Жылу беру маусымының басталуы — ерекше бақылауда

Дата: 13 октября 2018 в 16:52

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Жылу беру маусымының басталуы — ерекше бақылауда

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен аралаған кезінде «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабындағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қызметін тексерді. Мұнда облыс басшысы орталық қазандық пен қосымша 96 Гкал жылу өндіру үшін оны кеңейту бойынша құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Қазандық кеңейтілген соң оның жалпы қуаттылығы 156 Гкал-ге дейін артады, бұл «Нұр Ақтөбенің» қазіргі тұтыну деңгейінен асады. Құны 1,6 млрд теңге тұратын жобаны жүзеге асыру жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталды. Оның қажеттілігі тұрғын үй алабының дамуына және тұрғындар санының өсуіне негізделген. Облыс әкімі «Казтеплоэнергомонтаж» ТС мердігер мекемесінің басшысы Алмас Ысмағұловпен әңгімелесу кезінде жаңа қазандықты осы жылғы 15 қарашаға дейін пайдалануға беруді тапсырды.

— Ақтөбеліктерді жылумен қамтуда проблема болмауы керек, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев қала басшылығы мен коммуналдық кәсіпорындар өкілдеріне қарата айтқан сөзінде.

 

Сондай-ақ, облыс басшысы «Восточная» және «Ақжар-2» қосалқы бекеттерінің кеңейту және құрылыс жұмыстарымен танысты. Жобаларды жүзеге асыру сенімділікті арттырып, «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабы тұрғындарын үздіксіз энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, Бердібек Сапарбаев Ақтөбеде тұңғыш рет салынып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсатысы бар жерүсті жаяу жүргіншілер жолын қарап шықты. Олар қаланың ең үлкен көлік артерияларының бірі — Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы «ДСК» және «Әлия» автобус аялдамаларының жанында орналасқан. Аталмыш нысандарды салу қажеттілігі интенсивті көлік қозғалысы салдарынан туған. Өйткені даңғылдың көлік жүретін жолдары — алты жолақты. Әрбір көпірдің ұзындығы — 32 метр, биіктігі — 6 метр. Ғимарат іші жаяужол тақталарымен жабылып, әйнекті поликарбонат қоршаумен жабылған және қозғалыс әсерінен жанатын ақылды жарықтандыру жүйесі орнатылған. Екі нысанның да құрылысы аяқталып қалды, құрылысшылар металл құрастырылымдарды бояу жұмыстарына көшті.

Облыс әкімі Ақтөбедегі тұңғыш ашылып отырған Баспасөз үйінде де болды. «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның бұл — іші кең, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген төрт қабатты ғимаратында облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, «Ақтөбе», «Адырна» және «Үштаған» журналдарының, «Aktobenews» сайтының ұжымдары және баспахана орналасқан. Таяу уақытта мұнда баспасөз орталығы жұмыс істей бастайды. Бұдан басқа «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге ғимарат ішіне қаладағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін бизнес-инкубаторды орналастыру жоспарланып отыр. Бердібек Сапарбаев жұмыс кабинеттерін, қосалқы және техникалық бөлмелерді қарап шығып, баспасөз мұражайын ашу жоспарымен, жақын маңдағы аумақтарды, соның ішінде журналистер аллеясын абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.