Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Үш ғасырдың куәсі

Дата: 11 января 2019 в 11:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Үш ғасырдың куәсі

Ақтөбе қаласының құрылғанына биыл 150 жыл толады! Үш ғасырдың куәсі болған құтты мекеннің тамыры сонау ХІХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында жатыр. ХІХ-ХХ ғасырларда негізі қалану, қалыптасу, даму дәуірлерін басынан өткерген шаһар ХХІ ғасырды өркендеумен, гүлденумен бастады. Бүгінгі Ақтөбе — ғасырлармен бірге өскен, уақытпен бірге өркендеген, заман талабына сай өркениеттің барлық игілігін пайдаланып отырған және миллион тұрғыны бар алып қалаға айналуға бет бұрған қала.

Ақтөбенің алақандай уезден үлкен қалаға айналған бір жарым ғасырлық тарихы 1867-69 жылдардан басталады. 1867–1868 жылдары Ресей империясы үкіметіҚазақстан аумағында әкімшілік реформа жүргізгені тарихтан белгілі. Қазақ даласындағы би-сұлтандардың биліктегі ықпалын азайтып, империялық басқару тәртібін енгізуді мақсат еткен реформаның нәтижесінде жер-жерде генерал-губернаторлар басқаратын әскери сипаттағы бекіністер пайда болды. ІІ Александр патшаның 1867 жылдың 11 шілдесіндегі Қазақ даласын басқару туралы Ережесіне һәм 1868 жылдың 21 қазанындағы бұйрығына сәйкес, Торғай облысы құрылды. Ақтөбе бекінісі соның құрамына енді.

Ақтөбе туралы ескі құжаттарды ақтарғымыз келіп, облыстық мемлекеттік мұрағатына барған едік. Мұрағат қызметкері Сағыныш Төремұратованың айтуынша, мұнда дәл осы 1967-68 жылдарға апаратын құжаттар жоқ. Мұндағы тарихи құжаттардағы деректер 1917 жылдан басталады. Дегенмен,Сағыныш Төремұратовамен бірге Ақтөбенің негізі қаланған уақыты туралы жазылған естеліктер мен қалалық журналдағы деректерді қазбаладық…

 Мұрағатта сақталған Ақтөбе уезінің алғашқы тұрғындарының бірі Василий Можайскийдің жазбалары мен сол уақытта осы кісінің бастамасымен жарық көрген «Актюбинский вестник» қалалық журналы — қала тарихы туралы мәліметтер сақталған ең ескі дереккөздер.

— Ақтөбе уезі қазақ жеріндегі отаршылдық саясатты күшейтуге бағытталған Александр патшаның бұйрығы негізінде құрылған бекіністердің бірі —  Торғай облысы құрамында болды. Қазақ жерінің түкпір-түкпірінде құрылған мұндай бекіністер негізінен әскери бағытта болды: жер-жерде әскери нысандар салынып, оларды генерал-губернаторлар өз ықпалында ұстады. Жаңа отаршылдық саясаттың салдарынан жергілікті ұлттың өзін-өзі басқарудағы ықпалы мүлде азайып, патша билігі белең ала бастады. Бұл жергілікті халықтың басқыншыларға қарсы көтерілуіне алып келді. Елек пен Қобда өзендері бойын мекендеген халық арасындағы бас көтерулерді басу үшін 1869 жылдың наурыз айында Круторожиннің отряды, одан соң 9 мамырда граф Борхтың екінші отряды жіберілген. Олардың құрамында Орынбор казактарынан тұратын екі рота, жүздеген орынборлық казактар мен 14 артиллерист болған. 1869 жылдың 14 мамырында Борх отряды ешқандай қарсылықсыз Ақтөбе мекенін басып алып, төбеніңсолтүстік беткейіндегі шығыс баурайына орналасып, бекініс салуға бірден кірісіп кеткен, — дейді Сағыныш Төремұратова.

С.Төремұратованың қолындағы құжаттарда әрі қарай былай дейді: бекініс аумағы екі төбенің үстін  тұтастай алды.Бекініс терең ормен қоршалып, жарылғыш дәрілер сақталатын жерқоймалар жасалды, айнала зеңбіректер қойылды. Төбелердің арасына казармалар құрылысы салынды.

— Василий Иванович Можайскийдің отбасы — Ақтөбеге алғаш көшіп келген отбасылардың бірі. Сол кісінің жазбаларында мынадай естеліктер бар:

«…анадай жерде арасы бөлінген екі төбе бар еді. Оңтүстік беткейіндегі төбе кішілеу, ал солтүстіктегісі үлкендеу. Оңтүстік төбеде екі-үш құрылыс көрінеді, ал солтүстік беткейдегі төбенің биіктеу тұсында шығыңқы бір нәрсе байқалады. Кейін белгілі болғандай, оңтүстікте казармалар, ал солтүстік төбеде терең ормен қоршалған дәрі сақтайтын жерқоймалар салынған, ордың жиектері шығыңқы болып тұр екен. Төбенің ең жоғарғы тұсында ұлы Мамай ханның ұрпағы Қарасай батырдың бейітінің қалдықтары жатқан болатын…». Торғай әскери губернаторының 1869 жылдың қазан айындағыжылдық есебінде «аңыз бойынша Мамай ханның ұрпағы Қарасай батыр жерленген төбенің биігінде Ақтөбе бекінісінің салынғаны» туралы айтылды. Біздің қаламыздың іргесі осылай қаланған, — дейді С.Төремұратова.

Бүгінде тарихи құжатқа айналған Можайскийдің жазбалары мен «Актюбинский вестник» қалалық журналындағы деректерге сүйенсек, Ақтөбе бекінісінің орналасуы оны салушылар үшін өте ыңғайлы болған: төбе үстінде тұрғандықтан, айналаны бақылау мүмкіндігі жоғары болыпты. Оған қоса осы жерде сауда-саттықты дамыту мақсаты қойылған, соның нәтижесінде Ресей империясыен далаға орыстарды қоныстандырып, өндірістік орталықтар құруды көздеген.

1878 жылдың көктемінде Ақтөбеге Воронеж, Тамбов, Рязань, Харьковьтан шаруалар көшіп келе бастаған. Бекініске қоныс аударғысы келетіндер саны көп болған, сондықтан Торғай облысының губернаторы Крыжановский жоғарғы жаққа Ақтөбе бекінісіне қалалық, селолық елді мекендер салу құқын беру туралы өтініш жолдаған.Орынбордан келген уезд басшысы Шлиттер құрылыс салатын жерді анықтап, Сазды өзенінен батысқа қарай жер жыртып, егін егуге рұқсат етті.

1880 жылы Ақтөбе бекінісіне капитан Сунгуров бастық болып тағайындалғаннан кейін бірінші қоныстану жоспары жасалған. Бұл туралы «Актюбинский вестник» журналының 1913 жылы жарық көрген мақалаларында айтылады.

— 1878 жылы солтүстік төбенің солтүстік-батыс жағында бірінші қоныстанушылардың алғашқы үйлерінің құрылыстары салынды. Осылайша Ақтөбенің алғашқы көшесі пайда болды. Бұл көшеге Старожительская деген атау берілген. 1913 жылы бұл көше  Александровская, 1930 жылы Либкнехт атындағы көше болып өзгерген. Ал 1992 жылдан бастап бұл көшеге Шернияздың есімі берілді. Яғни ескі қала жақтағы Шернияз көшесі — Ақтөбенің ең алғашқы көшесі, — дейді С.Төремұратова.

1879 жылдың наурыз айында тағы 16 отбасы көшіп келген. Олардың жартысы төбенің батыс баурайына қарай орналасқан, жартысы алғашқы көшенің екінші жағынан қоныс тепкен. 1980 жылдың маусымында үш отбасы көшіп келіп, солтүстік беткейге қазығын тігіп, тағы бір көшенің негізін қалады. Екінші көше Илецкая деп аталды, кейін Орынбор, 1924 жылы Ленин көшесі аталды. Ал бүгінде бұл көше  Әйтеке би атында.

— 1878-1879 жылдары осы екі көшенің оңтүстігінен жоғарғы Татар ауылынан көшіп келген саудагерлерге орын берілген. 1884 жылдан бастап Ақтөбенің екі бөлігі — Төменгі және Жоғарғы ауылдар болып бөлінді. Жоғарғы ауыл «Татарка» деп те аталды, себебі бұл жерде негізінен саудагер татарлар қоныстанған болатын. 1887 жылы Дон жағынан қоныстанушылар келіп, Жоғарғы ауылдың оңтүстігін ала үйлерін тікті. Нәтижесінде «Новочеркасский» деп аталатын жаңа ауыл пайда болды, оны жергілікті халық «Оторвановка» деп те атап кетті.  Ал Жоғарғы ауылда қалалық сауда қатарлары орналасқандықтан, бұл жер «қала» атауын иеленді. 1883 жылы Торғай облысына Александр Проценко әскери губернатор болып тағайындалғаннан кейін Ақтөбеде құрылыстар қарқын ала бастады. Ол жыл сайын Ақтөбеге келіп, қоныстанушылармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап отырған, барлық тұрғындарға жер беріліп, құрылыс салу ісін бастаған. 1887 жылы ПроценкоАқтөбе бекінісі тұрғындарының барлығынан жер алғаннан кейін екі жылдың ішінде міндетті түрде тұрғын үй салуды, айналаны қоршауды өз міндетіне алған қолхаттар талап еткен. Егер бұл міндет мерзімінде орындалмаса, жер кері қайтарылып, басқа адамдарға берілетіні, кейін ол адамға ешкім өз ауласынан жер беруге құқығы жоқтығын айтып, бұйрық берген. Бұл бұйрық Ақтөбедегі құрылыстың тез қарқын алуына септігін тигізген, — дейді С.Төремұратова.

Осылайша Ақтөбе бекінісінің аумағы бірте-бірте кеңейе берген. Жаңа көшелер, жаңа кварталдар пайда болған. 1887 жылы Торғай облысы губернаторы тарапынан егіндік және жайылым жерлерін адам басына есептеп беру мәселесі жолға қойылады. Осылайша, Ақтөбе әскери бекінісі бірте-бірте егіншілік елді мекенге айналып, бастапқы кейпін өзгертті. 1891 жылы 25 наурыз күнгі Ережеге сәйкес, Ақтөбе бекінісі Ақтөбе уездік қаласына айналған…

@AQTOBE_150JYL

Ақтөбе қаласының іргесінің қаланғанына 150 жыл толу тойы тұсында қалалық әкімдік тарапынан арнайы мерекелік жоспар әзірленіп жатыр. Ол туралы газетіміздің алдағы сандарында толығырақ айтамыз. Сол жұмыстардың бір бөлігі — той туралы әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, Ақтөбенің тарихы мен бүгінгі өмірі туралы ақпараттар беру. Қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, қазір фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілерінде арнайы парақшалар ашылды. «@aqtobe_150jyl аккаунты бойынша ашылған парақшада қаланың алғашқы қалыптасу кезеңінен бүгінге дейінгі тарихы мен мәдениеті туралы ақпараттар беріліп, тарихи суреттер жүктеледі. Бұл оқырманға қала тарихы жөнінде қызықты мағлұматтармен танысуына мүмкіндік береді», — дейді К.Айдарханова.

Осы парақшада жарияланған бірқатар суреттерді беруді жөн көрдік:

Ақтөбе бекінісіне 1878-1879жылдары ішкі Ресейден — Воронеж, Курск, Харьков, Тамбов губернияларынан, Орынбор губерниясы — Орск, Илецкіден қоныс аударушылар келіп орныға бастады. Осы жерлерде Оренбургская, Илецкая көшелері пайда болды.

1891 жылы 25 наурызда Ақтөбе әскери бекінісі ресми түрде қала деп аталды. ХХ ғ. басына дейін Торғай облысының құрамында болды.

Қазіргі Әйтеке би көшесінде (ең алғашқы Илецкая көшесі) ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында сауда дүкендері болған. Осы жердегі Коноплев көпестің үйінің орнында қазір облыстық халық шығармашылығы үйі орналасқан.

Қаланың өркендеуіне теміржол құрылысының салынуы үлкен әсер етті. 1901жылы алғаш Ташкентте, ізінше Орынборда осы екі қаланы Ақтөбе арқылы жалғастыратын теміржол құрылысы басталды. Машинист А.В.Гаврилов «Шайтан арба» деп аталатын алғашқы паровозды жүргізді. Ол Ақтөбеге Саратовтан жер аударылып келген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.