Үкіметтік емес ұйымдар — сенімді серіктес

Дата: 04 мая 2019 в 11:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Үкіметтік емес ұйымдар — сенімді серіктес

Үкіметтік емес ұйымдар — халық пен билік арасындағы алтын көпір. Қазіргі таңда облыста 626 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның 200-ге жуығы белсенді түрде жұмыс жасайды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Анаға тағзым» орталығында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Ашық диалог үлгісінде өткен жиында ұйым басшылары өздерін толғандырып жүрген проблемаларды ортаға салды.

Басқосуда облыс әкімі ұсыныс-пікірлердің назарға алынатынын айтты.

— Ақтөбедегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына талдау жүргіздім. Ауқымы өте кең. Қариялардан бастап кішкентай балалардың мәселесіне дейін қамтылған. Үкіметтік емес ұйымдар тікелей саясатпен айналыспайды. Бірақ әлеуметтік проблемаларды шешуде үлес қосып, жанашырлық танытады. Қазір ұсыныстар түсіп жатыр. Әрине, барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан атқарушы орган ең алдымен қоғамда қандай мәселенің өзекті екенін анықтап, соған қарай жұмысты жоспарлауы керек, — деген облыс басшысы үкіметтік емес ұйымдарды бірігіп жұмыс жасауға шақырды. Қоғамдағы кейбір мәселелерді халыққа түсіндіруде аталған ұйымдардың рөлі зор екенін айтты. «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айгүл Дүйсенованың айтуынша, соңғы үш жылда  мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы көлемі ұлғайған. Бүгінгі күні осы бағытқа бес жүз миллионнан астам қаражат қарастырылған. Білім беру, денсаулық сақтау, ішкі саясат, дін істері секілді өзге де бағыттарда үкіметтік емес ұйымдар белсенді түрде жұмыс жасап келеді. Жиынға қатысушылар өзекті проблемаларын ортаға салды.  «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан Байдербес батыр қыз Әлияның аяулы анасы, өмірден ешқандай қызық көрмей, небәрі отыздан асқан шағында көз жұмған Маржан Молдағұловаға «Анаға тағзым» орталығынан  бір бұрыш арнаса деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында Шалқар ауданынан майданға аттанған  90 қызға әлі күнге дейін құрмет көрсетілмей келе жатқанына қынжылыс білдірді.

— Бір ауданнан осыншама қыздың қолына қару алып Отанын қорғағаны туралы  тек біздің облыстан ғана тіркелген. Еліміздің өзге өңірлерінде  бұндай дерек  жоқ. Өкініштісі, батыр қыздарымызды ұлықтау кемшін түсіп отыр. Мен 2010 жылы бір шара өткіздім. Содан кейін тоқтап қалды.  Ескерткіш орнатып, көше атауы беріліп немесе оқулыққа енгізу туралы  қандай да бір құрмет көрсетілген жоқ, — деген Ғалымжан Байдербес облыс әкімінен осы мәселеге назар аударуын сұрады. Оңдасын Оразалин ұсыныстарды мұқият тыңдап, мәселені жан-жақты талдап, жауап беретінін айтты. «Қазақстанның отбасылық дәрігерлерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша ұйымының жетекшісі  Татьяна Острецова емделмейтін ауруға шалдыққан науқастарға көмек беру және олардың отбасы мүшелерінің өмірін жеңілдету, оларға психоәлеуметтік, моральдық қолдау көрсету, яғни паллиативті көмек көрсету мәселесін көтерді. Ал «Невада-Семей» ядролық сынаққа қарсы қозғалысының Батыс аймақтық филиалының директоры Ізімғали Көбенов онкологиялық аурулардың алдын алу, емдеу мәселесін қозғады. Оның айтуынша, медициналық университеттің құзырына өткен онкологиялық аурухана облыстың шалғай ауылдарындағы халықтың денсаулығын қадағалауға мүмкіндігі жетпейді. Арыз-шағым өте көп. Ал университеттің негізгі міндеті — сапалы білім беру. Осы мәселелерді айтқан Ізімғали Көбенов «Невада-Семей» қозғалысына биыл 30 жыл толғанын, осыған орай облыс әкіміне ұсыныстары бар екенін айтты. Оңдасын Оразалин филиал директорын жеке қабылдайтын болды. «Парасат ғылым» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Көшкінбай Ахметов қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторларды сынақтан өткізу керек деген ұсыныс білдірді. «Семей полигонының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Қамысбаев 2008 жылдан бері полигонда әскери борышын өтеп, көз жұмған боздақтарға ескерткіш орнату мәселесін көтеріп келеді. Осы уақытқа дейін облыс басшылығына бірнеше рет хат жазғанымен мәселе сол күйінде қалған. Соңғы жазған хатына ғана жауап келіпті. Облыс басшысы қала әкімдігіне ескерткішті қай жерге салу керектігін және қаржы мәселесін шешу туралы тапсырма берген. Болат Қамысбаев мәселеге бейжай қарамаған Оңдасын Оразалинге алғысын айтты.

Жиында облыс әкімі осы және өзге де проблемаларды  мұқият тыңдады. Бұндай ашық диалог алдағы уақытта да өтетінін айтты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Поделитесь новостью с друзьями