Бердібек САПАРБАЕВ: Шалқарда малдың басы әлі де аз

Дата: 17 февраля 2018 в 11:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Бердібек САПАРБАЕВ:  Шалқарда малдың басы әлі де аз

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Шалқар ауданына барды. Өзімен бірге облыстық сот, прокуратура, ішкі істер департаментінің, т.б. құзырлы органдардың басшыларын ерте барған өңір басшысы бірнеше ауылдық  округті аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, халықпен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Сауал қоюшылардың арасында өлкедегі жұмыссыздық мәселесін көтеріп, аудан әкімінің қабылдауына кірудің өзі мұң екенін жеткізгендер де болды.

Облыс әкімі бастаған топ алдымен Байқадам ауылындағы «Нұралы» шаруа қожалығына қарасты «Шалқар еті» ет өндіру комбинатына барды. Елбасының ет кластерін дамыту тапсырмасы бойынша жақында ғана ашылған комбинатта түрлі ет өнімдері, атап айтқанда, қазы-қарта, тұшпара жасалып, ет тарту (фарш) қызметі ұсынылады. Өндірістік қуатына келсек, жылына 1800 тоннаға дейін етті өңдей алады. Малды соятын орталықта еттің сапасын тексеріп, көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік бар. Жаңа кәсіпорынның ахуалымен танысып шыққан облыс әкімі сондағы басшылыққа тек Шалқармен шектелмей, алдағы уақытта алыс-жақын орналасқан аудандарды да қамту керектігін атап өтті.

Одан соң Байқадам ауылының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды.

— Мұнда келудегі мақсатымыз — жағдайларыңызды өз көзімізбен көру. Жергілікті сот, ішкі істер департаменті, мемлекеттік кірістер комитетінің Ақтөбедегі департаменті басшылары да келіп отыр. Оларға сұрақ қойып, өздеріңізді мазалаған мәселелерді айта аласыздар.

Осыдан екі жыл бұрын келгенімізде, сіздер газ және су тарту мәселелерін айтқан едіңіздер. Сол кезде берген уәдемізді біз орындадық. Ауылда шағын кәсіпкерлік нысандарды ашу жайы да сөз етілген еді. Міне, етті өңдейтін комбинат іске қосылып отыр. Бұл — сіздер үшін үлкен көмек. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылса, сондай-ақ өсіріп отырған малыңыздың етін енді алысқа қатынамай-ақ, осында тапсыра аласыздар.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты тапсырмасы бар. Ол — мал санын көбейту. Шалқар ауданында малды өсіретін жағдай бар. Өкінішке қарай, сіздің ауылда, былтырғымен салыстырғанда, малдың саны азайған. Мал шаруашылығына арналған мемлекеттік бағдарламалар да бар. Бірақ бұл бағдарламалар ауылдарда жұмыс жасамайды. Соны қолға алу керек. Тағы да қайталап айтамын, Мемлекет жұмыс істеймін деген адамдарға барлық мүмкіндікті беріп отыр. Тек соны пайдалану керек. Ал Шалқарда малдың басы әлі де аз. Малдың санын көбейту үшін азық дайындау қажет. Өздеріңізге белгілі, биыл қардың түсімі мол. Бұл — ылғал. Демек, келер жылы шөп көп шығады деген сөз. Сондықтан жалқаулыққа  салынбай, табиғаттың барлық игілігін пайдалану керек. Көктемнен бастап осы шаруаға кірісу қажет. Қазір дамыған кәсіпорындар ауылдағы малдың қиын да пайдаға жаратады. Солардан үлгі алу керек. Елбасының айтып отырған тапсырмасы да сол, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі Шалқар мен Ырғыз аудандары арасындағы жолдың көп ұзамай жөнделетінін айта келе, жиналғандардың арыз-шағымын тыңдады. Негізінен алғыс  айтумен шектелген ақсақалдардың арасында Жаңақоныс ауылында ұялы байланыс, ғаламтор желісінің әлсіздігіне шағымданғандар болды. Бердібек Сапарбаев аталған түйткілдерді шешу үшін тиісті органдарға тапсырма беретінін айтты.

Шалқар қаласындағы «Шалқар суы» минералды су цехы — Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысы тұралап қалған кәсіпорындарды жаңғырту тапсырмасы негізінде ашылған. Осылайша, бір кездері осы ауданнан шыққан газды сусынды қайтадан жаңғыртпақ болған кәсіпкер Раушан Қонақбаева «Шалқар суының» көп ұзамай жер-жерге сатылымға шығатынын айтады. Енді ғана еңсесін тіктеген жаңа цехта сусын дайындалып қана қоймай, шыны ыдысқа құйылып, артынша оралады. Өндіріс орнында 40 адам еңбекпен қамтылмақ. Бұның шынымен Шалқардың бренді болуға лайықты екенін айтқан облыс әкімі сусын шығаратын цех жұмысына сәттілік тіледі.

Бердібек Машбекұлы 125 орындық Шалқар ауданының орталығындағы «Томирис» балабақшасына да соғып, ондағы жұмысшылармен сөйлесті. Мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен екі қабатты ғимаратта кішкентайлардың уақытының тиімді өтуіне бар жағдай жасалған. Ұл-қыздардың қауіпсіздігі үшін ғимаратта бейнебақылау камерасы да орнатылыпты.

Жұмыс сапары барысында арнаулы топ «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығының ғимаратына да барды. Орталық басшысы — I топ мүгедегі Ерлан Алдашев. Тағдырластарын жұмыспен қамтып, оларды әлеуметтік қолдау жайына мықтап кіріскен оның орталығында екі тігінші, екі шебер, бір массаж жасаушы қызмет етеді. Сондай-ақ, оның осы ғимаратқа жапсарлата салынған әлеуметтік дүкені де шалқарлықтарға жақсы таныс. Өз кезегінде  облыс әкімі мұндай кәсіпкерлерді өзгелерге үлгі ету керектігін айтып, қайсар азаматтың еңбекқорлығына ризашылығын білдірді.

Артынша Шалқар қаласының тұрғындарымен аудандық Мәдениет үйінде кездесу өтті. Алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жөнінде кеңінен әңгімелеген Бердібек Сапарбаевқа сұрақ қоямын деушілер аз болған жоқ. Айталық, жалғызбасты ана Айгүл Жүсіпова аудан әкіміне кірудің өзі мұң екенін айтып, оны алғаш рет осы жиналыста көріп тұрғанын жасырмады. Жұмыссыз жүрген ол жергілікті биліктен «екі қолға — бір күрек» тауып беруін сұрап талай арыз жазғанын, лажы болса қайта оқыту курстарынан да бас тартпайтынын білдірген. Онымен жауапты мамандар уәде берумен шектеліп, аудан басшысының қабылдауына түрлі сылтаумен кіргізбейді екен. Баян Сахиеваның да жағдайы осыған ұқсас… 2015 жылдан бері жұмыссыз жүрген әйел аудан әкімін жүзбе-жүз бірінші рет көріп тұрғанын айтып, осы мәселеде қол ұшын созуды сұрады. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Бауыржан Қаниевке аталған екі адамды ертең қабылдауды тапсырып, істің қалай шешілгенін өлкедегі қоғамдық көмекшісі арқылы білетінін ескертті. Ал зейнеткер Сұлтан Уәлибек шаһардағы кәріз жүйесі мен Шалқар көлінің жағдайы нашар екенін айтса, тағы бір ақсақал Есет Көтібарұлы ауылына газ тартуды, Ақжар Жоламанов Шалқарға қатынайтын пойызға 1-2 вагон  қосуды сұрады. Облыс әкімі бұл мәселелердің өз ретімен шешілетінін, бәрінің жоспарға енгізілгенін жеткізді. Ал Сәуле Дәулеталина іскер әйелдердің атынан атқарушы билікке алғысын жаудырды. Сонымен қатар, жиналғандар тарапынан Шалқар қаласының көркі бұрынғыдай еместігін айтып, тазалығын да сын тезіне алғандар ұшырасты. Олардың ойынша, батырлардың есімін иеленген көшелердің өзі сиықсыз, гүлзарлар жоқ…

Бердібек Сапарбаев бастаған топ Шетырғыз ауылдық округінің тұрғындарымен де жүздесті. Жаңадан салынған мектепте өткен кездесуде облыстың басты жетістіктері сөз етіліп, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, мал шаруашылығын өрістету жайы айтылды. Сұрақ-жауап бөлімі келгенде ауыл халқы жолдың,  ұялы байланыс қызметінің нашарлығын басты назарға алды. Сондай-ақ, балабақшаның қажет екенін айтқандар кездесті. Облыс әкімі Үкіметтің бұған сәйкес бекітілген талап-тәртібі барын, бала саны қажет мөлшерге жеткенде, бұл ұсыныстың кідіріссіз қолдау табатынын атап өтті.

— Ең бастысы — халықтың тыныштығы. Сондықтан ауыл ақсақалдары ақылын айтып, жастарды тәрбиелеуде өз үлесін қосуы керек. Бірлігіміз бекем болса, бәрі де жақсы болады, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ,

Шалқар ауданы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями