«Өзің білме, білгеннің тілін алма». Елімізде адвокаттарға деген сенім қандай?

Дата: 06 марта 2018 в 13:23 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта TengriNews

\"Өзің білме, білгеннің тілін алма\". Елімізде адвокаттарға деген сенім қандай?

«Заңды білмеу  — жауапкершіліктен босатпайды». Бұл қағида заңның барлық түріне қатысты айтылған. Сол себепті де өзіңіз білмеген күннің өзінде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аңғаруға заңгердің кеңесін алып тұрған тиімді. Осы орайда Тengrinews.kz тілшісі адвокаттарға жиі қойылатын сұрақтар, гонорар, қандай істі тегін жүргізетінін және мемлекет тарапынан тағайындалған адвокаттардың қандай табыс табатыны жайлы сұрап білді. Халықаралық әйелдер күніне орай сұхбатты әйел адвокаттардан алуды жөн көрдік.  


Жанна Мұхамади

Адвокат Жанна Мұхамадидің айтуынша, клиент өзін қорғауға адвокат таңдауда негізінен оның жасына қарайды екен, себебі жас адвокатқа қарағанда ересек заңгерге көбірек сенеді, осылайша еңбек өтілі көп маманға сұраныс көбірек.

«Күн сайын әлеуметтік желі, телефон немесе кеңсеге келіп отырады, кейде 4-5 консультация беретін кездерім де болады. Әр түрлі сұрақтар қояды, тұрмыстық жанжалдан бастап қылмыстық іске дейін барады. Көбіне жол-көлік оқиғасына қатысты сұрайды. Гонорар істің ауқымына байланысты келісіледі. Азаматтық істер 200 мыңнан бастап, жоғарылай береді. Ал қылмыстық істерде егер айыпталушыны қорғайтын болсам 700-1000 АҚШ доллардан басталады, егер жәбірленуші жақ болса 150 мың теңгеден басталады», — дейді Жанна Мұхамади. 

Мамандырылған заң кенесінің адвокаты Назкен Құсайынова азаматтардың пікірінше, адвокаттардың жұмысы тек сотқа ғана қатысы бар және олардың жұмысы тек сот процесіне немесе қылмыс жасалған сәтте ғана қажет деп есептейтінін айтады. 

«Шынымен де сот болған кезде немесе алдын ала тергеу органдары қылмыстық істі қозғаған сәтте ғана адвокатқа жүгінеді. Алайда оны үлкен қателік ретінде қарастыру керек. Өйткені адвокаттардың қызметі тек сол кездерде ғана емес, басқа да кез келген күнделікті өмірімізде қажет. Егер сіз құқықтық тұрғыдан өзіңізге қиыншылық тұғызатын жағдайда болсаңыз, ең бірінші кезекте адвокаттың кеңесін алуыныз қажет. Ол осы саладағы маман ретінде, сіздің атыныздан өкіл болып не қылмыстық істе қорғаушы ретінде шыға алады және заңға сәйкес тиісті көмегін көрсетеді», — деді ол.

Назкен Тұрғынбайқызы азаматтардың консультация алу тәртібін заң жүзінде түсіндіріп берді. ҚР Конституциясының 13-бабына сәйкес, Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар, және әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі.

«Осыған қатысты ҚР 1997 жылғы 5 желтоқсандағы «Адвокаттық қызмет туралы» заңының 6-бабында сәйкес заң көмегін тегін көрсетуге міндетті. Егер соттар асыраушысының қайтыс болуы, жұмыспен байланысты мертігуі немесе денсаулығының өзгедей зақымдануы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы істерді қараған кезде қуынушыларға, болмаса Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын қуынушылар мен жауапкерлерге не алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға заң көмегін тегін көрсетеді, қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттарды жасайды», — дейді адвокат. 

Егер сіз осы баптағы тұлғаларға жататын болсаңыз, занды көмекті тегін түрде алуға құқығыңыз бар. Ол үшін сіз тұрғылықты жерінізден адвокаттық кеңсесіне барып сол жерден консультация алуыңызға болады. Сонымен қатар адвокаттар өз бастамалары бойынша, аз қамтылған отбасыларға да тегін көмек беріп тұрады.

«Заң саласы өте ауқымды сала болып табылатындықтан, сұрақтардың түрі өте көп. Әр адамның жағдайы әртүрлі, соған сәйкес неше түрлі сұрақтар да туындайды. Мысалы адамдар тұрғын үй мәселесімен, немесе отбасы мәселелерімен келеді, қылмыстық іс бойынша туыстарын қамауға алған кезде, мүліктік даулар бойынша сұрақтарымен келіп тұрады. Оған қоса мемлекетімізде заң күнделікті өзгеріске ұшырайды. Оның бәрін бақылап зерттеп отыру қарапайым адамдарды айтпағанда тіпті адвокаттардың өздеріне қиындық туғызады. Демек адвокаттарға жиі қойылатын сұрақтардың рейтингін шығару мүмкін емес деп те айтуға болады. Оған заманымыздың өзгеруі де, заңдардың өзгеруі де өз әсерін тигізеді. Алайда егер заң тұрғысынан өзіңізге қиындық туғызатын кез келген сұрағыңыз болса, адвокатқа жүгінгеніңіз жөн болады», — дейді ол. 

Мемлекет тарапынан тағайындалған адвокат қорғауындағы тұлғаға жақсы, өйткені қорғаушының қызметіне ақы төлеудің қажеті жоқ, оған мемелекет өз кепілдігін береді. Жоғарыда айтылған Конституциямызда жазылған әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі. Адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеудің және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығындарды өтеудің мөлшері мен тәртібін, сондай-ақ адвокат көрсеткен заң көмегін есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Ол көбіне ҚР азаматтарына арналған жеңілдік. Адвокаттар үшін ешқандай айырмашылық жоқ, олар заңмен тыйым салынбаған барлық әдістермен өз борышын атқаруға тиіс.


Айман Омарова

Адвокат Айман Омарованың да осы мәселелерге байланысты ойы бар.

«Азаматтар көп жағдайда бастарына қиындық тускен кезде ғана келеді  (Мысалы, сотқа шақырғанда, жауапкершілікке тартылғанда). Азаматтар қиын жағдайға тап болғанда өз құқығын қорғаудың орнына көп жағдайда полиция, прокуратура қызметкерлермен немесе сотпен ақшаға келіскісі келеді. Консультацияны акция ретінде кей жағдайлар да болады, мен ондай тегін консультацияларды бұрын әр сенбі сайын беретінмін. Кейбір азаматшалар, жағдайы бола тұра, тегін кеңес алғысы келеді. Сол үшін бәріне тегін кеңес бере алмаймын», — дейді адвокат. 

Сонымен қатар адвокаттардың дәрежесі, зорланған әйелдерге көп жағдайда соңғы бес жылда тегін көмек көрсеткенін айтады. Сонымен қатар, Алматы адвокаттар алқасында 758 заңгер тіркелген. Оның 375-і ер адам, ал 393-і әйел адам, яғни бұл салада ер мен әйел болып екіге бөлудің еш қажеті жоқ. 

«Әйел адвокаттар ақылды, дәрежесі биік болса да, біздің елде ер азаматтарға сұраныс көп. Қазіргі заманда әйел адвокаттардың дәрежесі биіктеу, оның үстіне жауапкершілігі ер азаматтарға қарағанда мол. Мен де өзім туралы адвокат ретінде мынаны айта аламын: жұмысым өте көп. Әсіресе ауыр қылмыстар. Мекемелерде жазасын өтеп жатқандарда барып, қенес беріп жүрмін. Ал мен қорғаған жәбірленушілердің көбі зорлық-зомбылық көрген қыздар мен әйелдер», — деп қорытындылады сөзін Айман Омарова.