«Бәрі де сіздер үшін…»

Дата: 26 мая 2018 в 02:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Кеше Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, «Бәрі де сіздер үшін…» атты салтанатты жиын өтті.

Жиынға мереке иелерімен қатар, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, мәдениет саласының ардагерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Мәдениет және өнер қызметкерлері — әр мерекеде, туған жердің береке-бірлігі жолында ұйымдастырылып жатқан сандаған шараларда, күнтізбедегі күннің қызылмен белгіленгеніне, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, халыққа қызмет көрсетіп, шапқылап жүретін жандар.Мерекелік жиын үшін арнайы дайындалған шағын қойылымда олар өздерінің осы қарбалас өмірлерінің қызығы мен шыжығына тағы бір көз жіберісті.

Қойылымннан кейін, сахнаға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шығып, құттықтау сөз сөйледі:

— Мемлекеттің абырой-беделі, халықтың рухани дамуы, әр адамның ішкі жан дүниесінің байлығы, міне, осының бәрі қашаннан да мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегіне тәуелді. Ақтөбе топырағы — қазақ мәдениетінің бүгінгі биігіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар көптеп шыққан жер. Қазіргі күні мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген жерлестерімізді бізәйгілі Жұбановтардың, Шернияз бен Нұрпейіс ақындардың, Қазанғап күйшінің көшін жалғастырушылар ретінде құрметтейміз. Барша әлем танитын Димаштай әнші, «Мен қазақпын» халықаралық мега жобасының жеңімпазыАрдақ Елеусіз сынды күйші — сол кешегі бабалардың жалғасы. Ақтөбеде жаңадан ашылып жатқан өнер ошақтары, жастар мен балалардың арасында жиі ұйымдастырылатын өнер байқаулары — сол бабалар көшін алда да үзіп алмау, болашаққа жеткізу мақсатымен қолға алынған істер. «Ел іші — өнер кеніші» дегендей, әсіресе, ауылдағы таланттардың танылуына көбірек жағдай жасалса дейміз. Бүгінгі мереке күні мен мәдениет қызметкерлерінің тек руханиятқа ғана емес, елдегі тұрақтылықты сақтауға, ел экономикасын өркендетуге де үлкен үлес қосып отырғанын атап айтқым келеді. Өз еңбектеріңіз арқылы сіздер бізді қанаттандырып, жақсы армандар мен жарқын күндерге жетелеп келесіздер. Сол үшін сіздерге үлкен алғыс айтамын. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтап, еңбекте де, отбасында да жақсылықтар тілейміз, — деді облыс басшысы өз сөзінде.

Салтанатты жиында мәдениет және өнер саласын өркендетуге үлес қосып жүрген бір топ үздік қызметкер түрлі марапаттарға ие болды. Олардың бірқатары, атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатымен наградталған және облыс әкімінің сыйлығына ие болған қызметкерлер өз марапаттарын өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолынан алды. Облыс әкімінің сыйлығына ие болғандарға 100 мың теңге көлемінде сыйақы сертификаттары қоса табысталды. Марапатталғандар арасында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Мақсұтова, Қобда аудандық мемлекеттік архивінің меңгерушісі Нұрбибі Ещанова, облыстық мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Аслан Мәмедов, облыстық Халық шығармашылығы үйінің редакторы Гүлнәр Сейталина, А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің артисі, күйші Асылбек Кенегесов, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері Нұрсұлтан Айтқалиев, «Мы вас любим» клоунада театрының артисі Нұрлан Айбасов, Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Шамшат Әбдіразақов, облыстық зағип және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының директоры Гүлстан Хамзина, т.б. бар. Сонымен қатар, «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығының директоры Лаура Мәйтекова облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәдениет саласының ардагерлері — Өтеміс Әкімов пен Рысжан Ілиясованы арнайы құттықтап, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Ұзақ жылдар бойы облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарып, оны еліміздегі ең үздік музейлер қатарына қосқан, Ақтөбе жеріндегі киелі орындарды зерттеу ісіне сонау Кеңес заманынан үлес қосқан Рысжан Ілиясоваға «Үздік өлкетанушы» төсбелгісі қоса табысталды.

Жиында Өтеміс Әкімов те сөз сөйлеп, осы саланы көркейту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ, салтанатты шарадаоблыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және ҚР салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалы тарапынан да бір топ үздік қызметкерге марапаттар табысталды. Жиында барлығы 42 адамға марапат тапсырылды. Жиын соңы концертке ұласты.

Индира ӨТЕМІС.

Читайте также