Ақтөбе қаласының экологиялық ахуалы талқыланды

Дата: 06 января 2018 в 13:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиынға Ақтөбе қаласының әкімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының, экология, қоғамдық денсаулықты қорғау департаменттерінің, «Ақбұлақ» АҚ басшылары қатысты. Олар өңір басшысына экологияны жақсарту және жазғы кезеңде орын алған жағымсыз иісті жою жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндады.

Кәріздік тазалау құрылғыларын жаңғыртуға техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, аталған құрылғыларды жаңғыртуды үш сатыда жүргізу жоспарланып отыр. Жұмыстың жалпы құны 16,9 миллиард теңгені құрайды. Жобаны қаржыландырудың бірнеше нұсқалары, соның ішінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында және халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен жүзеге асыру қарастырылуда.

Өткен жылы қалада қалдықтарды ағызуға арналған үш сорғы станциясы салынып, кәріз станциялары көмірлі сүзгішпен жабдықталды. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласының кәріздік тазалау құрылғыларына иісті бейтараптандыратын «дымқыл кедергі» жүйесі қондырылды, болашақта тұнбалар мен қалдықтарды жою жоспарланған. Сонымен қатар, «Ақбұлақ» АҚ-да 300-ге жуық өндірістік кәсіпорынның өндірістік қалдықтары туралы тұрақты талдау жүргізіледі.

— Экологиялық жағдай — қала тұрғындарын толғандыратын маңызды мәселелердің бірі. Қазір ең бастысы, жұмысты тоқтатпай, жоспарланған кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Ол үшін барлық мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар бірлесіп жұмыс жасауы тиіс, — деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі ағынды сорғы станцияларын тиімді қолдануды және жергілікті полиция қызметіне мүдделі органдармен бірлесіп тұрмыстық қалдықтардың санкцияланбаған жерлерге төгілуіне жол бермеуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті