Популярные темы

«Бақытты отбасы»: өтініштер қабылданып жатыр

Дата: 22 августа 2019 в 11:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


«Бақытты отбасы»: өтініштер қабылданып жатыр

19 тамыздан бастап «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жолдама беру үшін қосымша өтініштер қабылдана бастады. Айта кету керек, бұған дейін Ақтөбе қаласы әкімдігінен мыңға жуық адамға жолдама берілген болатын, бүгінде олардың 467-сі«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы төлем қабілетін дәлелдеп, құжаттарын рәсімдеп жатыр.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы үш жыл қатарынан жүзеге асырылатын болады, бұл мақсатта жыл сайын республикалық қазынадан 50 миллиард теңге қаражат бөлінеді.

Бағдарлама биыл 17 шілдеден бастап жүзеге асырыла бастады. Бастапқыда Ақтөбе облысы бойынша барлығы 382 заем беріледі деген шектеу қойылған болатын. Сол себепті осы деңгейге жеткен кезде өтініш қабылдау тоқтатылған еді. Алайда, бұл сан 555-ке дейін көбейтіліп, банкке алдын ала құжаттар тапсыру жұмысы қайта жанданды. 

Бүгінде облыс бойынша30 мыңнан астам адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұр, оның 23 мыңнан астамы —Ақтөбе қаласында кезекте тұрған азаматтар.  Осылардың 10815-і (қала бойынша 8634-і) — «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса алады. Ал бұл бағдарламаға кезекте тұрған көпбалалы, толық емес және мүгедек бала асырап отырған отбасылардың қатысуға мүмкіндігі бар. Несие ең төменгі 2 пайызбен беріледі, қойылатын талап — бастапқы 10 пайыз жарнаның болуы және отбасындағы әр мүшеге шаққанда айлық табыс 42500 теңгеден аспауы қаралады. Бағдарламаға қатысушылар бастапқы жарна ретінде жергілікті атқарушы орган тарапынан берілген тұрғын үй сертификаттарын пайдалана алады.

Тұрғын үй сертификаттары кімге, қанша мөлшерде беріледі?

Бүгінде «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушыларға жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үй сертификаттары беріліп жатыр. Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес облыс бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері және алушылар санаттарының тізбесі бекітілген болатын. Яғни азаматтардың жекелеген санаттарына «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде салынған бастапқы тұрғын үйді «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жекеменшікке сатып алу үшін әлеуметтік көмек түріндегі бастапқы 10 пайыз жарнасының 90%-ына тең қаражат беріледі.

Тұрғын үй сертификатының екі түрі бар.

Біріншісі — «әлеуметтік көмек» деп аталады, ол соңғы алты айдағы табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 42500 теңгеден аспайтын отбасыларға қайтарымсыз негізде беріледі.

Екіншісі — «әлеуметтік қолдау» деп аталады, ол соңғы алты айдағы табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 42500 теңгеден асатын отбасыларға 0,01 пайызбен 15 жылға қарызға беріледі.

Бұған қоса тұрғын үй сертификаттары «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша «Нұрлы жер» аясында салынған үйлерден пәтер алушыларға «әлеуметтік көмек» немесе «әлеуметтік қолдау» түрінде бастапқы жарна сомасының сәйкесінше 90 және 50 пайызына тең деңгейде беріледі. Әрбір тұрғын үй сертификатының көлемі бір миллион теңгеден аспайды.

Қалалық әкімдік берген дерек бойынша, сертификаттар мүгедек балалары бар, көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ,  денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы бюджеттiк ұйымдарда қызмет ететін қажетті мамандарға беріледі.

467 адамның құжаты қабылданды

Бүгінге дейін қалалық, аудандық жергілікті атқарушы биліктен «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін 1116 жолдама берілген. Әйтеке би, Алға, Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Хромтау, Шалқар аудандарынан жалпы алғанда 32 жолдама берілді.

— «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» филиалына келген  710 адамның 467-сінің құжаттары одан әру қаралу үшін қабылданды, 243 адамның құжаттары кері қайтарылды. Оның әртүрлі себебі бар: көпшілігінің табысы жетпейді, кейбірінің мойынында кіріске әсер ететін басқа несиелері бойынша қарыздары бар, енді бірі төлем қабілетін растай алмады. Бұл азаматтар алдағы жылы құжаттарын реттеп, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қайтадан қатыса алады.  Бүгінгі күні қабылданған 467 өтініштің 213-і мақұлданып отыр, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалы басшысының орынбасары Жанболат Қалменов.

Банкке құжат тапсырғандар арасында 156 көпбалалы отбасы (71-і мақұлданды), 243 толық емес отбасы (120-сы мақұлданды) және мүгедек бала бағып отырған 68  отбасы (22-сі мақұлданды) бар.

Қазіргі уақытта алдын ала банктік біліктіліктен өту үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» құжаттар қабылдап жатыр. Тұрғындар алдымен отбасының төлем қабілетін растап, банк оңды шешім шығарғаннан кейін үш айдың ішінде сатып алатын үйін табуы керек. Бағдарлама аясында ескі және жаңа үйлерді алуға болады. Алатын үйіңізді тапқаннан кейін, осы үйдің құжаттарымен банкке келіп, заем рәсімдеуге кірісесіз. Содан кейін баспана кілті қолыңызға тиеді.

— Бүгінге дейін осы бағдарлама аясында біздің филиал екі отбасына жалпы сомасы 14,5 миллион теңге болатын несие рәсімдеді. Қалғандары қазір құжаттарын өткізіп, енді бірі үй іздестіріп жатыр, — дейді Ж.Қалменов.

Жолдама алу үшін қандай құжаттар қажет?

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде жергілікті атқарушы органның кезегіндегі тұрған азаматтар, соның ішінде көпбалалы, толық емес (ажырасқандарына кемінде 3 жыл болуы керек) және мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар мынадай құжаттарды тапсырады:  Жеке куәлік, неке туралы куәлік (неке бұзу туралы, әкесі деп тану туралы, №4 нысан), туу туралы куәлік, барлық отбасы мүшелеріне мекенжай анықтамасы, мүгедектік туралы анықтама (мүгедек болған жағдайда), меншік құқында тиесілі үй-жайдың жоқтығы туралы анықтама, бұл құжат та барлық отбасы мүшелері үшін тапсырылады. Құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері болуы шарт. Құжаттар 19-23 шілде күндері аралығында қабылданады.

«Нұрлы жер»: жеңілдетілген шарттар

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болудың шарттары жеңілдеді.
Бұған дейін Ақтөбе қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлерден пәтер сатып алу үшін үміткердің және отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда баспана тіркелмеуі және Ақтөбе қаласында тұрақты тіркеуде болуы шарт болатын. Енді бұл ережелер өзгерді, яғни, ендігі жерде соңғы 5 жылда атыңызда үйдің тіркелгені-тіркелмегені тексерілмейді, тек банкке құжат тапсырған кезде ғана үстіңізде баспана болмауы керек. Сондай-ақАқтөбе қаласында тұрақты тіркеуде болу да міндетті емес, яғни енді аудандарда тұратын салымшылар да еш кедергісіз «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына қатыса алады.

— «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 649 отбасы баспаналы болды. Жыл аяғына дейін «Нұр Ақтөбенің» 1-шағын ауданындағы 27-үйден 1341 пәтер беріледі. Өткен жылмен салыстырғанда «Нұр Ақтөбеден» осы бағдарлама бойынша үй алушылар қатары көбейді. Бүгінде жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді Ж.Қалменов.

Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бос пәтерлерді тікелей сату бойынша (19 шілде-6қыркүйек аралығында)  www.baspana.kz сайты арқылы өтінім қабылданып жатыр. Тұрғындар «Нұр-Ақтөбенің» 3-шағын ауданындағы 13-үйден 1,2,3 бөлмелі пәтерлер ала алады. Бір бөлмелі 55 пәтер бар, олардың шаршы метрі 120 мың теңгеден, екі бөлмелі — 42 (135 мың теңгеден) және үш бөлмелі 23 пәтер (130 мыңнан) бар. Аумағы 92 шаршы метрге дейін.

Сондай-ақ қазіргі кезде (14 шілде — 2-қыркүйек аралығында) 3-шағын аудандағы №10, 12 және 4-шағын аудандағы 17 үйден пәтер алу үшін де тікелей сатылым бойынша өтініш қабылданып жатыр. Барлығы 233 пәтер бар, олар таза әрлеуде тапсырылады, яғни, кілт алғаннан кейін қоныстануға жүз пайыз дайын. Пәтерге бронь қойғаннан бастап бес күннің ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалына барлық қажетті құжаттарды тапсырып үлгеру қажет. Айта кету керек, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша несие ең көп дегенде 19 жыл мерзімге 5 пайызбен беріледі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями