Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Қармағымды қап, балық!..»

Дата: 09 января 2019 в 10:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Шалқар ауданында жыл сайын дәстүрге айналған «Жас балықшылар» сайысы биыл үшінші мәрте ұйымдастырылды.

Жастар арасында балық аулау кәсібін дамытуда салауатты өмір салтын насихаттап, балықшылар қоғамын құру мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Бауыржан Қаниев бастаған аудан азаматтары қатысты. Күннің салқындығына қарамастан сайысқа белсенді түрде аудан мектептері де атсалысты. Атап айтсақ, аудандағы №1 мектеп-гимназия, №2 мектеп-гимназия, №5 мектеп-лицей, №3, №4, №6, №8 жалпы орта білім беретін мектептер, сондай-ақ І.Үргенішбаев атындағы орта мектеп оқушылары сайыста ұйымшылдық танытты.

Сайыс қорытындысы бойынша I орынды №6 орта мектеп оқушылары, II орынды І.Үргенішбаев атындағы орта мектептің оқушылары, III орынды №4 орта мектептің оқушылары иеленді. Сайыс соңында жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Шалқар көлі маңында бес сағатқа созылған бұл спорттық сайыста жастар балық аулап қана қойған жоқ, бос уақытын тиімді ұйымдастырып, достық қарым-қатынаста болды. Айта кету керек, аудан әкімінің бастамасымен, аудандық білім бөлімінің қолдауымен өткен шараны Оқушылар сарайы жоғары деңгейде өткізді.

 Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

КӘСІПКЕРДІҢ ҮЛЕСІ

Әйтеке би ауданының Ақкөл ауылында Мұз айдыны ашылды.

Аталған мұз айдынын «Қонысбай» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Сатмағанбетов салып берді.

Мұз айдынының ашылуына ауыл тұрғындары жиналды. Салтанатты шараның лентасын қию рәсімі ауыл ардагері Орынбасар Смайлов пен облыс көлеміндегі спорттық жарыстардың жеңімпазы Ұлан Қалимовке табысталды.

Шара барысында Ақкөл ауылдық округінің әкімі Рахила Сейтова жиналғандарды мұз айдынының ашылуымен құттықтап, кәсіпкер Мұрат Сатмағанбетовке ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, кәсіпкер бұған дейін де бірнеше рет ауылдың көркеюіне өз үлесін қосып, демеушілік көрсеткен.

Егенберлі ӘБДІРАЕВ,

Әйтеке би ауданы.

ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Жуырда «Темір» аудандық газеті редакциясының Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала» акциясы аясында мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған «Өнегелі өмір» байқауының қорытындысы жарияланды.

Шараға ата-аналар мен жас тілшілер жиналып, аудандық «Темір» газетінің редакторы Бердіхан Әділханов байқаудың маңыздылығына тоқталып, бір топ жеңімпазды марапаттады.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды «Менің атам — абзал жан» атты мақаланың авторы, №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Аяулым Тәжіғали жеңіп алды. Ал ІІ орын «Менің атам» мақаласының авторы Көпжасар Дәулетке бұйырса, ІІІ орынды «Өнегелі өмір» мақаласымен №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының

4-сынып оқушысы Нұрсұлтан Шапағат иеленді.

Байқаудың жеңімпаздары «Темір» газетінің арнайы дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Шарада жүлдегерлерді «Темір» газетінің жауапты хатшысы Әбдісәли Дәулетбаев пен газеттің белсенді қоғамдық тілшілерінің бірі Нұрсұлтан Ілияс құттықтап, жас талапкерлерге шығармашылық табыс тіледі.

Шара соңында газет ұжымы мен байқауға қатысушылар естелік суретке түсті.

Нұрбек СҰЛТАНҒАЛИ,

Темір ауданы.

СУПЕРМАРКЕТ: 5 МЫҢ ТАУАР ТҮРІ САТЫЛАДЫ

Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында «Дина» супермаркеті ашылды.

Аудан тұрғындарының игілігіне тарту етілген жаңа супермаркетті «Лучшее решение» ЖШС құрылтайшысы Асхат Кабиев ашты.

Айта кету керек, жаңадан ашылған сауда орнында 70 жергілікті тұрғын тұрақты  жұмыспен қамтылды.

Бүгінде супермаркет сөрелерінде жалпы бес мыңға жуық тауар түрі сатылымға қойылған. Оның ішінде нан, сүт өнімдері мен көкөніс, жеміс-жидек, сондай-ақ, түрлі кондитерлік өнімдер бар.

Алтын СҮЛЕЙМЕН,

Мұғалжар ауданы.

ЖАҢА КЛУБ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жуырда Саралжын ауылдық округінде заманауи үлгідегі жаңа клуб ашылды.

Жаңа клубтың құрылысына облыстық бюджеттен 65 миллион 520 мың теңге бөлінген. Аталған клуб — ауданда тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғаш жаңадан салынған мәдениет ошағы. Себебі, бұған дейін аудандағы клубтар күрделі жөндеулерден өткенімен, ешқандай ауылда жаңа клуб салынбаған. Сондықтан Жаңа жыл мерекесі қарсаңында саралжындықтарға үлкен қуаныш сыйлаған жаңа клубтың ашылу салтанатында аудан әкімі Дастан Сағыров пен еңбек ардагері, Ойыл ауданының құрметті азаматы Жақсылық Бисалиев қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.

Шарада аудан әкімі Дастан Сағыров халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Саралжын дәрігерлік амбулаториясына жаңа санитарлық автокөліктің кілтін табыстады. Бұдан кейін салтанатты жиында жыл қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік, білім, мәдениет, спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Олардың қатарында жеке кәсіпкер Қармыс Жаманов, Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің мұғалімі Ғалия Бахаева, аудандық облыстық оқушылар арасындағы білім сайыстарында жеткен жетістіктері үшін Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің оқушысы Мейірбек Жексенов, Саралжын ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері Аманжол Шаңбасов, Ақкемер ауылдық, клубының мәдени ұйымдастырушысы Тұрғангүл Сағынова, Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Мөлдір Сабырова, т.б. бар.

Жаңа клубтың лентасын ауыл ақсақалы, Ойыл ауданының құрметті азаматы Жақсылық Бисалиев, еңбек ардагері Еділ Жаниязов, зейнеткер Талжібек Тайшыбаева қиды.

Шара «Ақ әже» халықтың ансамблінің «Ақ әжелер әуені» атты мерекелік концертімен аяқталды.

 Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.