Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін. Қазақстандықтар неге Facebook-ке әуес

Дата: 14 мая 2019 в 16:33 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін. Қазақстандықтар неге Facebook-ке әуес

Қазақстандықтар көп қолданатын Facebook әлеуметтік желісін ашқан Марк Цукерберг бүгін 35 жасқа толып отыр. Осыдан 15 жыл бұрын 20-ға енді толатын студент ойлап тапқан желіні бүгінде бүкіл әлем қолданады.

Цукерберг 23 жасында Facebook-тің арқасында ең жас миллиардер атанған. Бұл жоба 2004 жылы 4 ақпанда ашылған еді. Thefacebook деп аталған веб-сайт басында тек Марк оқитын Гарвард университетінің студенттеріне ғана арналған еді. 2006 жылдан бастап бұл сайтқа әлемнің кез келген тұрғыны тіркеле алатын болды.

Ең атақты желі жатақханада ашылған

2004 жылы Марк жатақханадағы шағын ғана бөлмесінде Thefacebook сайтын жасап шықты. Қасында тағы үш студент болған: Эдуардо Саверин (Facebook-тің алғашқы қаржыгері), Дастин Московиц пен Крис Хьюз (көмекші бағдарламашылар).

Уақыт өте келе Facebook деп өзгертілген веб-сайт Гарвард студенттері арасында тез танымал болып кетті. Себебі бұл сайт көп адамға қарапайым дүние сыйлады: бір-бірімен оп-оңай ақпарат алмасу.

«Гарвардта Facebook-ті ашқан күніміз әлі есімде. Сол кезде Гарвардта адамдар бір-бірімен сөйлесе алатын желінің пайда болғанына қуандым. Болашақта біреу бүкіл әлемге тарайтын дәл осындай желі жасап шығатынына сенімді болдым. Бірақ сол адам біз боламыз деп ойлаған да жоқпын. Біз жай ғана студент едік. Мұны бізден бұрын ешкімнің жасамағаны әлі таңғалдырады», — дейді Цукерберг сол кездерді есіне алып.


©EastNews

Болашақ миллиардер университетке арналған сервисін бүкіл әлемдік жобаға айналдыра алды. Бүгінде Facebook-ке тіркелген адамдар саны 2 миллиардтан асады. Желі әлемде ең көп қаралатын веб-сайттардың үздік үштігіне кіреді. Ол Google мен YouTube-қа ғана жол беріп тұр.

Бір қызығы, Марк Цукерберг басқаратын Facebook Inc. компаниясына ақпарат алмасуға арналған ең үздік сервистер кіреді: Facebook, Instagram, WhatsApp.

Мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар Instagram-ға қарағанда Facebook-ке көбірек тіркелген. Instagram-ға 1,5 миллион қазақстандық тіркелсе, Facebook-та 2,5 миллион қазақстандық бар.

Facebook-те неге қоғамдық-саяси пікірлер көп жазылады?

Ал Facebook-те белсенді қазақстандық блогері Өркен Кенжебектің айтуынша, бұл желіде негізгі сөз тыңдайтын аудитория төрт-бес жыл бұрын шоғырлана бастаған. Бұған дейін Twitter-ді белсенді қолданатын көш кейін Facebook-ке ауысты. Оның өз себептері де бар.

«Facebook-тің сондай алып бара жатқан алапат функциялары жоқ. Бастысы — ішіңді тесіп бара жатқан мәселеңді біреудің қабырғасын қақыратып тұрып жазуға болады. Кеңінен. Сол ғана. Қауымдастықтар құруға болатыны, мессенджерімен жазуға болатыны... Ал былай басқа әлеуметтік желілерден айырмашылығы жоқ. Әрине, Facebook осы лектің алдында болған соң, бар марапат соның атына жазылатыны да анық», — дейді блогер.

Facebook-те басқа желілерге қарағанда қоғамдық-саяси пікірлер жиі жазылады.

«Бұл жастық ерекшелікке байланысты. Telegram-да пікір жаза алмайсың — кері байланыс жоқ. Twitter — тым қысқа, оның меншндерін ешкім қарап отыра бермейді. Instagram әдемі фотоға лайықталды. Ал әдемі фотоның астына сен қалай негатив жазасың? Сондықтан қоғамдық-саяси мәселелерді талқылауды Facebook өзіне алып қалды», — дейді Өркен Кенжебек.


©imagebroker.com

Оның айтуынша, Марк Цукербергке тиесілі үздік екі әлеуметтік желіні бір-бірімен салыстыруға келмейді. Facebook пен Instagram-ның өз аудиториясы бар.

«Instagram-ның басты ерекшелігі — онда жеке фотоны жақсы көреді. Ал жеке фотоңды салған соң, оған жеке мысалыңды жазасың. Лашмейкерге барғаныңды, шашыңды қиғаныңды, қайда қыдырғаныңды дегендей. Сосын жарнамалық мәтінге лайықталды Instagram. Шабадан сату, ұялы телефон сату. Әрі бұған аудитория өте лоялды қарайды. Сондықтан, Instagram тамақ салатын фудблогерлер, саяхаттайтын трэвел-блогерлер, косметиканы талдайтын фэшн-блогерлер, әзіл түсіретін вайнерлер секілді бірнеше категорияны туғызды. Ал Facebook бұл жағынан мәтінге басымдық бергендіктен, қоғамдық пікірдің иелері мен саяси блогерлердің мекені болып қалды», — дейді ол.

Қазақстандық зейнеткер Светлана Иманқұлованың Facebook-ке тіркелгеніне бір жылдан асқан. Ол осы әлеуметтік желінің пайдалы тұстары көп екенін айтады.

«Жасым 65-те. Зейнетке шыққан соң, смартфон алып, Facebook-ке тіркелдім. Пайдалы жерлері көп екен. Көбіне жаңалықтар оқып отыру үшін қолданамын. Одан бөлек, туыстарымның көбі сонда. Соларға жазып, немерелерімнің хал-жағдайын біліп тұрамын. Оның үстіне мұнда туған күндерді еске салатыны ұнайды. Бүгін қай туысымның туған күні екенін көремін де, құттықтай қоямын», — дейді ол.

Сотқа Facebook арқылы шақыратын қай ел?

15 жылдық тарихы бар әлеуметтік желі көп адам өмірінің бір бөлігіне айналған. Қызының есімін соның құрметіне Фейсбук деп атаған әке де бар. Осы орайда назарларыңызға Facebook желісі туралы қызықты деректерді ұсынамыз:

— Facebook-ті бірнеше тілде қолдануға болатын. Желі 70-тен аса тілге аударылған.
— Facebook құрылғалы оны ірі компаниялар Цукербергтен сатып алуға тырысты. Бірақ Марк оны Microsoft, Yahoo және Google компанияларына сатудан бас тартқан.
— Мысырда төңкерісшілердің бірі қызының есімін Фейсбук Джамаль Ибрагим деп қойған. Сол арқылы ол  мысырлық төңкерісте маңызды рөл атқарған әлеуметтік желіге құрметін білдірген.
— Бүкіл әлемге танылған «лайк» жүйесін алғаш рет Facebook пайдаланған. Бүгінде көптеген платформалар мен сервистер осы «ұнады» жүйесін қолданады.

— Facebook-тің неге көк түсте жасалғанына нақты себеп бар. Цукерберг — дальтоник, ол тек көк түстің реңктерін жақсы ажырата алады.
— Аустралияда тұрғындарды Facebook-тегі жеке парақшасына жазу арқылы сотқа шақыртады. Егер қолданушы бұл хабарламаға жауап бермесе, ол жазаға тартылады.
— Ал Флоридада сот этикасының комитеті судьялар мен адвокаттарға Facebook-те бір-бірін достыққа қосуға тыйым салды.
— Сирия, Қытай, Вьетнам мен Иранда Facebook желісі жабық.

Айтпақшы, Facebook желісіндегі ресми парақшамызға жазылыңыздар.

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями