Тағылымды жан еді…

Дата: 19 апреля 2018 в 10:52

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Халықтың қай кезде де өз қалаулы азаматтары болады. Сондай ізгілікті, ізеті мол жандардың бірі Мәжит Құлтанұлы Тәжіғұлов болатын. Ол облыстың басқару органдарында ұзақ жыл қызмет істеді. Мәселе онда да емес, бізді Мәкеңнің үлкен адамгершілік абзал қасиеті, жан-жағына жақсылық жасауға ұмтылып, көпшілікке жанашыр жасау ниетінің үнемі көрініп тұратын қасиеті табындыратын. Сондай жақсы адам туралы бүгін сөз қозғаудың реті келіп тұрғанына қуаныштымын.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы, жетпісінші жылдарының басында бұрынғы Темір, Жұрын және Алға аудандары шаруашылықтарының ізімен Октябрь ауданы құрылып, орталығы Қандыағаш қаласы деп белгіленді. Міне, осы уақыттарда Мәкең осында ауылшаруашылық басқармасында бас маман болып қызмет істеді.

Мамандығы агроном, «сіздің мамандығыңыз агроном» десе, «немене, ученый агроном дегенді қимай отырсың ба?» — деп күлдіретін. Сол уақыттан бастап жақын танысып кетіп едік.

Жылдар жылжып өтіп жатты, Мәкеңнің іскерлік келбеті, үлкен адамгершілік қасиеті ескерілмей қалмады. Сол уақыттағы биліктің тізгінін ұстаушы облыстық партия комитетінің ұсынысымен Мәкеңе бірнеше лауазымды жұмыстар сеніммен тапсырылды.

Әуелі шаруашылық басшысы, кейіннен Байғанин аудандық атқару комитетінің төрағасы, одан соң ауданның бірінші хатшылық жұмысына дейін сайланып, осы жұмыстарды мінсіз атқарып, үлкен абырой-беделге ие болды. Халықтың мұң-мұқтажын жақсы түсінетін, керек жағдайда қол ұшын аянбай беретін. Мейірім-шарапаты мол, парасаты биік басшы бола білді.

Мәкеңнің жүріп өткен өмір жолы, Мәкең мақсат еткен ғұмыр бұл — ұлағатты азаматтың өмір жолы. Бұл жол қатар жүрген жолдас-жораларына, замандастарына ой тастайтын, ал жастарға үлгі болатын өнегелі азаматтың өмір жолы еді. Мәкең өзін әр уақытта да бір қалыпта ұстады, адамдық, азаматтық қалпын жоғалтпады, биліктің буына берілмеді. Мансапқа масаттанбады.

Ол зейнетке шыққаннан кейін де осы мінезінен айнымады. Қазақта «Семіздікті қой көтереді» деген мақал бар. Өмірде әртүрлі адамдар кездеседі. Кейбіреудің жұмысы жоғарыласа, мансабы өссе, бұрынғы жолдастарынан, достарынан, тіпті жақын туыстарынан да аулақтанып, өзін-өзі көсем көріп, орынсыз мақтанып, «Бәрін өзім жасап жатырмын, өйтіп жатырмын, бүйтіп жатырмын, бәрі қирап, бүлініп қалған екен, өзім келіп түзетіп жатырмын», — деп өзіне-өзі жарнама жасап, бос мақтанышқа салынып отыратын адамдар жиі кездеседі. Осындай адамдар туралы Абайдың тілімен айтылған:

Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,

Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды, —

деген сөз бар.

Мәкеңді еске алғанда екінің бірі «Ол өзі басқарған Октябрь ауданының Димитров атындағы кеңшарды, яғни артта қалған шаруашылықты түзеді, алдыңғы қатарға шығарды», — деп көп айтады. Бірақ Мәкеңнің өзі «мен түзедім, көтердім», — деп айтқан емес.

Оның ерекше бір қасиеті, өз ісін қысқаша айтқанды, тұжырымдап жеткізгенді жақсы көретін. Ол «партия комитетінің мәжілістерін, пленумын да, тіпті партия конференциясын да өте ұзаққа созбай, бітіруге тырысатын едім», — деп айтып отыратын. «Көпсөзділікті, бір мәселені қайта-қайта қайталауды ұнатпаймын», — деуші еді. Мәкеңнің бөтен кісілерге ұқсамайтын ерекше қасиетінің тағы бірі — өзінен бұрынғы қызмет істеп кеткен басшыларды жамандамайтыны.

Байғанин ауданын бірнеше жыл басқарып, үстінен бірде-бір арыз-шағым болмай, өзінің сұрануы бойынша Ақтөбе қаласына, облыстық партия комитетіне келіп, бірнеше жыл қатарынан осы қызметті атқарды.

Мәкеңдер Ақтөбеге көшіп келгеннен кейін бірнеше отбасы жақсы танысып, яғни аралас-құралас, ниеттес, бірімізбен-біріміз дәмдес болып тығыз байланыста болдық. Яғни бірнеше отбасы болып араласып тұратын топ құрдық. Бұл топта бастапқыда тоғыз отбасы, одан кейінгі жылдарда одан да көбейді. Бұл ұйымымызды «Колхоз» деп атадық. Әлі де солай атаймыз. Колхозымыздың мүшелері бұрын аудандарда басшы қызмет атқарған, кейін де облысымызда жауапты жұмыстар жасап жүрген азаматтар еді. «Колхозымыздың жарғысын бекітіп, бағдарламасын жазамыз», — деп қалжыңдап қоятынбыз.

Мәкең көп жылдар бойы лауазымды қызметте болса да, меніңше, бай да болмай, жарлы да болмай орташа өмір сүрді. Кейде қаражат туралы әңгіме қозғалатын болса, «Көп ақша, байлық дегендер адамды бұзады, ақшаның кейде жетіп, кейде жетпей жүргені жақсы болады», — дейтін. «Байғанин ауданында басшы қызметте болған уақытымда ішетін шайыма дейін қаладан алдырып ішетінмін», — дейтін.

Мәкеңнің қолы да, ары да таза болатын. Өмірінде ала жіптен аттамай, ешкімге қиянат жасамай, ұлағатты ғұмыр сүрді. «Елдің атын ер шығарса, ердің атын елі шығармақ» демекші, Мәкең қай жерде, қандай жұмыста болмасын, жай адамдардан алшақтамады, оларды сыйлады, жай халық та Мәкеңді сыйлады, құрметтеді.

«Сүйер ұлың болса — сен сүй, шын сүйерге тұрар ол» деп Абай айтпақшы, ел мен басшының арасындағы жарасымды қарым-қатынас жалғасын тапты. Жаны да, ары да абзал азамат елді қорқыту, күш көрсету әдісімен емес, керісінше, сыйластық, өзара сенімге бағытталған әдіспен басқарды.

Ол өз өмірінде күштілермен де, әлсіздермен де тең сөйлесті, ешкімді алалаған жоқ. Мәкең халыққа деген, халықтың өзіне деген ықыласымен біте қайнасып өмір сүрді. Басына қиыншылық түсіп, алдына келген адамдарға ақыл-кеңесін беріп, жол сілтеп, қолдап отырудан еш жалықпайтын. «Сыйлы болып төрге шықсаң, есік жақтағыларға қарай отыр», — дегендей, ол еш уақытта менмендікке салынып көрген жоқ. «Дүние жалған арбайды, адамгершіліктен өзге еш нәрсе әлемде бірақ қалмайды», — деп Фирдоуси айтқанындай, адамгершілікті ең бірінші биікке қоя білді. Осы қасиеттерінің арқасында халықтан өзінің жоғары бағасын алды.

Негізі жұмысты істейтін халық қой, еңбектен көрсеткіш шығатыны да солардың арқасы. «Халықтың еңбегін бағалай білу керек, халық дұрыс жұмыс жасаған ұйымда кейде жұмыс қабілеті орташа басшылар да істеп, орден, медальдарға, әртүрлі мақтауларға ие болып жүре беруі мүмкін. Отырған отырғышынан құлап қалмаса болды, кез келген басшы билікте істей береді», — дейтін. Бұл сөздің мағынасы, басшылардың барлығы бірдей қабілетті бола бермей, кейде билік басында әртүрлі себептермен кездейсоқ  адам отыруы да мүмкін дегенді білдіретін…

2003 жылдың жаз айларының бірінде Байғанин ауданының құрылғанына 75 жыл толып, осыған байланысты үлкен той ауданның орталығы — Қарауылкелдіде өтті. Сол салтанатты шараға Мәкең екеуміз оның баласы Мұраттың жайлы көлігімен бардық.

Бұрын осы ауданда басшылық қызметте болған адам ғой, жол үстінде Байғанин өңірінің адамдары, белгілі азаматтар туралы жақсы әңгіме айтып отырды. Өзі еңбек еткен өңірге сырттай тілектестігін, бұл жақтың дамуына, өсіп-өркендеуіне ұдайы назар аударып отыратынын байқадым.

Ол жақта да Мәкеңді халық үлкен құрметпен қарсы алды. Үлкені бар, кішісі бар, туралап келіп сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасып жатты. Мен қасымдағы жолдасымның жүзінен терең тебіреністі байқадым, көңілінде толқу бары сезілді. Түскі қонақасы кезінде сол кездегі аудан әкімі Бердіхан Кемешов сөз сөйлеп, бірсыпыра сыйлы қонақтарға құрмет көрсетті. Сол кезде Мәкең өзіне ұсынылған шапанды ойланбастан, «Мен мұны Інжекеңе жолдаймын!» деп менің алдыма әкеліп қойды. Мен «алмаймын, рақмет, өзің ки!» деп жатырмын. Кейбір қонақтар бізге қарап күліп қояды. Ақыры сол шапанды маған алғызды. Жай нәрсе сияқты көрінгенімен, бұл да оның бір қырын көрсететін сәт еді.

Халықтың құрметі өзгеше бір өлшем. Еңбектің еленуі деген ұғым және бар. Мәжит Құлтанұлының жемісті еңбегі «Октябрь революциясы», Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен және көптеген медальдармен атап өтілді. 1986 жылы Мәскеуде өткен Коммунистік партияның ХХVІІ съезіне делегат болып қатысқаны есімізде.

Тағы бір айтайын дегенім, Мәкең өзінен жасы үлкен кісі отырса, төрге қарай өрмелемейді. Керісінше төменірек отыруға тырысатын. Бірде жақсы сыйласатын, бұрын үлкен қызметте істеген отбасының үйінде он шақты адам қонақта болдық. Дәстүр бойынша, бұрынғыша тілек айтылып жатыр. Бір уақытта сөздің кезегі Мәкеңе беріліп еді. Ол кідірместен «кешіріңіз, мен қалай қайнағамнан бұрын сөйлеймін?», — деді мені нұсқап. Мен қатты қысылып қалдым, «Мәке, сөйлей беріңіз, жол сіздікі», — дедім.

Мәкеңнің балаларының барлығы да тәрбиелі, жоғары білімді, саналы азаматтар болып өсті. Оның ішінде Мұраты — облысымызға белгілі кәсіпкер, заманына қарай қынулы қимыл көрсетіп, кейінгі жастарға үлгі көрсетіп жүрген баламыз.

Мәкең мен Жаңыл қонақка еш уақытта кешігіп бармайтын, шақырған уакытынан бес минут бұрын баратын еді. Әлі есімде, жетпіс жылдығын атап өту тойының алдында, қоңырау шалып: «Тойды қашан бастайсың?», — деп едім, «Жүз елудей адам шақырдым, бес адам келсе болды, уакытында бастаймын, бес минут кешіктірмеймін», — деді және солай бастады.

Мәкең мен Жаңыл қарындасымыздың пейілдері кең, қолдары ашық, аралас-құралас адамдары көп болатын. Жаңылды қарындас атап кету себебім, Октябрь ауданында тұтынушылар одағының төрағасы болып жүрген уақытымда Димитров атындағы шаруашылыққа баратынбыз, Мәкеңнің отбасында болып, Жаңылдың қолынан талай дәм тататынбыз. Сол уақыттарда Жаңыл мені «ағай» деп атаушы еді. Содан мен аға, ол қарындас болып кетті. Мәкең екеуміздің арамызда жас айырмашылық онша үлкен болмаса да, сондықтан болар, Мәкең маған кейде «қайнаға» деп айтушы еді.

Олардың дастарқанында өздерінің қатар-құрбыларынан басқа жақсы сыйласатын ағалары, кейбір інілері де бас қосып тұратын еді.

Егер кейбіреулерін айта кетсем, аға буын Кеңес Нокин, Балғабай Байжігітов, қатарымыз Нұрсұлтан Қадірқұлов, інілерінен Сержан Жаманқұлов, Жауынбай Қалымов, т.б. секілді ел сыйлаған азаматтар болатын.

Ілгері буын ағаларымыздан үлгі-өнеге алып, жақсы әңгімелерін естіп, көңіліміз марқайып, өсіп қалатын. Ағаларымыздың әрқайсысы елімізге, халқымызға ерен еңбек еткен, өмірде өшпес із қалдырған, ел-жұртының құрметіне бөленген, мақтан етер бірегей азаматтар еді.

Мәжит Құлтанұлы өмірден өткеннен кейін ол туралы «Тағылымды тұлға» атты естелік кітабы шықты. Сондағы бірер пікірлерді қайталай кеткім келеді.

Мәселен, бүгінгі абыз ақсақалымыз Ниетжан Берікұлы «Байғанин ауданының халқы Мәжит Құлтанұлын елінің басшысы да, жоқ-жітіктің қамқоршысы да деп қадірлеп, Ақтөбеге шығарып салғанын білеміз» депті.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Сәрсеналы Қалтаев: «Мәжит жаны жайсаң, өте кішіпейіл еді. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, ағайынды адам сияқты болып кететін. Әңгімешіл, көп нәрседен хабары мол адам еді. Мәкеңнің жары Жаңыл да кішіпейіл, адамгершілігі мол, отбасының ұйытқысы, нағыз бәйбіше адам» деп сипаттайды.

Ұзақ жыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған, қазақтың біртуар қыздарының бірі дерлік Сара Еламанова: «Мәжиттің ашық мінезі, жан-жақты білімділігі, адамгершілігі, қарапайымдылығы, мәдениеттілігі, әр нәрсеге қанағаттылығы, үнемі жолдастарын пір тұтып отыратыны бізді тәнті ететін» деп жазыпты.

Ол өмірінің соңғы жылдарында ауыр дертке шалдықты. Мәкең өмірге құштар жан еді. Жазылуға тырысты, емделді, бірақ айықпас дерт қайтпады. Қатал тағдыр, аяусыз ажал оны арамыздан алып кетті.

Артында қалған аяулы жары Жаңыл, сүйікті балалары Мұрат, Жәния, Бәтима, келін-күйеу балалары, бөтен де туыстары қатты қайғырып, ақырғы сапарға ретімен шығарып салды.

Содан бері де бірнеше жылдың жүзі аунап түсті. Өз тұстастары арасында қарапайым жүріс-тұрысымен үлкен бедел мен құрметке ие болған, «ұлық болсаң — кішік болдың» көрінісін көз алдымызда күнде байқататын Мәжит Құлтанұлы бүгінде арамызда болғанда сексен жасқа толар еді…

Інжіл ШАРУХИН,

еңбек ардагері.