Популярные темы

Цифрлық дәуірді қалыптастыруға дайынбыз ба?

Дата: 01 марта 2018 в 02:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Цифрлық дәуірді қалыптастыруға дайынбыз ба?

«…IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады».

Президент Жолдауы жолдарынан.

Былтыр жыл аяғында ел Үкіметі «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасын бекітті. Бағдарламаның басты мақсаты — цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет экономикасының бәсекелестігін және халық өмірінің сапасын арттыру.

Ал биыл Елбасы халыққа арнаған Жолдауында ағымдағы жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керектігін тапсырды.

Цифрлық дәуірді қалыптастыруға қадам басқан тұста, облыста  35 елді мекенге ғаламтордың әлі жеткілікті деңгейде жете қоймағаны өкінішті-ақ. Цифрландыруға қатысты Елбасы тапсырмасы мен кешенді бағдарлама талаптарының аймақта жүзеге асырылу барысы турасында құзырлы орган басшыларымен арадағы әңгіме  осы тақырыпта өрбіді.  

АУЫЛДЫҚТАРДЫҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ ЕДӘУІР АРТТЫ

Цифрландыру жұмыстарын жүзеге асыруда ең әуелі байланыс саласын дамытудың басты назарда тұратыны белгілі. Соңғы кездері «Қазақтелеком» мекемесінде құрылымдық өзгерістер орын алды. Облыстың байланыс саласын жетілдіруде құрылымдық өзгерістің артықшылығы қандай? Бұл сауалға қатысты Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директоры Абай Қадірәлиев былай дейді:

—  «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында бес жылдан бері «Өрлеу» трансформациялау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Былтыр осы бағдарлама аясында біршама ұйымдық және операциялық  жақсартулар жүргізілді. Яғни, операциялық қызметтің жаңа стратегиялық көрсеткіштері анықталды, бірқатар міндеттер орталықтандырылып, коммерциялық бағыттағы құрылым өзгертілді,  компанияны басқару  үдерістері оңтайландырылды. 2015 жылы облыстық дирекцияның құрылымдық бірліктері — аудандық телекоммуникация тораптарының таратылуымен, аудан орталықтары және елді мекендер деңгейінде клиенттерге қызмет көрсету, қызметтерді ұсыну және телекоммуникация желілерін пайдалану бойынша бизнес үдерістерді вертикальді басқаруды ұйымдастыру шаралары жүргізілді. Ал 2015-2016 жылдар  аралығында облыстық филиалдар — Алматы және Ақмола облыстық телекоммуникация дирекцияларын  тарату бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырды.  Бұл өзгерістер еңбек өнімділігі мен үдерістер тиімділігін арттыра отырып, қоғамның экономикалық, технологиялық және коммерциялық көрсеткіштерін жетілдіруге тікелей ықпал етті.

Жыл басында «Өрлеу» трансформациялау бағдарламасы аясында құрамына Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстық телекоммуникация дирекциялары кіретін Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы құрылды. Дирекцияның орталығы ретінде Ақтөбе қаласы анықталды. Филиалдардың біріктіріліп, Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы болып қайта құрылуы — функциялардың қайталануын, қажет емес басқару деңгейлерін болдырмау есебінен компания қызметінің тиімділігін арттыруға, сонымен бірге дирекция құрамына кіретін барлық облыстық филиалдың әлеуетін біріктіру тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталды.

— «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына қатысып, жүзеге асыру — Сіз басшылық ететін құрылымның алдындағы басты міндет. Ақтөбе облысында кешенді бағдарлама қалай жүзеге асырылып жатыр?

— Компаниямызда жеке және заңды тұлғалар үшін қызметтер ауқымын кеңейтумен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға үлкен көңіл бөлінеді. Компания экономиканы цифрландыру жобаларын белсенді енгізуде, атап айтқанда, шағын және орта бизнестің өміршеңдік циклінің барлық кезеңдерін қолдауға бағытталған ашық цифрлық платформа жобасы ұйымдастырылды. Жоба  өміршеңдік циклінің барлық кезеңінде бизнестің қызмет етуін қамтамасыз етуге қажетті  сервис  агрегаторынан, ашық платформадан тұрады және  үнемі жаңа цифрлық сервистермен толықтырылып отырады.

Мемлекеттің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында компания деректерді беру жылдамдығы мен неғұрлым жоғары сапаны қамтитын  FTTH жобасын (Fiber to the home — әр үйге магистральды желіжол — авт.) жүзеге асырып жатыр. Оптикалық желі салу деректерді беру жылдамдығын бірнеше есе ұлғайтуға және қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне көшуге, абоненттерге, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес-клиенттерге көптеген инновациялық сервистер ұсынуға мүмкіндік берді.  Компания өңірдің әкімшілік орталығында және Хромтау қаласындағы  FTTH  абоненттік оптикалық қатынау желісін салу  жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Бүгінде Ақтөбе қаласының барлық көп қабатты үйлері осы технология бойынша интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынаумен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, бағдарлама аясында қойылған міндеттерді орындау  үшін «Қазақтелеком» қоғамы «Ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желіжолын салу» жобасын белсенді жалғастырып келеді. Жобаның мақсаты — интернетке кеңжолақты қатынау базасында ауылдарда заманауи байланыс қызметтерін енгізу деңгейін арттыру. Бұл жоба шеңберінде   2018-2020 жылдар аралығында Ақтөбе облысының 35 ауылдық елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желіжолын салу жоспарланып отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде  55 мың ауыл тұрғыны жоғары деңгейдегі телекоммуникация қызметтеріне қосылу мүмкіндігіне ие болады.

— Қазір облыс халқының ғаламторды пайдалану көрсеткіші қандай?

— Бүгінгі  таңда қызмет көрсету деңгейі пайдаланушылардың өңірлік тиесілігіне  байланысты емес. Компания мамандары еліміздің барлық өңірінде қызмет көрсету сапасын жақсартуға күш салады. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың қаржылық мүмкіндігі және жаңа технологияларға деген қызығушылығы едәуір артты. Телекоммуникация қызметтеріне деген қажеттілік пен сұраныс ауылдық жерлерде де өте жоғары. Осыған байланысты, соңғы жылдары ауылдық жерлерде интернет желісіне кеңжолақты қатынау және телевидение қызметтерін дамыту бағытында орасан зор жұмыстар жүргізілді. Облыс аумағындағы шалғай ауылдық елді мекендерге телекоммуникация қызметтерін ұсыну үшін  WLL CDMA-450 сымсыз қатынаудың 73 базалық  стансасы қойылды, нәтижесінде бұл технология арқылы облыс халқының 80 пайызға жуығы телефондандырылды. Қазіргі уақытта сымсыз телефон байланысы қызметтерін  300-ге жуық ауыл тұрғыны пайдаланса, ал 200-ден астам ауылдық елді мекен EVDO технологиясы бойынша интернет желісіне сымсыз қатынау қызметімен қамтылып отыр. Ақтөбе облысының 11 аудан орталығы оптикалық байланыс желіжолдарымен қамтамасыз етілді. Бүгінде облыстың барлық аудан орталығы тұрғындары iD Phone және iD TV қызметтерін пайдалану мүмкіндігіне ие. Сонымен бірге,  LTE базасында интернет желісіне мобильді кеңжолақты қатынау  қызметі қарқынды  дамып келеді. Осы  арқылы Ақтөбе қаласы  мен облыстың ауылдық елді мекен тұрғындарына 4G технологиясы бойынша деректерді беру қызметін пайдалану мүмкіндігі берілді. Қазіргі кезде  облыс орталығындағы және 20  елді мекеннің  тұрғындары 1 sim-картаға қалалық және ұялы нөмірді, сондай-ақ жоғары жылдамдықты интернетті біріктіретін тіркелген және ұялы байланыс қызметтерінің топтамасын пайдаланады.

— Құрылымның жұмысын жетілдіруде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының маңызы қандай? Алдағы уақытта тұтынушылар  үшін цифрлық қызметтің қандай түрін ұсынасыздар?

— Инфокоммуникациялық технологиялар қарқынды дами отырып, қоғамды жаңғыртудың маңызды факторларына айналуда. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының қуатты заманауи байланыс желісі бар және инфокоммуникациялық қызметтерді тұтынушылардың негізгі мақсатты нарығын қамтиды. Компания  заманауи байланыс технологияларын қолдана отырып, өз клиенттеріне тіркелген, инфокоммуникациялық, оның ішінде  «бұлтты» қызметтерді ұсынады. «Бұлтты» технология дегеніміз —  қызмет көрсететін әртүрлі ұғымдар

жиынтығынан құралған үлкен бір тұжырымдама. Сондай-ақ, кәсіпорын жаңартылған ұзақ мерзімді даму стратегиясы аясында жекеленген жобалардың параметрлерін  қайта қарағандығын атап өткім келеді. Атап айтқанда, «Қазақтелеком» қаржы, электронды коммерция, экономиканы цифрландыру, деректер жиынын коммерцияландыру (Big Data), электронды білім беру саласында клиенттерге қызмет көрсетуді ұйғарып отыр.  Компания үдерістерді басқару және оңтайландыру, нысандарды пайдалану тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретін ғимараттар мен қалаларды басқару бойынша  Smart home және  Smart city сияқты заманауи жүйелерді белсенділікпен зерделеп, дамытуда. Сонымен бірге, бизнесті автоматтандыру мен ақпараттандыруға бағытталған  М2М шешімдеріне үлкен көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы алғашқы жобалардың бірі —  «Фискальдық деректер операторы» жобасы. Бұл нақты уақыт режимінде салық комитетіне кассалық бақылау машиналарынан фискальды деректерді беруді қамтамасыз етеді. Бұл жоба компаниямыздың меншікті  инфрақұрылымы базасында екі жарым жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Жақын аралықта кәсіпкерлердің операциялық шығынын азайтуға мүмкіндік беретін есептілікті толтыру, табысты декларациялау, бухгалтерлік құжаттарды дайындау үшін қосымша сервистерді жүзеге асыру жоспарланып отыр.

— Облыста интернет байланысын мүлдем пайдаланбай отырған ауылдар бар ма?

— Егер осыдан он жыл бұрын тұтынушыларда коммуникация құралдарын пайдалану және шексіз сөйлесу, кідіріссіз жұмыс істеу, білім алу және көңіл көтеру үшін мүмкіндіктер аз болса, бүгінде ауылдарда жағдай түпкілікті өзгерген.

Қазіргі уақытта облыстағы барлық  367 ауылдық елді мекен интернет желісін пайдалана алады. Оның ішінде 211 ауылдың секундына 256 килобиттен астам жылдамдықпен интернетке қатынау мүмкіндігі бар. Бұл көрсеткіш — 57 пайыз. Сонымен қатар, облыстағы тұрғындары аз 156 ауыл төменгі  жылдамдықпен  CDMA 450  сымсыз желісі арқылы интернетке қосыла алады.  Интернет желісіне қосылу сапасын және техникалық параметрлерді жақсарту үшін телекоммуникация желілерін жаңғырту және дамыту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жақын аралықта жаңа сымсыз технологиялар мен ұтқыр желілерді екпінді дамыту есебімен ауылдық жерлерде  интернетке кеңжолақты қатынау қызметтерін  алу проблемасы шешіледі деп ойлаймын.

— Ойылдық тұрғындар тарапынан интернет жылдамдығының нашарлығы жайында жиі шағым айтылады. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

— Бүгінде Ойыл селосында тасымалдау ортасы цифрлық радиорелейлік жабдық бойынша ұйымдастырылған. Бұл өңірде 500-ге жуық абонент интернет желісіне кеңжолақты қатынау қызметтерін пайдаланады. Былтыр «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы өз қаражаты есебінен цифрлық радиорелейлік жабдықты жаңғыртып, соның нәтижесінде интернет желісіне кеңжолақты қатынау бойынша ұсынылатын қызметтерді өткізу қабілеті едәуір  артты. Ойыл селосында ұсынылатын телекоммуникация қызметтерін әрі қарай дамыту  үшін компания Қобда-Ойыл учаскесінде талшықты-оптикалық байланыс желіжолын салу бойынша ірі жоба дайындады. Бұл жоба 2019-2020 жылдары жүзеге асырылатын болады. Талшықты-оптикалық желінің үлкен мүмкіндіктері бар болғандықтан әрі жоғары сапалылығымен және сенімділігімен ерекшеленетіндіктен, бұл жоба  тұрғындарды телекоммуникация қызметтерінің кең ауқымымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, ауылдық елді мекендерде оптикалық желі салу — өте күрделі жұмыс және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын әрі ауқымды қаражатты қажет ететін іс.

— Цифрлық индустрияны дамыту басқа салаларға серпін береді. Құрылымда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде қандай салаларды жетілдірудің оңтайлы жолы қарастырылған?

— Компания бизнесті де, жеке пайдаланушыларды  да қызықтыратын түрлі цифрлық өнімдерді ұсына отырып, ең алдымен клиенттерге қызмет көрсетуге тырысады. Ұсынылатын қызметтер ауқымы өте үлкен, бұл — дәстүрлі телефония, жоғары жылдамдықты интернет, интерактивті телевидение сервистері және конвергіленген ұялы байланыс қызметтері.  Біздің негізгі міндетіміз — байланыс, интернет және  сервистер қалада да, ауылдық жерлерде де тұрғындарға қолжетімді болуы керек. Айта кету керек, барлық ауылдық елді мекен телефондандырылған және  интернетке қосылған. Енді біз ұсынылатын қызметтердің техникалық сипаттамаларын жақсарту үшін жұмыс істейміз.

Бүгінгі таңда елімізде пайдаланушыларға барынша тиімді шешімдер ұсыну үшін өз инфрақұрылымдарын белсенді дамытып, телеком нарығын  бірнеше компания ұсынып жатқандығын ескеру қажет. Алайда пайдаланушыларға, мейлі ол жеке компания немесе мемлекеттік құрылым болсын, тіпті бөлшектеп сату нарығында  өздерінің алдында тұрған міндеттердің сапалы шешілуі  қажет. Сондықтан әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіру мақсатында қолайлы даму жағдайын жасап, сапалы инфокоммуникациялық қызметтермен қамтамасыз ету үшін біздің компания «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында қойылған міндеттерді жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр.

 35 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ҒАЛАМТОР ЖОҚ

Жақында осы тақырыпқа байланысты облыс әкімдігінде үлкен мәжіліс өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы барынша цифрландыру жөніндегі қажетті шаралардың барлығын жүзеге асыру керектігін баса айтқан еді. Яғни, цифрландыру элементтері әлеуметтік блоктан бастап, өнеркәсіппен аяқталатын барлық салаларға енгізілуі қажет.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, облыста инновациялық технологияны дамыту шеңберінде биыл 25 кәсіпорында 38 миллиард теңгеге технологиялық жаңғырту және цифрландыру жүргізіледі, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесінің 18 технологиясын енгізу жұмыстары жалғастырылады. Әлеуметтік салалар, соның ішінде медицина мен білім салаларын цифрландыруға да баса назар аударылып отыр.

«Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы бағыттарының бір тармағы —  тұрғындарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту мәселесі. Бүгінде қала және аудан орталықтары интернетпен 100 пайыз қамтылса да,  35 елді мекенге ғаламтор желісі әлі жете қоймаған. Бұл орайда Бердібек Машбекұлы облыстық байланыс және ақпараттандыру инспекциясының жұмысын сынға алған еді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Облыс әкімінің осы сынынан кейін біз аталған инспекцияның басшысы Ғабидулла Бисенбинге жолыққан едік.

— Облыстағы байланыс және ақпараттандыру инспекцияның құзыреттілігіне бақылау, қадағалау функциялары кіреді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру міндеті — инспекция алдындағы ең маңызды жұмыс. Бүгінгі күні «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын байланыс саласы бойынша облысымызда «Қазақтелеком», «Транстелеком», «Қазтранском» секілді акционерлік қоғамдар жүзеге асырып жатыр. «Транстелеком» —  теміржол бойындағы стансалар мен елді мекендерді байланыспен, интернет желісімен қамтамасыз ететін оператор болса, ал «Қазтранском» компаниясы үстінен мұнай-газ құбыры өтетін елді мекендерге қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні бұл компания талшықты-оптикалық желі салу мәселесімен қызу айналысып жатыр. Атап айтсақ,  Жаңажол, Кеңқияқ елді мекендерінде құрылысты жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Кеңқияқ-Құмкөл және Кеңқияқ-Атырау мұнай-газ құбырларының бойында үлкен жұмыстарды бастады.  Бүгінде теміржолдың, мұнай-газ құбырлары бойындағы елді мекендерді телефондандыру, ғаламторға қосу ісі талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жүзеге асырылады. Яғни, мұндай елді мекендерде интернет жылдамдығы жоғары болады. Сондықтан теміржол, мұнай-газ құбыры бойындағы елді мекендерде бірінші кезекте  әлеуметтік ғимараттар байланыспен, интернетпен қамтылады. Ең бастысы,  сол жердің халқы осындай қызметтерге қол жеткізеді, — дейді инспекция басшысы.

Ғ.Бисенбин өз сөзінде облыстың барлық елді мекенінде талшықты-оптикалық байланыс желісінің болғанын қалайды. Оның айтуынша, қазір бұл бағытта үлкен шаруа атқарылып жатыр.

— Қазір кейбір ауылдар ғаламторды спутниктік желі арқылы пайдаланады. Спутниктік желі арқылы интернет жылдамдығы өте аз болады. Ал облыстың барлық елді мекені телефон байланысымен 100 пайыз қамтылған. Оператор компаниялардың берген мәліметі бойынша, қазір облыста 35 елді мекенде интернет желісі жоқ. Әрине, бұл ауылдарда интернет бар дегенмен де, жылдамдығы өте баяу. Бүгінгі күні «Қазақтелеком» компаниясы Sky Edge жерсеріктік байланыс негізінде 26 ауылдық елді мекенге жылдамдығы секундына 512 мегабит ғаламторды пайдаланып отыр. Әрине, 26 ауыл үшін мұның жылдамдығы аздау. Бірақ бұл компания интернет жылдамдығын арттыру мақсатында жұмыстанып жатыр, — дейді ол.

Инспекция басшысы облыста талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізуде «Транстелеком» компаниясының жұмысын жоғары бағалап отыр. «Бұл компания еліміздің байланыс саласындағы жетекші операторлардың қатарына жатады. Халықаралық, қалааралық жергілікті телефон байланысы және ғаламторға ену қызметтерін көрсетеді. Компания үлкен жобаны іске асырып отыр, яғни Ресей Федерациясынан Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбеге оптикалық-талшық кабелін теміржол желісімен жеткізіп, іске қосты. Компанияның филиалы — «Ақтөбетранстелеком» мекемесі оптикалық-талшық кабелін теміржол бойы арқылы Алға,  Мұғалжар, Шалқар, Байғанин, Темір, Қарғалы және Мәртөк аудандарына орнатты. Сонымен қатар, бұл компания ғаламторға талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылжымалы байланыс — төртінші буынды байланыс жүйесін ұйымдастырды», — дейді Ғ.Бисембин.

Былтыр Ақтөбе қаласында такси қызметі саласында радиожиелік байланыс орнатуда бірқатар заңбұзушылықтар орын алған. Кәсіпкерлер бұл жиелікті арнайы рұқсатсыз пайдаланып, нәтижесінде әкімшілік жауапқа тартылған.

БАЙЛАНЫСТАН ТЫС ЖЕР БОЛМАЙДЫ

Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні жылжымалы байланыс қызметі өзінің шарықтау деңгейіне жетті. Қазір аудан орталықтарының барлығы ұялы байланыстың 3G, 4G қызметімен қамтылған. Сауда маркасы «Билайн» саналатын «Кар-Тел» ЖШС биыл Мұғалжар, Алға, Шалқар аудандарының орталықтарын жаңа LTE технологиясын енгізуді жоспарлап отыр. «Ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттеріне сәйкес, тұрғындар саны 500 адамнан жоғары елді мекендер және барлық республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль, теміржолдар 2020 жылдың соңына дейін ұялы байланыспен қамтылатын болады», — дейді Ғ.Бисенбин.

Инспекция басшысы Елбасы Н.Назарбаевтың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысындағы тапсырмаларын, сондай-ақ жақында ғана министрліктің алқалы жиыны мен облыс әкімдігінде өткен мәжілісте осы бағытта жүктелген міндеттерді орындауға мейлінше күш салып жатқанын атап өтті.

P.S. «Біз цирфлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл  — маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цирфлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сала дарытты», — деген Елбасы өз Жолдауында коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті  қамтамасыз ету керектігін айтқан болатын.

Иә, цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін беретіні анық. Сондықтан елімізде, оның ішінде облыста бұл салаға мейлінше көңіл бөліп, бақылау, қадағалау — құзырлы органдардың құзырындағы шаруа.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша Нурсултан Назарбаев
Поделитесь новостью с друзьями