Жоба тағы жаңғырды

Дата: 19 июня 2018 в 11:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Облысымызда жүйелі де нәтижелі атқарылып келе жатқан тиімді шаралардың бірі — «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы. Өткен жылы да екі рет жүзеге асырылған бұл шара биылғы жылы сәуір айында да жалғасын тапқан болатын.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен аталмыш шараны жүзеге асыру жуықта тағы да қолға алынып, кеше алғашқы күнгі шаралар өткізілді. Бұл шаралар ең әуелі 18-22 маусым аралығында Ақтөбе қаласы мен Жаңақоныс, Қурайлы, Сазды, Қарғалы, Благодарный селолық округтерін қамтиды.

Жалпы «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асыру барысында өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу мен діни экстремизмге жол бермеу, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асуын түсіндіру мен өңірдегі бизнестік ортаны одан әрі дамыту тәрізді бұған дейін де нақтыланып келе жатқан жайларға ерекше назар аударылады.

Халықпен жұмыс жасау кезінде қала және ауыл тұрғындары арасында «Дін және қоғам», «Діни тұрақтылық — қоғам қауіпсіздігінің кепілі» «Экстремизм мен терроризмді насихаттайтын интернет ресурстарының қауіптілігі», т.б. тақырыптарда кездесулер өткізіліп, «Адасқанның айыбы жоқ» атты деректі фильм көрсетіледі. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры «Үлкен сұрақ» атты қойылым ұсынады.

Селолық округтерде «Жақыныңа көмектес» атты қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, балалар мен ересектерге дәрігерлік көмектер көрсетіледі, тұрғындарды білікті дәрігерлер қабылдайтын болады.

Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мен кәсіпкерлікті жүргізу, несие беру, т.б. мәселелерге байланысты дөңгелек столдар ұйымдастырылып, шеберлік кластары өткізіледі.

Департамент басшылары мен қоғам қайраткерлерінен, сарапшылар мен теологтардан арнайы жасақталған төрт топ бұдан да басқа көптеген шараларды жүзеге асыруға белсене қатысады.