Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары: Ақтөбеде «Smart City» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр

Дата: 15 марта 2018 в 11:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары: Ақтөбеде «Smart City» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр

Облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев Ақтөбедегі рельс-арқалық зауытының жұмысымен танысып, сол жерде  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тақырыбында жиын өткізді.  Жиынға аймақтағы ірі кәсіпорындар мен шаруашылықтардың, оқу орындары, мемлекеттік емес ұйымдардың және басқа да мекемелердің басшылары қатысты.

25 кәсіпорын модернизацияланады

Жиынды ашқан сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Ақтөбе өңірінде цифрлық, жалпы ақпараттық технологияны өндіріске, ауыл шаруашылығына және әлеуметтік салаларға енгізу жұмыстарының қалай жүзеге асырылып жатқанын әрі оның нәтижесін білу мақсатында облысқа арнайы іссапармен келген Асқар Қуанышұлы бастаған бірқатар министрлік өкілдеріне алғысын білдіре отырып:

— Сапар аясында аймақтың кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, өндіріс және өзге де әлеуметтік салаларында цифрлық технологияны енгізу жұмыстарын өз көзіңізбен көрдіңіз. Әрине, тек қана цифрлық технологияны емес, жалпы осындай кәсіпорындар мен мекемелерде, ұйымдарда  Мемлекет басшысы мен Үкіметтің алға қойған тапсырмаларының қалай жүзеге асырылып жатқанын, жалпы жұмыс жасау барысымен таныстыңыз. Бұл — жаңадан берілген тапсырма. Сондықтан барлығы жақсы жүріп жатыр деп айта алмаймыз. Әрине, олқылықтар да, кемшіліктер де бар. Біз оны білеміз. Қазір біз оны дер кезінде жөндеп, экономиканың барлық салаларына цифрлық технологияны енгізу бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Ең бірінші керегі — өндіріс, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласы. Мемлекет басшысының қойып отырған талабы мен тапсырмасы  —  кәсіпорындар мен шаруашылықтарда өнімділікті арттыру. Сол арқылы шығарылып жатқан өнім сапасын жақсартып, экспортқа шығару. Одан кейін халыққа тез, тиімді, ыңғайлы, ашық әрі таза қызмет көрсету керек. Бұл бағытта жасалып жатқан шаруалардың жайын  «Халықтық кеңсе», «Қазпошта» мекемелерінде, жедел жәрдем стансасында  болған кезде өзіңіз көрдіңіз. Мәселен, жедел жәрдем көліктерінің ұзақ уақыт салып келетін уақытының көрсеткіші цифрлық технологияның мүмкіндігіне қарай қазір  20 пайызға төмендеді. Сол сияқты, кәсіпорындарда да нәтиже бар.  «Айс» компаниясында да өнімділіктің жоғарылағаны жайында айтылды. Бұрын бір сиырдан орта есеппен 10 литр сүт алынса, қазір оның көлемі 40 литрге жетті. Дегенмен де, біздегі ең үлкен мәселенің  бірі — техникалық кемшіліктер. Әсіресе, мұндай кемшіліктер денсаулық, білім саласында көп кездеседі.  Бұл жөнінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айтқан болатынмын, — деді.

Жиында облыс әкімі аймақта экономиканың әр саласы бойынша ақпараттық технологияны енгізуде көрсеткіштердің жаман емес екенін, оның ішінде халыққа қызмет көрсету саласында бұл бағыттағы шаруалардың 100 пайыз орындалғанын атап өтті.

— Өткен жылы облыста Президент тапсырмасы толығымен жүзеге асырылды. Ал биыл Ақтөбе облысында  25-тен астам компанияға 30 миллиард теңгеге жуық қаражатқа модернизациялау және өндірісті цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы шаруалар коммуналдық қызмет саласында да жүзеге асырылады. Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен су жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстардың бірінші кезеңін енді ғана қолға алдық. Әрине, біз бұл жайында Оңтүстік Қазақстан және еліміздің өзге де аймақтарында жақсы тәжірибе барын білеміз. Сондықтан әрі қарай жұмыс жасайтын боламыз, — деді Б.Сапарбаев.

30 мектепте интернет жоқ

Бердібек Машбекұлы Премьер-Министрдің орынбасарына  Ақтөбенің әлеуметтік, негізінен білім және денсаулық сақтау салаларында  бірқатар проблемалардың барын алға тартты.

— Бүгінгі күні аймақта 410 мектеп бар. Осы мектептердің жартысы селолық округтерде орналасқан. Қазір облыс мектептерінің 93 пайызы интернет желісіне қосылған. Ал техникалық жағдайға байланысты 30 мектеп әлі интернетке қосылған жоқ. Мен бұл мәселені Үкімет отырысында да айттым. Енді тағы да қайталап айтқым келіп отыр. Біріншіден, ол жақта байланыс жоқ. Облыстағы ауылдық елді мекендердің 40 пайызында әлі талшықты-оптикалық байланыс желісі жоқ. Соның нәтижесінде интернет жоқ, тіпті байланыс мүлдем жоқ деуге болады. Қырық елді мекенде телефон байланысы ғана бар. Мұндай ауылдарда интернет қосылмаған, қосылса да оның жылдамдығы өте баяу. Аймақ мектептерінің 48 пайызында интернет желісінің жылдамдығы 4 мегабиттен аз. Денсаулық сақтау саласындағы жағдай да осындай, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысының айтуынша, қазір Ақтөбе облысында 500 емдеу мекемесі бар. Соның 88 пайызы интернетпен қамтылған. Білім саласындағыдай, тағы да ауылдық жерлердегі медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар және басқаларына интернет желісі қосылмаған. «Ауылдарда тек мектеп қана емес, балабақша, емдеу орталықтары, әкімдік ғимараттары, клуб және басқалары  да бар ғой. Сондықтан осындай ғимараттардың барлығы интернет желісіне қосылуы керек. Жалпы алғанда, облыс бойынша бірыңғай база қалыптастыру қажет. Алайда біз  алғашқы жартыжылдықта облыстың барлық әлеуметтік нысанын интернетке қосу туралы алдымызға міндет қойып отырмыз. Ол үшін Үкімет тарапынан байланысты нығайтып, интернет желісінің жылдамдығын арттыруда қолдау болады деген сенімдеміз, — деді облыс әкімі.

Жиында облыс әкімі аймақтың транспорт саласында ешқандай мәселенің жоқтығын, яғни облыс аумағындағы барлық республикалық бөлімше ұжымдарымен ауызбіршілікте жұмыс жасалып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, теміржол бойында орналасқан ауылдарды байланыспен қамту «Транстелеком» компаниясының құзыретіне жатады.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов аймақта цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын баяндады. Ол цифрландыру жұмыстарын айтпас бұрын, әуелі барлық интернет желісіндегі инженерлік жүйелерге түгендеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Қ.Бекеновтің айтуынша, бүгінгі күні облыстың байланыс саласында 7 оператор компания жұмыс жасайды. Облысты интернетпен қамтудың 80 пайызы «Қазақтелеком» компаниясының құзыретіне кіреді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, аймақ халқының интернетті қажет ету көрсеткіші жыл сайын 10 пайызға өсіп отыр. Бүгінгі күні Ойыл ауданынан басқа барлық аудан орталықтарына талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған.

Қ.Бекенов өз сөзінде аймақ кәсіпорындары өндірісінде цифрлық технологияны ендіру мәселелеріне де тоқтады. Сол сияқты, цифрлық туризмді дамытуға да баса назар аударылып отырғанын айтты. Жиында Қ.Бекенов биыл 1 қыркүйекке дейін облыс мектептерінде интернеттің жылдамдығын 4 мегабиттен асыруға уәде береміз деп айтқаны сол еді, бұл мәселеге қатысты Бердібек Машбекұлы: «Бізге 1 қыркүйекке дейін мектептердегі интернеттің жылдамдығын 4 мегабиттен асырамыз деп хабарлауымызға болмайды. Мұның барлығы интернеттің жылдамдығына байланысты, сондықтан мұндай міндетті өзімізге ала алмаймыз. Егер бұл міндетті өзіңе алсаң, онда ертең жауап беретін боласың», — деді.

Мәлім болғандай, қазір облыстағы ауылдық елді мекендердің 42 пайызға дерлігінде талшықты-оптикалық байланыс желісі жоқ.

Цифрландыру енгізілмесе, бәсекелесудің еш реті жоқ…

Жиын барысында облыстың білім, денсаулық сақтау салаларының өкілдері цифрландыру мәселесіне қатысты сауалдар қойып, құзырлы органдардың өкілдерінен тиісті жауап алды. Өз кезегінде Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директоры Абай Қадірәлиев батыс аймағында, оның ішінде Ақтөбеде цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған сөзінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев жиналғандарды әуелі Көрісу күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Асқар Қуанышұлы өз сөзінде Ақтөбеде цифрландыру бағытында үлкен жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, онда бес маңызды бағыт анықталған. Соның ішінде, адами капиталды дамыту, белсенді цифрлық үкіметті, цифрлық экономиканы қалыптастыру, сондай-ақ «Цифрлық Жібек Жолын» іске асыру міндеттері белгіленген. Әрине, бұл бағдарламада елді мекендерді кең жолақты интернетке қосу мәселесі де қарастырылған. Осы бағдарламаның шеңберінде біз барлық елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ететін боламыз. Біріншіден, озық технология арқылы 1 мыңнан аса елді мекен  интернетпен қамтылмақ, екіншіден, 2 мыңнан астам ауыл 4G ұялы байланыспен қамтамасыз етілмек. Қалған ауылдар да жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдаланатын болады, — деді Асқар Жұмағалиев.

Ол өз сөзінде инновациялық экожүйені дамыту  мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл жүйе халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Сондай-ақ, ол елімізде цифрландыру жұмыстарына арналған шаралардың нақты қандай нәтиже беретініне жан-жақты тоқталып өтті.

— Цифрландыру бағытында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесін айтуға  қарапайым мысалдар жеткілікті. Мұндай мысалдар Ақтөбе облысында да бар. Біз мұндағы  сүт-тауарлы фабрикасының жұмысымен таныстық. Біз ондағылардан цифрландыру технологиясы сіздерге не берді деп сұрағанымызда, олар: «цифрландыру жүйесі болмағанда, біздің бизнесіміз де болмас еді», — деген түсінікте жауап алдық деп, ол сүт-тауарлы фабрикасының өнімділігіне де тоқталды.

Асқар Қуанышұлы «Айс» компаниясындағы жүгері өсірудің де өнімділігі  өндіріске цифрлық технологияны енгізудің нәтижесінде 4 есеге артқанын атап өтті.

— Жалпы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларында цифрландыру енгізілмесе,  онда ешқайда барудың жолы жоқ. Онда өзге компаниялармен, тек әлемдік емес, қазақстандық кәсіпорындармен бәскелесудің еш реті болмайды, — деген Асқар Жұмағалиев өндіріске цифрландыруды енгізудің мол өнімділікке қол жеткізетінін нақты мысалдармен атап өтті.

Сол сияқты ол елімізде жүзеге асырылып жатқан «Smart City» тұжырымдамасына да тоқталды. «Бүгін біз қауіпсіздік турасында әңгімелестік және бұл бағытта Ақтөбеде қауіпсіздікке қатысты жақсы бір жобаның іске асырылып жатқанына куә болдық. Яғни, жол бойына және қоғамдық орындарға бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Мұндай бейнекамералар Астанада да орнатылған. Бұл өз кезегінде криминагендік жағдайды 10 пайызға азайтса, жол-көлік оқиғаларының болуын 18 пайызға төмендетеді. Әрине, біз мұның артында адам өмірі, көлік жөндеу секілді осыған қатысты жағдайлардың көп болатынын түсінеміз. Подъездерге бейнекамера орнатылды, бұл жүйенің қалай жұмыс жасайтыны әрі адамдардың әрекетін бақылаудың нәтижесінде қылмыстық көріністер 40-50 пайызға азайды. Бұл — цифрландыруды енгізудің нәтижесі.  Әрине, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осы 4-5 мысалдың өзінен-ақ бізге бұл бағытта одан әрі қозғала түсудің қажеттігі түсінікті.  Бердібек Машбекұлы, сіз телекоммунакация саласы бойынша интернет мәселесін дұрыс көтеріп отырсыз. Мен сізді қолдаймын. Егер байланыс, интернет болмаса, онда барлық жақсылық болмайды. Онда мұндай артықшылықтарға қол жеткізе алмаймыз», — деп Асқар Қуанышұлы спутниктік желінің жоғары тарифіне қатысты мәселе мен 500 адамнан аз елді мекенді байланыспен қамту, ауылдарға 4G ұялы байланысын жеткізу секілді жұмыстардың механизмін ойластырып, тұрғындар үшін қолжетімді тариф ұйымдастыру үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі белсенді әрі шынайы жұмыс жасауы керектігін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.