Мұғалжар қойнауында

Дата: 30 января 2018 в 02:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

70 пайызы қиыршық тас шығарады

Таулы аймақта орналасқан елді мекеннің бірі — Мұғалжар ауылы. Осында аудан әкімі Ербол Данағұлов тұрғындарға өткен жылғы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алда тұрған жоспарларымен бөлісті. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Бұл ауылда 420 үй бар. Өсіп, өркендеу үстіндегі ауылдың жаңалықтары да көп. Тек өткен жылы бұл ауылда 50 нәресте дүниеге келді. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылда 4 балалар ойын алаңы салынды. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауылдың ауызсу жүйесі жаңартылды.
«Убайдулла» шаруа қожалығының басшысы Р.Сағынов мемлекеттік «Ырыс» бағдарламасы аясында 28  ірі қара сатып алды.
Ауыл тұрғындарының 70 пайызы осы өңірдегі 3 қиыршық тас зауытында жұмыс жасайды. Ауыл тұрғындары  байланыстың барлық  түрлерімен толық қамтылған.

Таулы аймақта орналасқан тағы бір ауыл — Қайыңды. Бұл ауылдық округ — аудандағы әлеуметтік ахуалы ауқатты өңір. Елімізге алтынымен белгілі  Алтынды ауылы да осында. Өткен жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында  осы Алтынды ауылының ауызсу жүйесі толығымен жаңартылды.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қайыңды-Алтынды ауылдары арасындағы жолдарды тегістеуге, аз қамтылған отбасыларға тегін су, газ жүйелерін жүргізуге «AltynEx Company» акционерлік қоғамы 1 600 000 теңгеге көмек берді. Ал мектеп түлектерінің демеушілігімен 1 100 000 теңгеге Алтынды, Қайыңды орта мектептері керекті құрал-жабдықтар алды.

 Ембі қаласының 12 мың тұрғыны бар

Аудан әкімінің  Ембі қаласы тұрғындары алдындағы есебі де әсерлі болды.
Іргетасы 1904 жылы қаланған Ембі қаласында қазірде 12 мыңнан астам халық тұрады. Әсіресе, бұл округте кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Қала бойынша 500-ге жуық кәсіпкерлік субъекті бар. Өткен жылы Ембіде «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 нысан бой көтерді. Жеке кәсіпкер С.Жолдаева «Мереке» атты мал сою алаңын ашты.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында округте көптеген игі істер жүргізілді. Білім саласы бойынша Ембі қалалық орта мектептерінің 8 түлегі «Алтын белгі», 4 түлегі «Үздік аттестат» иегері атанды.
150 балаға арналған 1 балабақша ашылды.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы әлеуметтік жұмыс орнына 13 адам жолданды. Сонымен қатар, осы бағдарлама ясында 22 азамат 56 327 000 теңге көлемінде несие алды.
Аудан әкімінің есебінде бұдан да басқа көптеген мәселелер баяндалды. Есепті кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тілектерін білдірді.

 Жем — жастар қаласы

Бір кездері иесіздік күйін кешіп қала жаздаған Жем қаласы бүгінде басқаша сипатқа ие. Мұнда негізінен, тұрақты жұмыспен қамтылған, келер күндерін осы қаламен берік байланыстыратын жастар тұрады. Қазіргі уақытта олар елді мекенді көріктендіру, заман талабына сай коммуникациялық, инфрақұрылымдық жүйелер жұмыстарын үйлестіру ісімен кеңінен шұғылдануда.
Жем қаласы бойынша жыл басынан бері 12 адам жұмыссыз болып тіркеліп, ақылы қоғамдық еңбекке тартылды. 23 адам әр түрлі салаға тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ембі-Жем бағытындағы көтерме тас жолына күрделі жөндеу жұмыстары 2016 жылы басталды. Биыл бұл жұмыс аяқталады. Жол бойының жан-жағы көтеріліп, қосымша құм, қиыршық тастар төгіліп, биіктетіліп, жол ені кеңейтілді.
Қала бойынша 1 кәсіпкер «Даму» бағдарламасы бойынша несие алып, мал бордақылау алаңын ашуды қолға алды.
Жем қаласы жылдан-жылға жаңарып келеді.

Құмжарған ауылдық округінде

Аудан әкімі Құмжарған ауылдық округінде де өткен жылғы атқарылған жұмыстарды айтып, үстіміздегі жылғы міндеттерге тоқталды.

Бүгінде 1441 тұрғыны бар Құмжарған ауылдық округінің 70 пайызы мұнай саласында еңбек етеді. Алайда мұнда ауыл шаруашылығы да жетекші орын алады. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Дастан-Б» шаруа қожалығы 30,0 млн несие алып, оған 140 бас асыл тұқымды сиыр сатып алды.

Өткен жылы ҰБТ қорытындысы бойынша ауыл мектебінің 2 түлегі «Алтын белгі» иегері атанды. Жалпы бұл ауылда тиянақты білім беріледі. Өткен жылғы түлектер орташа 85,0 балл көрсетті.
Халық алдындағы есепті кездесуде ауыл тұрғындары аудан әкімінің жылдық жұмысына лайықты баға беріп, өз алғыстарын білдірді.

Батпақкөл өндіріспен еншілес

Батпақкөл ауылдық округінде де тұрғындардың 75 пайызы мұнай өңдеу мекемелерінде жұмыс жасайды. Ауылды әлеуметтік қолдау жылдан жылға нығая түсуде. «Өңірлерді дамытудың-2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында округке өткен жылы 2 млн 368 мың теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржыға Саға ауылындағы «Мөлдір» балабақшасына балалар ойын алаңы салынды. Жаңажол орта мектебіне жарықтандырылған монумент жасалды. Мұнымен бірге, Жағабұлақ ауылын абаттандыруға жұмсалды.
Өткен жылы бұл ауылда 65 бала дүние есігін ашты. Округтегі «Қыналы өріс» шаруа қожалығы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы және «Ерназар» шаруа қожалығы «Құлан» бағдарламасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 14 млн теңге көлемінде несие алып, оған 31  жылқы, 23  ірі қара сатып алды.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 18 адам қысқа мерзімдік оқыту курстарына қатысты. «Бинзес Бастау» жобасы бойынша округтен 2 адам оқыту курстарына қатысып, 15 млн теңге несие алды. Бүгінгі таңда округте 25 кәсіпкерлік субъектілері өз жұмыстарын жүргізуде.
Есепті кездесуде аудан әкімі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында соңғы екі жылда ауданда  6 елді мекеннің ауызсу жүйесі жаңартылғанын айта отырып, бұл бағыттағы жұмыс биыл Жағабұлақ ауылында жалғасын табады деп сендірді.

Әрбір кездесуде  аудан әкімі ауыл тұрғындарының  ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

 А.ШҰҒАЕВ,

Мұғалжар ауданы.