Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Елдіктің ескерткіші

Дата: 12 сентября 2019 в 10:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Елдіктің ескерткіші

Кешегі күні заманның ағымына қарай тасада қалып қойған тарихымызды түгендеу әлі де білгілі бір уақытты қажет етеді. Еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты көп жоғымыз түгенделді, қолда барымыз сараланып, жүйеге келтірілуде. Осы ретте ХVІІІ ғасырда өмір сүрген қазақ батыры Сәрке Меңдібекұлының тарихтағы орнын айқындау, сол уақыттағы қазақ халқының тағдырымен байланысты ерлігін екшелеу кейінгі кезеңде қолға алынған болатын.

Әдетте қандай да бір істің бастаушысы болады. Ақтөбеліктер облыстың ішкі істер қызметі саласында қатардағы тәртіп сақшысынан облыстық басқарманы басқаруға дейін көтерілген генерал Кеңшілік Жұмабаев есімін жақсы біледі. Сол азамат екі ғасыр тоғысар тұстан бастап Сәрке батыр есімінің жоқшысына айналды. Жанына елдіктің қадірін ұғынатын жігіттерді топтастырған ол ел қорғаған бабаның жорық жолдарын зерттеуге ұйытқы болды, ақырында мәңгілік қоныс тепкен жерін тауып, сол араға ескерткіш белгі орнаттырды.

Өлкетанушы Баянғали Құлтаев көршілес Ресей жеріне бірнеше рет сапар шегіп, мұрағаттарды ақтарды, көптеген ресми деректер жинап, батыр туралы байламдарды байыта түсті. Көнөкөз қариялардың естеліктері жиналды. Міне, осылайша халыққа Сәрке батыр бейнесі кеңінен таныла түсті.

Оның үстіне әйгілі «Асау-Барақ» жырындағы:

Кіші жүздің ішінде,

Табын дейді затымды.

Сатыбалды баласы,

Барақ дейді атымды.

Шешемнің аты — Қарқара,

Жібермен жауға ақымды.

Аты Алашқа белгілі,

Нағашым Сәрке батыр-ды,—

деген жолдар да біраз жайдан хабар бергендей еді.

Батыр туып-өскен, өмір сүрген Қарғалы өңірінде бүгінде Сәрке есімін еңкейген кәріден еңбектеген жас балаға дейін дерлік біледі. Өйткені соңғы кезеңде осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылды. Ауданда арнайы Сәрке батыр жылының жариялануы танымдық шаралардың жүйелі өткізілуіне жол ашты. Мәдениет үйінде, мектептерде кездесулер өткізілді, конференциялар ұйымдастырылды.

Қыркүйек айының алғашқы аптасының соңында Қосестек ауылында ауқымды шараның белгіленуі осы игілікті істердің қорытындысы іспетті еді. Бұған бір жағынан батырға арналған ескерткіштің бой көтеруі де өзіндік жарасым әкелді.

Ауылға алыстан ат арытып келген қонақтар ең алдымен Қосестек орта мектебіндегі көрмені тамашалады. Аудандағы мектеп оқушыларының қолөнер еңбектері жұртшылық назарына ұсынылды. Олардың ішінде батыр бейнесі көрініс тапқан туындылар ерекше көз тартады.

«Алтын сапты, алмас қылышты Сәрке батыр» атауымен өткен конференцияда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, кезінде Қазақ радиосының директоры болған белгілі қаламгер Қуанышбай Орманов кең ауқымда баяндама жасады. Ол нақты деректер келтіре отырып, қазақ тарихының кезеңдеріне қысқаша шолу жасады. Сонымен бірге ел қорғаған батырлар есімін атай келе, солардың арасындағы Сәрке батырдың алатын орнын айқындады.

— Заманында Сәрке бабамыз башқұрт халқының батыры деген атаққа да ие болған екен. Мұндай атақ қазақ халқынан екі адамға ғана берілген. Башқұрт жерінде соғыс басталып, қуғын-сүргін көрген бес мыңдай башқұрт жанұясы Сәрке батырдың қол астынан, Қосестек жерінен пана тапқан. Кейін олардың бірқатар елдеріне қайтқан, осында қоныстанып қалғандары да бар. Бірсыпыралары облыстың Ойыл өңіріне қарай өткен,— деді ол.

Белгілі қоғам қайраткері, академик Амангелді Айталы әр заманның өз уақытына қарай ұстанымы болатыны туралы ойларын алға тарта келіп, Сәрке батыр өмір сүрген кезең ерекшеліктерін екшеледі. Ел қорғау, елдікті сақтау мәселелеріне қатысты толғамдарын да осы арнадан өрбітті.

Ал Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талғат Жұмағанбетов баяндамасында негізінен Сәрке батыр туралы айта келіп, оның 1755 жылғы башқұрт көтерілісіндегі роліне тоқталды.

— Сол заманда башқұрттардың қазақ даласына қарай қоныс аударуы сияқты жай керісінше де орын алды. Мәселен, табын, тама, жағалбайлы руларының белгілі бір топтары башқұрт еліне орналасқаны бізге белгілі. Сосынғы бір айтар жай, жер дауы қазақтың өз рулары арасында да болып тұрған, мұндай жағдайдың басқа ұлтқа қатысты да туындайтыны жасырын емес. Осындай ахуалда Сәрке батырдың мәселені ушықтырмай шешуі, пана іздеп келген башқұрт ағайынды сыртқа теппеуі — үлкен адамгершіліктің  белгісі, — деді тарихшы.

Өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, тоқсанның үстіне шыққан ел ақсақалы Оңдасын Қуанов, ішкі істер органы қызметінің ардагері Бақыт Ғизатов, еңбек ардагері, облыстың құрметті азаматы Өтеміс Әкімов бабалар рухын асқақтату, өткеніміздің өнегесін жалғастыру туралы пікірлерін ортаға салды, мұндай шаралардың жас ұрпаққа берер тәлімі туралы айтты.

Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев «Туған жердің тарихын әрбір азамат жастайынан біліп, жадына түйіп өскені жөн. Біз қолға алып, жүзеге асырып жатқан шаралардың түпкі мақсатының өзі осында» деп түйіндеді жиынды. Ол Сәрке батыр жөнінде зерттеулердің қазірдің өзінде аз еместігін баян етті.

Солардың қатарында Башқұртстанның жазушысы Нияз Алсынбаев өзінің «Қасиетті Көкбөрінің ұрпақтары. Башқұрт-қазақ қатынастарының кең таралған тарихы» атты кітабында аты аңызға айналған қазақ батыры Сәрке Меңдібекұлының башқұрт бауырларына жасаған жақсылығын жыр қып айтады.

Сәрке батыр туралы деректер баспадан биыл жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясына енгізілген. Онда былай деп жазылады: «Сәрке батыр шамамен ХVІІ ғасырдың аяғы — ХVІІІ ғасырдың ортасы аралығында өмір сүрген. Ол Есет Көкіұлы, Бөкенбай Қараұлы, Жәнібек Қошқарұлы сынды батырлармен үзеңгілес болған».

Тарихи деректерге сүйенсек, атақты Бұланты өзенінің маңындағы алып биіктік 270 жылдан астам уақыт бойы Сәркенің төбесі деп аталып келеді екен. Осы жерде ол жоңғарлармен шайқасқа қатысып, қол бастап, ерен ерлік көрсеткен. Елдегі шежірешіл ақсақал Бақыт Сатайұлының артына қалдырған жазбаларына қарағанда, Сәрке батыр 1716 жылы Бөкенбай батыр қосынында, ал 1725 жылы Әбілқайыр хан әскері сапында ел қорғаған.

Тағы бір ресми дерек былай дейді: «1731 жылы ақпан айының 19 жұлдызында Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресей патшасына жазбаша түрде ант бергенде жағалбайлы руының атынан Сәрке батыр осы құжатқа қол қойған».

Қосестек жеріндегі шараға қатысушылар айтқан пікірлер де осындай тұжырымдарды толықтыра түсті.

Совет Шоқымов, өлкетанушы, Орынбор облысы, Беляев ауданы:

— Сәрке батырға ескерткіш тұрғызу шарасына біздің Беляев ауданынан да шағын делегация келді. Тарихтан білетініміздей, 1756 жылы башқұрт көтерілісшілері патшалық режимге қарсы күресте жеңіліс тапқаннан кейін шегініс жасап, амалсыздан қазақ жеріне қарай ығысқан. Елу мыңдай шамасындағы башқұрт Жайық бойында іркіліп қалған кезде, Сәрке батыр бауырлас халық өкілдерін құшағына тартып, қамқорлық жасаған. Бүгінде Ақтөбе облысында олардың ұрпақтары өсіп-өніп, егемен еліміздің көркеюіне қызмет етуде.

Сәрке батырдың ескерткіші халықтар арасындағы достықтың, елдік пен ерліктің символы ретінде көрініс табады деп ойлаймын.

Аманғос Төлеуов, ауданның құрметті азаматы, Сәрке батырдың ұрпағы:

— Мен жас кезімнен әкемнің аузынан Сәрке батыр жөнінде әңгімелерді тыңдап өскенмін. Бабамыздың ерліктері аңыздай болып елестейтін. Тұлғасы көз алдымда тұрғандай еді. Өкінішке қарай, көп уақытқа дейін оның асыл есімін жаңғырта алмай келдік. Енді «ештен кеш жақсы» дегендей, ойымыз жүзеге асты.

Ауданның бұрынғы әкімі Рахат Сыдықовтың осындай игілікті іске қозғау салғанын, шын жанашырлықпен бастамашы болғанын алғыс сезімімен айтамыз. Өлкетанушы Баянғали Құлтаев бауырымыз тарихи деректерді жинап, жұртшылық назарына танымдық дүниелерді ұсынды.

Ендігі мақсатымыз — Сәрке батыр сынды ел қорғаған ерлеріміздің тұлғасын асқақтатып, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға жол ашу.

Конференциядан соң осында жиналғандар топ-тобымен ауыл сыртына бет алды. Мұнда Сәрке батырға арналған ескерткіш ашылмақшы.

Шымкенттік мүсінші Әбдікәрім Ахметов өзіне Сәрке батырдың ескерткішін жасау туралы ұсыныс осыдан бес жылдай бұрын жасалғанын айтады. Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы Тілеу батырдың ескерткішін дүниеге әкелген ол елге келіп, ақсақалдармен кеңінен кеңескен. Батырдың өмірін, жүрген жерлерін, елдің табиғатын зерттеген. Мұрағат құжаттарымен, деректермен танысқан. Көпшілік талқылауынан кейін ғана жұмысқа кіріскен. Нәтижесінде ат үстіндегі батыр бейнесі өмірге келді.

Батыр ескерткіші ашылуын жиналған жұртшылық қошеметтеп қарсы алды. Осында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің жылы лебізін жеткізді.

Ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, ескерткіш маңы лезде той-думанға айналды. Үлкен-кіші Сәрке батыр ескерткіші алдына қаз-қатар тұрып, суретке түсті.

«Алтын сапты, алмаш қылышты Сәрке батыр» атауымен өткен ақындар айтысы көпшілік назарын аударды. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері Шынарбек Тұрсынұлы, Нұрсерік Еділбайұлы, Айболат Көшкінбай, Самғар Орынбай әрқайсысы өзіндік мәнерімен ерлікті дәріптеді, батыр баба рухын ұлықтады. Топ жарып алға шыққан Қайырхан Жұбаниязов пен Жәнібек Бейбітовтің ұшқыр теңеулері, семсердей сілтенген өткір сөздері нысанасын дәл тауып жатты. Облыстық шығармашылық академиясы жанындағы айтыс мектебінің жетекшісі Елшат Әуезханов та айтары бар ақын екенін танытты. Ал қарғалылық жас өрен Сәкен Бекетаев:

Батырлығын қайталай алмасам да,

Ерлігін жырлап өту парызым ғой, —

деп тебіренді.

… Бұл күні Қосестектің биік қырқаларын бәйгеге қосылған ат тұяғы дүбірлетті. Асқа жиналған қалың қауым бір сәт өткен шақ пен бүгінгінің сабақтастығын сезінді, Сәрке батыр деген сөзді мың мәрте қайталап, елдіктің туын биік ұстаған баба рухына сыйынды.

Ал батыс пен шығысты жалғастыратын, көлік тасқыны бір сәт те толастамайтын ұлы жолдың бойындағы биікте орналасқан алып ескерткіш айбынды ердің аманатын келер ұрпаққа жеткізіп, елге айбар, халыққа қорған болғандай әсерге бөлеп тұрды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қарғалы ауданы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями