«Көне күннің көмбесін айналғанда…»

Дата: 05 апреля 2018 в 11:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

«Көне күннің көмбесін айналғанда…»

«Қазақ пен ноғайдың айырмашылығы жоқ екенін» ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары жазып кетіпті. Ал тәуелсіздіктен кейінгі аралас-құраластық сол сөзді растаумен келеді. Ноғай жұртының талантты суретшісі, 2013 жылдан бері Қазақстанмен байланысын үзбей келе жатқан Әлібек Койлакаевпен әңгіме кезінде де осыны аңғардық.

— Қазақтар секілді ноғайлар да бала кезінен руын біліп өседі. Менің руым — найман, — деп таныстырды ол өзін.

Бүгінде Ресейде 110 мың ноғай бар екен. Өткен ғасырдың 50-жылдарында Хрущев билігі Ресейдегі ноғай жерін төртке бөліп, төрт әкімшілік аумақтың құрамына таратып жіберген. Солардың бірі — Дағыстан Республикасы. Әлібек осы республикадағы Ноғай ауданының орталығында дүниеге келіпті.

— Дағыстан — ондаған этностың атажұрты, ежелгі мекені. Ноғайлар — мұнда, басқаларға қарағанда, саны жағынан аз ұлт. Десе де, өз салт-дәстүрлерімізді, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап келеміз. Отбасында тек ноғай тілінде сөйлейміз. Қазақтар секілді ноғайлар да қонақты ерекше құрметтейді, жастар — қарияларға,  әйел адамдар ер-азаматқа жол береді. Ноғайлар да домбыра тартады.Найман, керей, қыпшақ, беріш, қаңлы, қоңырат, яғни, қазақтарда бар рулардың көпшілігі ноғайларда да кездеседі, — дейді ол.

Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, т.б. жыраулар да — екі халыққа ортақ тұлғалар. Әрине, Алтын Орда ыдыраған, одан кейінгі Ноғай Ордасы үлкен күйзеліске ұшыраған тұстағы екі халықтың айырылысуына қатысты тарихты бұл әңгімеде қозғамадық. Алайда, кейіпкеріміз екі халықтың беріге дейін бірін-бірі іздеп, араласып тұрғанына сенеді.

Ол тарихқа бала күнінен жақын өсіпті.

— Біздің тұқымда суретші болмаған. Бірақ мұғалімдер, яғни кітап оқуға құмар жандар болды. Мен де кішкентайымнан кітапқа жақын өстім. Және өмірдің кейбір келеңсіз тұстары туралы да көп ойлайтынмын. Сондайда әділетсіздік құрбаны болған халықтарға, адамдарға араша түсетін, қорған болатын бір батыр тұлға жайлы армандайтынмын. Бұл арман мені тарихқа көбірек үңілуге жетеледі. Ал кейіннен ол шығармашылығымның өзегіне айналды, — дейді Әлібек.

График-суретші Әлібек Койлакаевтың шығармашылығы жайлы сөз болғанда, екі жайт — тақырып аясы мен техникасы — ерекше аталуы тиіс. Біріншіден, оның туындылары, жоғарыда өзі де айтқандай, түгел дерлік тарихи тұлғаларға арналып жазылған: Атилла, Шыңғыс хан, Күлтегін бабамыз бастаған түркі әлемінің даңқты перзенттері, орыс халқының билеушілері мен батырлары… Екіншіден, Әлібек суретші ретінде тушь бояуы мен қаламұшты пайдаланады, ал мұндай әдісті қолданатын суретшілер саны тіпті әлем бойынша аз ғана екен.

Әлібек кітап қана емес, шығармашылықты да бала күннен серік еткен. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ, мұғалімдері оның суретшілік қабілетіне назар аударыпты. Ұстаздар пікірі анасын да бейжай қалдырмады: ол кішкентай ұлының сурет салуына, түрлі мүсіндер жасап ойнауына қажетті құрал-жабдықтарды көбірек сатып алатын болды.Мектептен кейін Дағыстан Республикасының орталығы — Махачкаладағы көркемсурет училищесінде, ал одан соң  Краснодардағы Көркемсурет академиясында оқыған.

Оның шығармашылығы сан қырлы: графикадан бөлек, живопись, сондай-ақ, зергерлік және кәдесыйлық бұйымдар дизайны, т.б. Бүгінге дейін өз елінің, яғни Ресейдің әр түкпірінде, Қазақстанда, Түркияда жеке көрмелерін өткізді.

— Менің туындыларымның көпшілігінің «тамыры» кітапта: бір тарихи тұлғаны бейнелеу үшін, қаншама кітап оқимын? Сол картинаға қызыққан адам да ондағы тұлға туралы білгісі келеді, ізденеді, оқиды. Кітаптан бастау алған туынды көрерменді сол кітапқа «жетелеп» әкеледі, — дейді суретші.

Бүгінде оның туындылары тарихи тақырыптағы кітаптарды безендіруге көп пайдаланылады. Мысалы, ноғай жазушысы әрі публицист Иса Капаевтың жақында орыс тілінде Мәскеуден шыққан «Меч судьбы» кітабы Әлібектің туындыларымен безендірілген. Ақтөбелік Мәди Райымов та өзінің Оңтүстік Кавказды мекен еткен түркі халықтарына қатысты еңбегін безендіруге Әлібектің туындыларын лайық көріп отыр.

Саны жағынан көп пе, аз ба — кез келген халықтың арасында өз туған халқын тануды және басқаларға танытуды мақсат етіп ғұмыр кешетін жандар болады. Әлібек те — сондай жандардың бірі:

— Негізі, танымалдылыққа аса құмар емеспін. Бірақ өз халқымды танытқым келеді, сондықтан көрмелерге ноғай халқының тарихына қатысты туындыларды көбірек ұсынамын.Ноғай халқын, оның тарихын тану және ноғайлар болмысындағы мейірім мен парасатты, тарихымыздың даңқты тұстарын кең әлемге паш ету менің сол халықтың өнердегі өкілі ретіндегі миссиям деп білемін, — дейді ол.

Ноғайлар — түркі әлемінің бір бөлшегі болғандықтан, суретшінің бұл сөзін тек ноғай емес, басқа да кез келген түркі халқына арналып айтылған сөз ретінде қабыл аламыз. Әйтпесе, қазақ ақыны Жанат Әскербекқызы Әлібекке арнаған өлеңінде:

«…Кәззап патша туралды қылышында —

Ұлып шапты бөрі Орақ ұлы сынға.

Өзегіңе өз елің от салар деп,

Сумаңдады суық сөз тіл ұшында…

Айдынды Орақ, айлы Орақ, соры қалың,

Сатқындықтан тор құрған жолыңа кім?!

Көне күннің көмбесін айналғанда,

Зарлы үніне жыраудың жолығамын.

Өлді уақыт шарасыз, дымы құрып,

Өксіді рух түніне мың үгіліп.

Уа, Әлібек бауырым, көз жасы оның

Қылқаламың ұшында тұр ілініп», — деп жырлар ма еді?

Мұндағы Орақ қазақ ханзадасы Ораз-Мұхаммедтің кегі үшін «кәззап патша» — жалған Дмитрийдің басын алған Петр Урусов (орыс деректеріндегі аты) екені түсінікті.

Әлібектің бабаларымыздың өр рухы мен көз жасына суарылған туындылары жуырда Ақтөбеге де жетті. 22 наурыз күні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық саябақта және 24 наурыз күні Шығармашылық Академиясында оның «Түркілер әлемі» атты көрмесі өтті. Көрмеге 30 туынды қойылды.

Сондай-ақ суретші «Бақытты бала» жобасы аясында, облыстық білім басқармасы және «Жастардың таңдауы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен,Шығармашылық Академиясы мен көркемсурет лицейінде балаларға шеберлік сабақтарын өткізді. Шеберлік сабақтарына о баста 200 бала қатысады деп жоспарланса, іс жүзінде 300-ден астам бала қатысқан. Сондай-ақ, шеберлік сабақтарына бейнелеу өнері пәнінің мұғалімдері де қатысып, суретші пайдаланып жүрген техникаға, т.б. қатысты сауалдарға жауап алды.

— Мені нақ осындай жобаның қолға алынуы қатты қуантты. Мен студент кезімнен қоғамдық жұмыстарға араласып келемін, сонда байқағаным — жастарға арналған жобалар көп те, балаларға арналған жобалар аз болады. Ал, негізінде, болашаққа бағытталған жоспарларды жастардан емес, балалардан бастаған дұрыс қой?! Сонымен қатар, мен өз туындыларымның да балалар арасында көбірек насихатталғанын қалар едім. Өйткені, бала біреуді үлгі етіп өсуі тиіс. Бұрын бала үшін басты үлгі — әке болатын. Қазір, өкінішке қарай, жағдай өзгерді… Сондай жағдайда балалар өзіне үлгі болар тұлғаны теледидардан, ғаламтордан, көшеден емес, тарихтан — ата-бабаларымыздың арасынан алғаны жөн емес пе? — дейді Әлібек.

Сөзінің соңында ол Ақтөбе жеріне қайта оралғысы келетінін айтты. Оның басты себебі — біздің аймақтағы киелі мекендер. Әсіресе, «Абат Байтаққа» ерекше қызығады: бұл қорымда Асанқайғының баласы Абат батыр жерленген деседі. Ал Асанқайғы — ноғайлар үшін қастерлі тұлға, екі халыққа ортақ даңқты бабалардың бірі…

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.