоғамындағы саяси-әлеуметтік, рухани мәселелер жөніндегі байыпты да терең зерттеулерінің нәтижелері республикалық, облыстық басылымдарда тұрақты түрде жарияланып, қоғамымызда азаматтық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нығаюына игі әсерін тигізуде.

1999-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде білім мен тәрбие, мәдениет, мемлекеттік тілді дамыту және т.б. рухани мәселелерге байланысты заңнамаларды қабылдау ісінде белсенділік танытты. Депутаттың өз сайлаушыларының аманатын атқарудағы ыждағаттылығы облысымыздың бірқатар аудандарындағы экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешуге әсер етті.

Отан алдындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Парасат», «Құрмет Белгісі», «III дәрежелі Барыс» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Білім және ғылым министрлігінің төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, ол —Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.

Ғалым-ұстаз, сұңғыла саясаткердің ғылыми, ғылыми-көпшілік еңбектеріне тән мынадай ерекшеліктерді атап кетсек дейміз. Біріншіден, олардың әрдайым ерекше өзектілігі, яғни дер мезгілінде жазылуы. Қамтитын мәселелер аясы мейлінше кең: халық мұғалімін даярлау, ұлттану, тіл мәселелері, бұқаралық сана сапасын көтеру, парламентаризм, Қазақстан қоғамын демократияландыру, аймақтық экономика, ауыл тұрғындарының  ахуалын жақсарту, демография, жемқорлықпен күрес, дін мен діндарлық және тағы басқа көкейтесті мәселелер. Екіншіден, еңбектердің дәйекті деректерге байлығы. Әлемдік және отандық ойшылдардың зерттеу объектісіне қатысты пікірлері көптеп келтіріледі. Әбекең бұл деректерді жай қызықтау үшін емес, өзі зерделеп отырған қатпары көп, астарлы мәселелерді оқырманына қарапайымдылықтан күрделілікке бірте-бірте өрлеу арқылы байыппен жеткізу мақсатында сүзіп келтіреді. Сондықтан да, автор ұсынған әрбір тұжырым — жай айтыла салған шикі субъективтік көзқарастың көрінісі емес, жүз ойланып, мың толғанып жасалған толымды қорытынды. Үшіншіден, зерделеніп отырған мәселелер олардың қайшылықты табиғатын ашып көрсетіп, қоғамдық тәжірибеде тиімді және уақтылы шешімін табу тұрғысынан талданады.  Мәселен, қазіргі әлем мен Қазақстандағы дін мен діндарлық мәселелері дінсіздік, құдайсыздық, діншілдік, тақуалық, діни фанатизм, экстремизм тәрізді қарама-қарсы және қайшылықты ұғымдар арқылы сараланады. Төртіншіден, ғалым-ұстаз өзі зерделеп отырған мәселелерді сипаттап қана қоймайды. Алынған қорытындылар негізінде күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелерді шешу жолдарын көрсетіп, тиісті ұсыныстар жасайды. Әбекең еңбектеріне тән тағы бір ерекшелік — оларда анық байқалатын тіл мәдениеті. Күрделі мәселелерді логикалық туындаушылық заңдылықтары аясында, дәйекті деректер арқылы ұғынықты тілмен баяндау ойлы біліктілікті, жоғары ұстаздық шеберлікті талап ететіндігі белгілі. Күрделі де астарлы мәселелердің қыр-сырын кәсіби мамандарға да, қарапайым оқушысы мен тыңдаушысына да бірдей түсінікті деңгейде жеткізу мақсатында мақал-мәтел, қанатты сөздер, теңеулер, өзі туындатқан өткір тіркестер кеңінен қолданылады. Дәлел ретінде кейбіреулерін келтіре кетейік: «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес»; «Тәртіпті аңсау тоталитаризмді көксеу емес, ол — шексіз бейбастыққа, жүгенсіздікке тыйым салатын, заңды қолдайтын билікті аңсау»; «Ұлттық мемлекет құру үшін «ұлтым» дейтін қазақ керек»; «Біреулер байлығын ойлап, біреулер шайлығын ойлап, ұлттық құндылықтарға салқындықпен қарайды»; «Жер — қазақтың тілеуі де, тірегі де»; «Қараша үйдегілер сарайдағылардан басқаша ойлайды»; «Бәленің басы — ашқарақтық»; «Ел биігі білімінен көрінер»; «Ұлы іс ар-ұяттан басталады»; «Дінді құрметтеу — елдікті қастерлеу»; «Қазақстанға Еуропаның ноқтасын кигізуге болмайды»; «Қазақты намысы қамшыласын»; «Тойымсыздыққа тосқауыл керек»; «Кіндігін атеистер кескен ұрпақ аяқ астынан діншіл бола алмайды»; «Дін достық дәнекеріне айналса игі» және тағы да басқа осы тәріздес көтеріліп отырған мәселенің өзекті мәнін дөп басатын «ой түбінде жатқан таза мінсіз асыл сөздер».

«Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой»  дегізген сәттер де болмай қалған жоқ. Толғағы жетіп, жедел шешімін күтіп тұрған мәселелер төңірегінде ұсынған батыл ойлары мен соны пікірлерін өз дәрежесінде ұғынуға және қабылдауға үлкенді-кішілі билік иелерінің де, осы қалай деген ортанқол әріптестері мен замандастарының да не өресі, немесе пиғылы жетпей діңкелеткен тұстар да аз болмады-ау. «Қырық күнгі сыпайгершіліктен бір күнгі пақыршылық артық» дейтіндер үшін ғалым-саясаткердің бірсыпыра мәлімдемелері мен ұстанымдық қағидалары көкейлеріне қонымсыз болғандығы да құпия емес. Кейбіреуін еске түсірейік. 2004 жылы екінші мәрте Парламент депутаттығына сайланар қарсаңындағы сайлауалды бағдарламасына үміткер Жер туралы мынадай мәлімдеме енгізген-ді: «Жер мәселесін тек алыпсатарлық, пайда табу тұрғысынан емес, кең әлеуметтік-саяси тұрғыдан, жан-жақты, әр қырынан саралаған жөн. Біздің мемлекетіміз үшін жерді пайдаланудың тиімді жолы — жер үлесі мен мүлік иелерінің бірлескен ұжымдық шаруашылығы». Немесе мына ұсынысқа назар аударайық: «Баға жетпес табиғи байлығымызды игеруде отандық кәсіпорындар үлесінің басым болуы стратегиялық қажеттілік. Экономикамызды көтеруге септігін тигізіп жатқан шетел инвесторларының мүмкіншіліктерін орынды, тиімді пайдалану керек. Халық инвесторлардың ел экономикасына не беріп, не қойып жатқанынан хабардар болғаны дұрыс. Шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұмысшылардың құқықтық жағдайын жақсартып, оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау мен қорғауға бағытталған шаралардың мейлінше тез алынуын қамтамасыз ету қажет». Тағы бір мысал: «Демократияның басты белгісі адамдардың құқығын қорғау, халықтың ой-пікірімен санасу болып табылады. Қомағайларды ноқталап, кедейлерді қолдамайынша ел әділдікке, демократияға сенбейді. Сондықтан жемқорлармен күресті жүйелі түрде күшейтіп, аса маңызды шешімдер мен заңдар қабылдауда референдум өткізу орынды деп есептеймін». Уақыт көрсеткендей, сұңғыла саясаткердің бұл ойлары мен ұсыныстары бүгінгі күні де өзінің өткірлігін жоймай, әлеуметтік мемлекет орнатуға ұмтылыс, рухани жаңғыруға талпыныс үстіндегі қазақ елі үшін тағдыршешті мәселелер қатарында қалып отыр.

Көзі қарақты оқушы мен зерделі замандастың А.Айталының ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектері мен қоғамдық-саяси мәлімдемелерінен түйетін ойлары мен тоқитын тағылымдарының бірі — ғалым-саясаткер толғамдары мен тұжырымдарының әрдайым әрбір қазақстандықтың бойында озық дүниетаным, парасатты білім, азаматтық ұстаным қалыптастыру мәселелерімен тоғысып жататынын ұғыну.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жас ұрпаққа білім, тәлім-тәрбие беру ісімен үздіксіз айналысып келе жатқан ғалым-ұстаз бұл саладағы бүгінгі басты міндеттерімізді былайша пайымдайды: «Жаңа қазақ мемлекетін құру, оның адамдарын отаншыл рухта тәрбиелеу — біздің қасиетті парызымыз. Нарықты бүркемелеп, есепке негізделген, адамгершілікті шектен шыққан ұятсыздық ығыстырып бара жатқан ортада адам тәрбиелеу мәселесі ең өткір болып отыр. Өмірдің қай саласы болмасын, әр азамат мемлекеттік құндылықтардың иесі екенін түсіне білгені абзал. Дәстүрімізге, тілімізге, дінімізге деген құрмет, елге тағзым, халықты, елді құрметтеу, кешегі мен бүгінгі, бүгінгі мен ертеңгі күннің тарихи сабақтастығын білу аса маңызды». Түптеп келгенде,  бұл — Әбекең түйген тәрбие программасы.

Орта ғасырда өмір сүрген ұлы араб ойшылы Әл-Киндиадамдардың ақыл-қабілетін төрт түрге бөліп талдаған екен: 1) алғыр ақыл; 2) сылбыр ақыл; 3) табынышты ақыл; 4) көлгір ақыл. Қай қоғамда болмасын, соның ішінде біздің қоғамда да бұлардың бәрінің де иесі бар. Ең жағымдысы тәрізді көрінетін алғыр ақылдың өзі де әлеуметке, мемлекетке қызмет етпей, қарақан бастың қамын қуалап кетіп жататыны құпия емес. Бізге керегі Ұлы Абай атамыз айтқан «нұрлы ақыл» болса керек. Амангелді ағамызды ғалым-ұстаз ретінде ерекшелеп тұратын бір қадір-қасиеті «жылы жүрек, ыстық қайратпен» кірігіп тұрған осы нұрлы ақылы ма деймін.

Ал Амангелді ағамыз тәрізді, сексеннің сеңгіріне көтеріліп жатқан ұлтжанды, мемлекетшіл, зиялылық зияткері, ел ағасына «жүрегіңіздегі қызу-қызба» суымай, «ар-ұятыңыздың күзетшісі — ақылыңыз» қалғып кетпей, «арыныңыз» толастамай, еңселі ертеңімізге  екпінді еңбек ете беріңіз демекпіз.

Абылай МҰХАМБЕТЖАН.

Поделитесь новостью с друзьями