Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы: облыс экономикасының даму қарқыны 105 пайызды құрап отыр

Дата: 16 августа 2018 в 13:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті жиырма екінші сессиясы өтті.

Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары, басқарма басшылары қатысты.

Сессияда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша есеп берді.

Сессияда облыс басшысы әр саладағы көрсеткіштерге жеке-жеке тоқталып, алда атқарылатын жұмыстарды да атап өтті.

Оның айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласында жобаларды жүзеге асыруға 3,9 млрд теңге қаржы бөлініп, 240 жоба қолдау тапқан. Биылғы 6 айдағы нақты көлем индексі  — 4,7 %, жалпы мөлшері — 73 млрд теңге.

Шағын және орта бизнес саласы бойынша биыл жобаларды жүзеге асыруға 1 млрд теңге қаржы бөлінген, оның ішінде 6 айда 24 жобаға қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта 22 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ биыл автокөлік жолдарын жөндеуге және қалпына келтіруге бюджеттен 43 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 82 пайызға артық.

Сондай-ақ биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобаларын жүзеге асыру үшін бюджеттен тыс 32 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күні облыста жалпы құны 56 миллиард теңгеге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 128 жоба жүзеге асырылуда.

Өз сөзінде облыс басшысы 29 тамыз —  Ядролық сынақтарға қарсы бүкіләлемдік күрес күніне орай Астана қаласында Елбасының қатысуымен ақтөбелік кәсіпкерлердің демеушілігімен салынып жатқан «Бейбітшілік қабырғасы» салтанатты түрде ашылатынын айтып, белгілі компания басшылары мен кәсіпкерлерге алғысын жеткізді.

Бұдан кейін мәслихат депутаттары облыс әкіміне абаттандыру, автокөлік жолдарының жай-күйі, педагогикалық мамандар мен дәрігерлердің жетіспеушілігі, өзін-өзі жұмыспен қамту, т.б. мәселелер бойынша өз сауалдарын қойды.

Сессияда «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 8 желтоқсандағы №217 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева баяндама жасады.

Оның айтуынша, облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылған жалпы шығындар мөлшері — 3 083 049,3 мың теңге. Оның ішінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 1 221 500 мың теңге, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 772 214,0 мың теңге, облыстық кәсіпкерлік басқармасына 242 000,0 мың теңге, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 187 895,0 мың теңге, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына 93 760,0 мың теңге, облыстық білім басқармасына 109 354,0 мың теңге қарастырылған.

Мәслихат депутаттары облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылған қаржыны  мақұлдап, дауыс берді.

Сессияның күн тәртібінде сондай-ақ «Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы мамандарға 25 пайызға жоғарылатылған лауазымдық еңбекақылар мен тарифтік мөлшерлемелерді белгілеу туралы», «Ақтөбе облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидасы туралы», «Ақтөбе қаласының бағалау аймақтарының шекараларын және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін бекіту туралы»,  комиссия құрамына өзгерістер енгізу туралы, т.б. мәселелер қаралды.

Бұдан кейін облыстық мәслихат депутаттары Дмитрий Довматенко, Светлана Айтбаева, Асхат Айтжановтар депутаттық сауалдарын жолдады.

Сессияның соңында депутаттар күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдап, дауыс берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.