«Жастар сәбиін проблема деп қабылдайды» — 34 жасқа дейін 7 бала тапқан Айжан

Дата: 14 ноября 2018 в 14:23 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта TengriNews

\"Жастар сәбиін проблема деп қабылдайды\" - 34 жасқа дейін 7 бала тапқан Айжан

Астанада Айжан есімді батыр ана тұрады. Ол 34 жасына дейін жеті бала босанған. Қазір жолдасы Бауыржан екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Алтын алқа иегері Айжан Әбдіманбекова Tengrinews.kz тілшісіне көпбалалы отбасының өмірі жайлы әңгімелеп берді.

Анам «Отырған қыз орнын табады» дейтін

Мен 1981 жылы Арқалық қаласында дүниеге келдім, 23 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым Бауыржан Әбдіманбеков Жамбыл облысы Көлбастау ауылының 1980 жылғы тумасы. Анам маған үнемі «отырған қыз орнын табады» дейтін, көп қыдыруға рұқсат бере бермейтін, ол үшін ренжімеппін де. Жолдасым екеумізді көршіміз таныстырды, барлығымыз көрші тұрдық. Сөйтіп, көрші жігітке тұрмысқа шықтым. Отбасын құрар алдында үш жыл бойы кездесіп жүрдік. Үйленгенде жолдасым — 24, мен 23 жаста болдым.

24 жасқа толар кезде тұңғышымыз Әлімхан өмірге келді. Одан кейін, 2006 жылы Жанар деген қызымыз, 2008 жылы — Жансая, 2010 жылы Әли деген батырымыз, 2012 жылы Дана деген қызымыз бен 2015 жылы Нұрәли, Ерәли деген егіз ұлымыз дүниеге келді.

Үлкен ұлымыз сегізінші сыныпта оқиды, футболды қатты жақсы көреді, үйірмесіне қатысады. Жанар — алтыншы, Жансая бесінші сыныпта оқиды. Олар би үйірмесіне барады. Одан кейінгі Әли деген ұлымыз екінші сыныпта оқиды. Көпбалалы отбасында бір ерекше бала болады, біздің Әлиіміз — сондай, ерекше бала. Барлығын бірден ұғып алатын, ақылды, әр айтқан сөзінің жаны бар бала. Екі жасынан «президент боламын» деп айтатын. Дана деген қызымыз жақында алтыға толады, одан кейінгі екі ұл Нұрәли мен Ерәли тура бір айдан кейін үш жасқа толады.

Әр бала дүниеге келген сайын материалдық жағдайымыз жақсара түсті

Жолдасым құрылыс саласында жұмыс істейді. Өздері отбасында үш ағайынды — үш ұл. Сол үш ұл бірігіп құрылыспен айналысатын жеке кәсіпкерлік ашқан. Бауыржан өте сабырлы адам. Кез келген жағдайды ақылға салады, ашуға берілмейді және қандай қателік болса да жазаламайды, екі жоғары білімі бар, кітапты көп оқиды. Ал өзім кондитермін, негізгі мамандығым есепші. Мамандығым бойынша 2 жыл қызмет еттім. Алайда балалар өмірге келгеннен кейін кәсіпті үйде отырып дөңгелету ыңғайлы болды. Қазір тапсырысқа торт пісіремін, аспаздық цехта жұмыс істеймін. Бұл кәсіпке 12 жасымнан бастап әуестене бастадым. Үйдегі журналдардан рецепт көрсем қиып алатынмын. Кейін жолдасым да тәттіні жақсы көретін азамат болып шықты. Бастапқыда тек үйде пісірдім, кейін көршілер көріп, тапсырыс бере бастады, сөйтіп сүйікті кәсібіме айналды.

Көпбалалы болған жақсы, өз басым бір-екі баламен шектелетін отбасыларды түсіне алмаймын. Әрине, кейбірінің денсаулығы жоқ немесе бала көтере алмай жүргендер болады, оларды түсінуге болады. Ал кейбірі денсаулығы бар болса да балалы болудан қашады, асырай алмаймын деп қорқады. Өз басым бір баламда «осыларды қалай өсіремін, қалай жеткіземін» деп ойлап көрмеппін. Себебі әр баланың өз ризығы бар. Шынымды айтсам, отбасымызда әр бала дүниеге келген сайын біздің материалдық жағдайымыз жақсара түсті.

«Көпбалалы аналар тәрбиеге мән бермейді» деп ойлайтындар бар

Осыдан үш-төрт жыл бұрын біреудің әңгімесін естідім, ол маған қатысты болған жоқ, десек те сол сөздер жаныма қатты батты. Бір адам «Баланы туа беріп, туа беріп, ешқандай тәрбие жоқ», деді. Солай ойлайтындар бар. Көпбалалы аналар баланы туа беруді біледі, тәрбие беруді білмейді, тәрбиеге мән бермейді деп есептейді. Жоқ, керісінше, баланың саны көп болған сайын тәрбиеге бөлінетін назар да еселене түседі. «Бұларда бала көп, тәрбие жоқ демесін» деп кірген-шыққан сайын құлақтарына құйып, саналарына жаза беремін. «Балам, сенің жұмысың, мақсатың — жақсы оқу. Ешкімге қатты сөз айтпа, ешкімді ренжітпе, ең бастысы мұғалімді тыңда, қабағыңды түймей жүр, үлкен кісілермен амандаспай өтпе» деген сөздерді үнемі айтып отырамыз.

Қазіргі балаларды бұрынғылармен салыстыруға келмейді. Сондықтан алдағы өмірлерінде үлкен бір қателіктерге ұрынбау үшін барлық жағдайды ашық айтып, ескертіп отырамыз, ұлға да, қызға да. Шаңырағымызда анамыз бар — енем, ал атамыз жоқ. Ол кісі ертеректе қайтыс болған, мен көре алмадым. Анамыз 33 жыл балабақшада тәрбиеші болған. Ол кісінің маған көмегі орасан зор. Балаларға қарасып, ақылын айтып, тәрбиелеп, оқуларына жіті мән береді. 

Құдай берсе, өмірге тағы балалар әкелемін

Егер Құдай тағы бала берсе, өмірге тағы балалар әкелемін. Қазіргі жастар баланы бала емес «проблема» деп көреді. Егер баланы проблема деп қабылдасаң, ол шынымен де саған проблема болады. Егер баланы көтерген сәттен қуансаң, ол бала саған қуаныш қана әкеледі. Жеті балада да жүкті екенімді білген сәтте бірінші рет бала көтергендей қатты қуандық. Солардың бірінің бізді мазалап, қинаған кезі болған емес, себебі біз олардың әрбірін қуаныш, бақ пен береке деп қабылдадық.

Жүктілік кезінде жолдасым көп көмектеседі. Жүктіліктің бастапқы апталары жеңіл өте бермейді, токсикоз, жеріктік дегендер пайда болады. Сондай кездерде тамақ жасасып, болмаса барлығымызды көлігіне салып алып дәмханаға кешкі асқа апарады. Көпбалалы болған соң үйдің іші үнемі тап-таза болып тұра бермейді, оны да жинауға көмектесіп, арасында балаларға «аналарыңа көмектесіңдер, біз көппіз, ол жалғыз, шаршайды, шаршатпайық» деп қояды. Мұндай сөздер мені қанаттандыра түседі. Арқама екі қанат бітіп, сол қанатты жая түсіп, керісінше, күшім артқанын сезінемін.

Армандар орындалады...

Қазір жастардың көбі отбасын құрады да, көп ұзамай ажырасып кетіп жатады. Оның себебі ақылда. Отбасы болғаннан кейін түрлі жағдай туады. Сондай қиын кезеңде ашуға емес, барлығын ақыл таразысына салып, жарыңа құрметпен қарап, сабырлық таныту керек. «Ажырасайық» десе келісе салып, басқа біреуге үйлене салу деген кеңінен етек алып барады. Біреудің өміріне қызығудың қажеті жоқ, отбасындағы қиындықтарға төзіп, сабырлық танытқан жұпта барлығы болады, оны өмірлік тәжірибемнен білемін.


Суреттер Әбдіманбековтер отбасының жеке мұрағатынан алынды.

Әзірше балаларым кішкентай, армандарым көп. Мектепті жақсы бітіріп, дұрыс мамандық таңдап, жақсы өмір сүрсе екен деймін. Әр баламды мінезіне, икеміне, табиғатына қарай бір-бір мамандық иесі қылып елестетемін. Армандау керек, себебі армандар міндетті түрде орындалады...

Оқи отырыңыз:

«Әр баланың несібесі бар» — Дүниеге он ұл әкелген батыр ана