Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Әблязовтің ісі. Банкирдің сыбайластары кім және оларға қандай айып тағылған?

Дата: 26 июля 2019 в 15:03 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Әблязовтің ісі. Банкирдің сыбайластары кім және оларға қандай айып тағылған?

«БТА Банкі» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовке қатысты қылмыстық істің жүріп жатқанына 10 жылдан (2009 жылдың наурызынан ) асты. Сол кезде Бас прокуратура қазақстандық банкирге қатысты алғаш рет қылмыстық іс қозғаған болатын. Осыдан кейін Әблязов Қазақстаннан кетіп қалып, оған іздеу жарияланған еді. Кейінірек оның Лондонда жүргені белгілі болды.

Миллиардтаған ақша, жүздеген фигурант пен мыңдаған томнан тұратын қылмыстық іс. Соңғы деректерге сүйенсек, қазақстандық банкирдің жеті бірдей сыбайласы ұсталып отыр. Айта кетейік, Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластарына қатысты сот отырыстары бүгінде Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Франция, Ұлыбритания және Украинада өтіп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Мұхтар Әблязовке қатысты атышулы істің мән-жайына үңілді.

Әблязовтің ісі қалай басталды?

Мұхтар Әблязов 2005-2009 жылдар аралығында «БТА Банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Бірақ 2009 жылы қызметінен босатылады. Себебі ақпан-наурыз айларында Қазақстанның Бас прокуратурасы Әблязовке қатысты қылмыстық іс қозғайды. Қазақстанда Әблязовқа қылмыстық топ құрып, оған басшылық етті, БТА Банкінің қаражатын жымқырды және жекешелендірді, банк қаражатын заңсыз қолданды және қызметтік өкілін асыра пайдаланды деп айыпталды. Осыдан кейін ол Қазақстаннан кетіп қалады да, кейіннен банкирдің Лондонға кетіп қалғаны белгілі болады.

Осылайша, тамызда «БТА Банкінің» өкілдері алғашқылардың бірі болып Англияның Жоғарғы сотына Әблязов пен оның сыбайластарына қатысты шағым түсіреді де, дәл осы кезде Ресей Федерациясының Тергеу комитетіндегілер де «БТА Банкінің» мүлкі жымқырылып, алаяқтық жасалғанын анықтап, қылмыстық іс қозғайды. Англияның Жоғарғы соты Әблязовтің мүлкіне тыйым салып, оған елден кетуге де тыйым салады.

Ал 2010 жылдың желтоқсанында Украинаның тергеу органдары да Әблязовтің алаяқтыққа қатысы бар екенін анықтап, іздеу жариялайды. Бірнеше елдің құқық қорғау органдары қазақстандық банкирге іздеу салады.

2011 жылдың қаңтарында Қазақстанның Бас прокуратурасы Ұлыбританияға Әблязовті экстрадициялауды сұрайды. Бірақ Ұлыбритания қазақстандық банкирге саяси баспана беруді шешеді. Біраз уақыт Әблязов сонда тұрады. 2012 жылдың ақпанында Лондонның Жоғарғы соты Әблязовті сотқа құрметсіздік танытқаны үшін 22 айға қамауға алу туралы үкім шығарады. Кейінірек 2012 жылдың қарашасында дәл осы сот Әблязовтен «БТА Банкінің» пайдасына 2,1 миллиард теңге өндіру туралы шешім шығарады. 

2012-2013 жылдан соттағылар Әблязовті сот отырыстарына шақыра бастайды. Бірақ қазақстандық банкир сотқа да келмейді. Осылайша, Әблязов бірнеше жыл бойы сотқа шақырылады. Кейінірек 2013 жылдары қазақстандық БАҚ-тарда Әблязовтің Ұлыбританияда емес, Францияда екені белгілі болады.

Айта кетейік, 2013 жылға дейін қазақстандық банкирдің қайда екенін ешкім білмеді.

Бұдан кейін Әблязовтің отбасы — әйелі мен қыздарының Италияға көшіп кеткені хабарланады. Бірақ Қазақстанның құзырлы органдары мамыр айында банкирдің отбасын Қазақстанға депортациялайды. Осыдан кейін олар Алматыға келіп, сонда тұрады да кейін Италияға қайтуға қайта рұқсат алады. 

2016 жылдың желтоқсанында Францияның Мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы шешімді алып тастайды. Бұл шешім 9 желтоқсанда қабылданған. Нәтижесінде қазақстандық банкир үш жылдан аса уақыт бостандықта жүреді.

Қазақстандағы сот отырыстары

2017 жылдың наурызында Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Мұхтар Әблязов пен осы іске қатысы бар күдіктілерге қатысты сот отырыстары басталды. Сот алдына банк төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, банктің кредит беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов пен банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш келген болатын.

Бұл фигуранттар қылмыс жасау үшін қылмыстық ұйым құрды және ұйымдастырды, бөтеннің мүлкін иемденді және жаратты, заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастырды, банк қаражатын заңсыз қолданды және өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталған еді. Мұхтар Әблязовтің өзі бұл сотқа қатыспады, бірақ оның мүддесін мемлекет тағайындаған адвокат қорғады. Адвокат сот отырысы барысында қазақстандық банкирдің қайда екені туралы мәлімет жоқ екенін айтты.


Әблязовке қатысты өткен сот отырысы. Алматы, 2017 жыл, наурыз. © Tengrinews.kz

2017 жылдың 7 маусымында Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұхтар Әблязовті сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырды. Банк төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов 5 жылға, банктің кредит беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов 15 жылға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды. Ал банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Әблязовтің сыбайластары не дейді?

Биыл маусымда қазақстандық банкирдің 7 сыбайласына қатысты іс прокуратураға жолданған болатын. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Тергеу департаментінің басшысы Сергей Перов хабарлаған еді. Айта кетейік, оларға қатысты тергеу жұмыстары биыл мамыр айында ғана аяқталған. 

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Бас прокуратура Ресейдің үш азаматына — Артур Трофимов, Максим Хаблов, Анар Әбдіхаимова, Ержан Кадесов пен үш қазақстандыққа — Анатолий Погорелов, Валерий Налобин, Зәуре Жүнісова айыптау актісін бекітті.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Мұхтар Әблязовпен бірге тағы 16 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны белгілі болды. Қазіргі уақытта оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Тергеу департаментінің басшысы Сергей Перовтың сөзіне қарағанда, күдіктілер Әблязовтің барлық әрекетін ашық айтып берген. Енді бұл іс Алматы сотында қаралады.

Әблязовтің сыбайластары. © Видеодан алынған кадрлар

Айта кетейік, күдіктілер «БТА Банкінің» қаражатын жымқыруға көмектесті деп айыпталып отыр. Сонымен қатар, Жемқорлыққа қарсы қызметтегілер Қазақстанға өз еркімен оралған үш сыбайласының сотталғанын еске салды.

«Күдіктілер үнемі жасырынудан, біреулер ұстап әкете ме деп қорқып жүруден, туыстарынан алыс жүруден, қорқынышта өмір сүруден шаршағандықтан, Қазақстанға оралғандарын айтты. Ал неге осыған дейін елге оралмауына Әблязовтің сыбайластары себеп болғанын айтады. Айтуларынша, банкирдің сыбайластары күдіктілердің барлығын қорқытқан. Оларды белгілі бір адамдар бақылап жүрген. Мұның барлығы Әблязовтің қылмыстық әрекеттері жайлы ашып айтып бермеуі үшін және ешқандай дәлелдер болмауы үшін жасалған», — деген еді Сергей Перов.

Ведомство өкілі шетелде жүрген осы күдіктілерге қатты қысым көрсетілгенін айтып өтті. Күдіктілердің сөзіне сенсек, Әблязовтің сенімді адамдары олар Қазақстанға келген бетте бірден қамауға алатындарын айтып үркіткен.

Cондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілердің айтуынша, Әблязов бастапқыда шетелде жүрген күдіктілердің барлығына материалдық көмек көрсетіп келген. Алайда ол көмек ұзаққа созылмаған болып шықты.

Күдіктілердің нақты немен айналысқанына тоқталатын болсақ, Артур Трофимов Ресей аумағындағы ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған. Кейінірек бизнесмен Өзбекстан аумағынын ұсталады да Қазақстанға экстрадицияланады. Ал банкте заңгер болып жұмыс істеген тағы бір күдікті Максим Хаблов күдіктілер Анар Әбдіхаимова мен Валерий Налобиннің бақылауында болған компанияның шартты түрдегі басшысы қызметін атқарған. Қалған күдіктілер Ержан Кадесов пен Зәуре Жүнісова Венгрияда ұйымдасқан қылмыстық топты басқарып келген. Сондай-ақ, тағы бір күдікті Анатолий Погорелов — «БТА Банкінің» несиелеу комитетінің төрағасы БАӘ-де дәл осындай ҰҚТ-ны басқарып отырған.

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями