Популярные темы

Елге шапағаты тиген адам

Дата: 30 июня 2018 в 11:12


Елге шапағаты тиген адам

Байзақ Бижанов есімін Байғанин өңірінің өткен ғасырдың қырықыншы-елуінші жылдарындағы тұрғындары ерекше құрмет тұтқан. Бұлай болатын себебі, сол уақыттарда ол осы ауданда дәрігер болып қызмет етіп, халықтың денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек еткен.

Орынбор губерниясының Қуандық ауданына қарасты Жаңатаң ауылында 1913 жылы дүниеге келген оның Қостанай медициналық техникумын бітіргеннен кейінгі өмір жолы Байғанин ауданымен біте қайнасады.

1938 жылы осында аудандық емхананың меңгерушісі қызметіне кіріседі. Арада екі жыл өткенде аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметіне бекітіледі. Содан 1951 жылы өмірден өткенше осы салада еңбек етіп, білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсайды. Аудандық кеңестің депутаты болып сайланады.

Сол кездері ағаның көзін көрген Ниетжан Беріков былай дейді: «Байзақ ағаның қол жеткізген үлкен шаруасы — облыстық денсаулық сақтау бөлімінен санитарлық авиация көмегін ұйымдастырды. Оймауыт, Доңызтау, Сам мал жайылымдарында қиналған ауру немесе босана алмай жанұшырған әйелдерге авиация көмегімен дәрігерлерді дер кезінде жіберіп, көмек көрсетті.

1945 жылғы 29 желтоқсанда өткен еңбекшілер депутаттары аудандық кеңес атқару комитетінің кезекті сессиясы мәжілісінде сөз сөйлеп, «Мал шаруашылығын өркендету адамға, малшыларға байланысты. Сондықтан ең алдымен колхозшылар мен малшылардың денсаулығын сақтап, таза ұстау керек. Олардың үстін, үй ішінің таза болуын қамтамасыз ету керек. Ол үшін әрбір колхозда жабайы болса да монша салу керек. Бұдан былай тазалық жұмысы туралы колхоз басқармасы төрағаларының баяндамасы атқару комитеті отырысында тыңдалсын, колхозшылардың денсаулығын сақтау ісіне аса көңіл бөліп отыру керек», — депті. Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы болып қызмет атқаратын Байзақ Бижановтың бұл жанайқайынан халық қамы үшін мазасыздануды, адам тағдырына алаңдауды сезінеміз.

«Ақбұлақ» колхозы колхозшылары өздерінің сайлау округінен Байзақ Бижановты 1947 жылы аудандық кеңестің депутаттығына кандидаттыққа ұсынады. Сол жиында сөз алған колхоз партия ұйымының хатшысы Баубеков: «Бижанов жолдас — Қазақстан Коммунистік партиясының мүшесі. Осы ауданда сегіз жылдан астам уақыт денсаулық сақтау мекемесінде қызмет істеп келеді. Оған халық сенімін ақтайды деп сенемін» — дейді. Бұл ұсынысты Тамабаева, Бекжановтар қолдайды.

Шынында да, ол депутат ретінде өз міндетін жоғары жауапкершілікпен атқарады. Аудандық кеңестің бір сессиясында сөйлеген сөзінде Жаңажол ауылдық кеңесіне қарасты монша үйін аудандық тұтынушылар қоғамы дүкен ретінде пайдаланып отырғанын қатаң сынап, мұның өзі халық денсаулығын қорғауға қарсы шара ретінде деп қабылдайды.

Байзақ Бижановтың өз уақытында қоғамдық белсенділік көрсетіп жүргенін байқау қиын емес. Мәселен, аудандық «Социалистік ауыл» газеті арқылы халықты түрлі дерттерден сақтандыру, аурудың алдын алу бағытында ағартушылық сипаттағы мақалаларын тұрақты жариялап тұрған. «Жұқпалы аурулардан сақтану жолдары» атты мақаласында ақ халатты абзал жан: «Ауданымыздың кейбір жерлерінде құрт аурулары, әсіресе теңге қотыр, сондай-ақ жүрек ауруы бар екені байқалады. Бұл аурулармен ауырған адам бірден төсек тартып жатып қалмайды, кейде ауырғанын да сезбейді. Адамның қан тамырларын осы аурулардың құрты тегіс жайлағаннан кейін ғана ауру зардабы біліне, күшейе бастайды», — деп халыққа түсінікті де ұғынықты тілмен баян етіп, сақтану жолдарын айтып береді.

Байзақ Бижановтың еңбегі еленбей қалған жоқ. Соғыс жылдарындағы айбынды еңбегі облыстық атқару комитетінің шешіміне сәйкес медальмен атап өтілді. Бірнеше рет грамоталармен марапатталды.

— Әкеміздің көзін көрген Айнақұл Қожанов, Аққиян Қонарбаева, Бірған Сұлтанова беріректе естеліктерін айтып, ол туралы жылы лебізін білдіргенде қатты қуанып қалдық, — дейді Байзақ атаның қызы Ақния.

Балалары заман талабына сай мамандық алып, әкенің жақсы атын жалғастырды. Үлкені Яков — инженер-электрик, Қанаты инженер қызметінде өз ұжымдарында беделді, іскер маман болды. Бүгінде олардың екеуі де дүниеден өтті.

Ақниясы — қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәнінің мұғалімі қызметтерін абыроймен атқарды.

Балаларынан тараған немерелері — Айгүл, Талғат, Әсел, Әлия ата есімін ілгері күнге алып келеді.

…Уақытта тоқтам жоқ. Алайда өзі өмір сүрген дәуірде елге шапағатын тигізген, халық қамқоры болған абзал жандар есімі ешуақытта ұмытылмайды. Солардың бірі Байзақ Бижанов есімі де ел жадында жақсы істерімен жаңғыра бермекші.

Нұржан ДОСБОЛОВ.

Поделитесь новостью с друзьями