Тұңғыш Президент күніне тарту

Дата: 01 декабря 2018 в 12:43 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Тұңғыш Президент күніне тарту

Биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінде облыстың барлық аудандарында әлеуметтік ғимараттар, спорт алаңдары пайдалануға беріліп, елді мекендерде газ, ауызсу құбырлары іске қосылады. Сондай-ақ мереке күндері өңірде көптеген мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен…

Мереке күні Алға ауданында 20 жылдан астам уақыт пайдаланусыз тұрған Үшқұдық Мәдениет үйі және ұзақ жылдардан соң қайта қалпына келтірілген Қарақобда ауылдық клубының ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ бала санының азаюына байланысты толық пайдаланылмай тұрған Қарабұлақ орта мектебі ғимаратының бір бөлігі «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қарабұлақ ауылының перзенті Марат Қойлыбаевтың демеушілік жасауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, ауылдық клубқа айналды. Аталған ғимарат мереке күні пайдалануға берілмек.

Ауданда жеке кәсіпкер, «Айбек» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Самат Қалдығұловтың «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қарабұлақ ауылдық округінің Амангелді ауылында өз қаржысына салған 100 орындық Мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылады. Сонымен қатар ауданда ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Алға аудандық Мәдениет үйінде 14 ақынның қатысуымен «Алға — алтын бесігім, жадымда әркез есімің» атты облыстық ақындар айтысы өтеді. Аталған шарада ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпкерлер марапатталады.

Мереке күні Басқұдық ауылдық округі Тымабұлақ ауылында ауыз су құбыры іске қосылады. Сондай-ақ аудандық Мәдениет үйінде «Елбасы — еліміздің мақтанышы» атты мерекелік концерт ұйымдастырылып, «Елбасы жолы» фильмі көрсетіледі. Сонымен қатар аудандық музейде «Ұлылықты ұлықтаған ұлы тұлға» атты танымдық шара мен «Тарих танытқан тұлғалар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі.

ҚР Тұңғыш Президент күніне орай Әйтеке би ауданының барлық округтерінде мерекелік концерттік бағдарламалар, басқосулар, байқаулар, танымдық кештер мен дәріс сабақтар, көрмелер мен сынып сағаттары өткізіледі. Қарабұтақ ауылдық клубында мектепаралық «Жайдарман» ойыны ұйымдастырылып, Жабасақ орта мектебінде шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисінен мектепішілік біріншілік өтеді.

Тұңғыш Президент күніне орай Байғанин ауданының Қопа, Ащы, Көлтабан, Жарқамыс, Қызылбұлақ ауылдық округтерінің аумағында орналасқан мұнай кен орындарына, атап айтсақ, «Экологические технологии — ХХІ век», «Сағыз Петролеум Компани», «Фэлкон Ойл энд Гэс ЛТД», «Аман Мұнай», «ҚазақОйл», «ҚазақТүрікМұнай», «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамына аудандық ақпараттық топ мүшелері барып, Елбасының Жолдауы мен мақаласын түсіндіреді және мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Мереке күні аудан орталығында бірқатар спорт алаңы мен балалар ойын алаңы, хоккей корды пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Жарқамыс ауылдық округінде жаңа заман талабына сай салынған 150 орындық Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өткізіліп, ауыз су құбыры іске қосылады. Сонымен қатар Кемерши, Ебейті ауылдық округтерінде де ауыз су құбыры пайдалануға беріліп, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Тұңғыш Президент күнінде Қарғалы ауданының орталығындағы Мәдениет үйінде «Кемеңгер Елбасы – ырысы елімнің» атты аудандық байқау ұйымдастырылып, «Тарихта қалатын адам» атты ақпараттық сағат, сондай-ақ «Ұлт көшбасшысы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі. Сонымен қатар мереке күні аудандағы барлық ауылдық округтерде «Ел сыйлаған Елбасы» тақырыбында концерттік бағдарламалар өткізіліп, білім беру мекемелерінде тақырыпқа сай түрлі экскурсиялар, тәрбие сағаттары, ауыл жастарының қатысуымен сурет байқауы, спорттық ойындар ұйымдастырылады.

Мереке күні ауданда аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсетіліп,  акциялар өткізілмек.

Тұңғыш Президент күнінде Қобда ауданында 2 екі қабатты 8 пәтерлік жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй, «Денсаулық» аллеясы, Жиренқопа ауылында салынған қонақүй мен спорт алаңы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Талдысай, Калиновка ауылдарында су құбырлары іске қосылады.

Мереке күні ауданда ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, «Нұр Отан» партиясына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі, аудандық Мәдениет үйінде «Әлем таныған Елбасы» атты салтанатты жиын өтеді. Сонымен қатар тұрғындарға «Елбасы жолы» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылып, ұлттық киімдер, қолөнер және әшекейлер көрмесі өткізіледі.  

Бұл күні ауданның барлық ауылдық округтерінде кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, салтанатты жиындар өтеді. Мектептерде тарихи-танымдық кештер, «Елін сүйген Елбасы» тақырыбында тәрбие сағаттар, интеллектуалдық ойындар, сурет көрмелері және «Елбасы – ел тірегі» атты мерекелік іс-шаралар жоспарланған.

Бұл ауданда мереке күні бірқатар жаңа нысандар пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, Сарыжар ауылдық округінде су құбыры іске қосылып, «Дисней клуб» балабақшасының салтанатты ашылуы өтеді. Ауданның кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданның футзалдан әуесқойлар чемпионатының 5-6 кезеңдері өткізіледі. Барлық ауылдарда мерекелік концерттер өтіп, мектептерде танымдық кештер, тәрбие сағаттары, кітап көрмелері мен спорттың әр түрінен жарыстар ұйымдастырылады.

Аудандық аурухана басшылығы Тұңғыш Президент күнінде дүниеге келген сәбилердің аналарын аудандық перзентхана бөлімінде құттықтап, құрмет көрсетеді. Сондай-ақ еркін күрестен жасөспірімдер арасында және шахматтан ардагерлер арасында аудан деңгейінде жарыстар өткізіліп, аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.

Тұңғыш Президент күнінде Мұғалжар ауданы Ащысай ауылдық округі Ақсу ауылында және Егіндібұлақ ауылдық округі Бұлақты ауылында ауызсу құбырлары іске қосылып, саябақтар пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Ембі қаласында иллюзионист Сұлтанғали Шүкіровке қойылған бюстің ашылу салтанаты өтеді.

Ауданда мерекеге арналған «Елбасы күні — елдікке құрмет» атты салтанатты шара ұйымдастырылып, онда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданның көркеюіне зор үлес қосқан азаматтар «Жомарт жүрек» номинациясымен және арнайы Алғыс хаттармен марапатталады. Сонымен қатар барлық елді мекендерде мерекеге арналған концерттік бағдарламалар өткізіледі.

Тұңғыш Президент күнінде аудан орталығында ақ тарының атасы, әйгілі рекорд иесі Шығанақ Берсиевтің ескерткіші салтанатты түрде ашылады. Сондай-ақ бұл күні шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер халыққа қолжетімді бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынады. Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде мемлекеттік қызметшілер арасында спорт түрлерінен аудандық спартакиада өтеді. Орталық саябақта мерекелік гала-концерт ұйымдастырылып, аудандық Мәдениет үйінде жастарға арналған «Елбасы жолы», «Жұлдыздар тоғысқанда» атты көркем фильмдер көрсетіледі. Сондай-ақ барлық ауылдық округтерде ауылшаруашылық жәрмеңкелері мен мәдени-спорттық шаралар өтеді.

Мереке күні Темір ауданы Кеңқияқ ауылында жаңадан салынған «Ырысты ана» мешіті, әмбебап балалар ойын алаңы және Шұбарши елді мекенінде 140 орындық балабақша салтанатты түрде ашылады.

Сондай-ақ бұл күні аудан әкімі Нұрсұлтан есімді балалармен кездесіп, Елбасы туралы «Қазақтың дана-кемеңгер ұлы»  атты библиографиялық шолу, «Ел таңдаған Елбасы» атты танымдық кеш, «Елбасына хат» инстасайысы, аудандық жастар слеті өтеді.

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ересектер арасында волейболдан аудандық турнир, Н.Байғанин атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Елбасы жолы» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылады.

Жалпы мереке күндері ауданның 11 ауылдық округіндегі барлық мәдениет ошақтарында, білім беру ұйымдарында, спорттық нысандарда оқушылар арасында «Бейбіт елдің балалары», «Елбасы даналығы» атты қолөнер және сурет көрмелері, «Дара тұлға, дана тұлға — Елбасы» атты танымдық-библиографиялық шолулар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері арасында «Елбасы — ұлт мақтанышы» атты ауданаралық байқау, жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық турнир өтеді.

Хромтау

ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Дөң ауылдық округінде мектепке дейінгі балаларға арналған шағын орталық пайдалануға беріліп, Ақжар ауылдық округіне қарасты Жазық ауылында газ құбыры іске қосылады.

Мереке күндері аудан көлемінде «Елін сүйген Елбасы» атты концерт ұйымдастырылып, барлық ауылдық округтерде кітап көрмелері, танымдық кештер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, дәріс сабақтары өткізіледі. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында таэквондодан ашық біріншілік, волейболдан ерлер арасында ашық турнир және 2005-2006 жылы туған қыз балалар арасында ашық біріншілік өтеді. Аудан орталығындағы сауықтыру-дене шынықтыру кешенінде ерлер арасында қазақ күресінен аудандық ашық турнир өткізіледі.

Бұл күні Шалқар қаласында көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және бюджеттік сала қызметкерлеріне 8 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйдің кілті табысталады. Сондай-ақ, аудан орталығында «Қанағат» супермаркеті, Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты Байқадам ауылында Мәдениет үйі және Мөңке би ауылында балабақша пайдалануға беріледі.

Шалқар аудандық Мәдениет үйінде «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты мерекелік концерт, тоғызқұмалақтан аудандық жекелей біріншілік және бокстан жасөспірімдер арасында аудандық біріншілік өткізіледі. Сонымен қатар мереке күні аудандағы 12 ауылдық округте мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіледі.

ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Ырғыз ауданындағы Нұра, Мамыр ауылдарында тораптық ауызсу құбыры және Белшер ауылындағы сумен қамту желілері іске қосылып, Нұра, Мамыр, Белшер ауылдарының тұрғындары ауызсумен қамтылады. Айта кету керек, Белшер ауылындағы сумен қамту желілерінің құрылысын «НұрСтройОйыл» ЖШС жүргізген. Жоба құны — 172241,0 мың теңге. Ал Нұра, Мамыр ауылдарына жүргізілген тораптық ауызсу құбырының сметалық құны — 633 917 000 теңге.

Мереке күні Ырғыз ауылындағы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы саябақта және ауылдық округтерде мерекелік мәдени-көпшілік, спорттық шаралар, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі. Сондай-ақ «Жігер» спорт кешенінде үстел теннисінен 2005-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында аудандық біріншілік өтеді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.