Facebook | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Күрделі күндердің күрмеу мәселелері

Дата: 02 ноября 2017 в 21:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Тарих — бағзының барша материалдық та, рухани да салаларын қамту мүмкіндігі мол сала ретінде өмірдің нақ өзін танытатын пән деуге болады. Тарих өздігінен ешнәрсеге үйретпейді, бірақ одан сабақ алмағандарды жазалайды деген бар. Яғни, ол тек ескерту, тек баяндау емес, кешегіні бүгінгіге жалғау, оны ертеңмен ұштастыра баяндау, пайымдау қажеттігін міндеттейді.

Қазақтың ұлттық тарихында, оның ұзақ уақыттар бойы саяси, идеологиялық үстемдіктер жағынан тежеулер мен кедергілердің тар аясынан шыға алмағанына қарамастан, әсіресе елдің егемендік алуынан қанатын кеңге жая бастағаны белгілі. Ұлтымыздың шынайы тарихын неғұрлым кеңірек тану мен зерделеуге деген жан-жақты қызметтер енді жүріп жатқанға ұқсайды. Сондықтан тұтас тарихымызды мейлінше толық қамтудың ізденістері, сірә, әлі алда болса керек. Бұлай деп айтуға себеп — тарихымызды зерттеу мен зерделеу мұратының көлемді де, күрделі де жақтарын ойдағыдай тұжырымдаудың қазіргі талпыныстарынан үміт етуге тура келеді. Бұған елдегі тарихшы ғалымдардың арасындағы жас буынның ізденістері назар аудартады.

Күні кешегі кеңестік тарих, оның құрамдас бөлігі қазақстандық тарих та ұзақ жылдар бойы негізінен тек екі мәселенің төңірегінде ғана баяндалғаны белгілі. Олар тап тартысы мен соғыстар тақырыбында өрбіген еді. Тап тартысының мәселесі кеңестік өкіметтің құлауымен бірге кетті. Бірақ соғыс, ел аралық арпалыстар мен аласапыран замандардың ығыр еткен әңгімелері қалды. Қалғаны өз алдына, жоңғардың шапқыншылығы, оңтүстіктегі хандықтармен шайқастар, Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Ақ Орда, Сібір хандығы дәуірлеген, ыдыраған оқиғаларды қайталап баяндау, оларды әр кезде жаңарған азды-көпті деректермен байыта айту белең алды. Бұл — аталған уақыттарды қайталай берудің қажеті жоқ деу емес, олардың қай-қайсысының кезеңдері іздеген сайын, сөз жоқ, жаңа деректермен, пайымдаулармен толыға түсетін тақырыптар. Алайда, елдің тарихы тек соғыстардан, ішкі-сыртқы арпалыстардан тұрмайды, олар кезеңдік, өтпелі тіршіліктер. Нағыз тарих — елді ел етіп отырған жалпы адамдар қауымдастығының өмір салтын, тіршілік ету жолдарын, әлеуметтік қатынастарын, мәдени келбетін, рухани қалпын танытатын белгілер.

Солардың бірі — күнделікті тіршіліктің тарихы. Бұл жай, қателеспесем, өзге бірқатар Батыс елдерінде бұрыннан бар, ал Ресейде соңғы кездері көріне бастаған, қазақ тарихында әліге жоқ тақырып. Жақында, тарихи-зерттеу әдебиеттеріне жақын жүретіндігімнен «История повседневности» деп аталатын ғылыми журналға кезіктім. Ресейдің ежелден мәдени, өнер, ғылыми орталығы саналатын Санк-Петербург қаласынан шығатын басылым, жарық көргеніне бір жыл ғана — аталған тақырыпқа Ресей де соңғы кездері келді деуіме дәлел секілді. Ғылыми журналдың деңгейін биіктетіп тұрғаны — оның редакциялық құрамындағылардың көрнекті тұлғалардан жасақталуы секілді. Алқаның құрамындағы он төрт адамның көпшілігі тарих ғылымынан, бірқатары юриспруденция, саясаттану, филология, философия ғылымдарының докторлары — Ресей, Польша, Қазақстан, Жапония, Молдова, АҚШ, Қытай елдерінің ғалымдары — редакция алқасының осы ірі ғалымдардан тұратын құрамы да аталған журналдың биік ғылыми деңгейін айқындағандай. Журналдың құрылтайшысының да, оның редакциялық алқасының да мұраты — адамзат соғыстарының тарихын зерттеуден кемшілік көрген жоқ, бірақ ұзақ сонар өткеніндегі өзінің жалпы тіршіліктік тарихын зерделеуі кем екенін көрсетіп, адамдық, қоғамдық қатынастардың бүгіні қандай, ертеңі қалай өрбитіні нақ сол күнделікті тіршіліктің сипатына тәуелді екендігін дәлелдеу.

Тарихи талдау үшін осы тың мәселені шыға бастағанына екінші жыл болған журнал 2017 жылғы №1 санында оны әр қырынан алып «Экономикалық күнделікті өмір», «Билік және қоғам», «Жекеленген әлеуметтік топтардың күнделікті өмірі», «Гендер және қоғам», «Күнделікті тарихилықтағы тұлға» айдарларымен берілген материалдарда жан-жақты талдаған. Осы материалдардың ішінен ерекше назар аудартқаны «Күнделікті тарихылыққа өңірлік көзқарас» айдарындағы қазақстандық, дәлірек айтқанда, тарих ғылымының кандидаты доцент Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих кафедрасының меңгерушісі Ерлан Исламұлы Медеубаевтың «Соғыс коммунизмі» (1918-1921) тұсындағы Совет мемлекетінің Қазақ және Түркістан АССР қалаларындағы тұрғын үй саласындағы саясаты» деген мақаласы еді.

Автор архивтік деректерді пайдалана отырып, аталған кезеңде жеке меншіктегі үйлер мен басқа да ғимараттарды зорлықпен мемлекеттік иелікке алудың заңсыздықтармен қалай жүргізілгендігін нақты құжаттармен баяндаған. 1918-20 жылдар Совет мемлекетінің азамат соғысы мен жан-жақтан төнген әскери интервенция жағдайындағы экономикалық саясаты — «Соғыс коммунизмінің» талаптары мен міндеттерін әлгідей аса күрделі шақта жайбарақаттықта жүзеге асыру, әрине, мүмкін емесі белгілі. Сондықтан сол қилы кезеңде, тарихтың өткен жолдарынан белгілі, төңкерістердің қандайы да, қайда да қатал өтетінімен мәлім әрекеттері елде жексұрындық кескінмен көрініс тапты. Оның үстіне бұл уақыт патшалы Ресей мемлекеттілігінің қай заманнан бері де байлық пен кедейлікке, үстемдік пен кіріптарлыққа, зорлық пен зомбылыққа негізделумен іріп-шіріген, бір жағы – Балтықта, екінші жағы — Тынық мұхитқа тірелген, азып-тозған әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірі мен бірінің  байланысы жоқ далиған құрылымы болатын. Мысалы, Петербургтің қазақ даласында не болып жатқандығынан хабары болып жарымады. Сондықтан қашаннан айтылып келе жатқан жаттанды: «революцияны идеалистер әзірлейді, революционер жүзеге асырады, ал жемісін алаяқтар көреді» пікірі әсіресе осы қазақ даласында өте-мөте айқын көрінді. Төңкеріс қалың бұқараны былықтырумен «Әлеуметтік әділдік», «Жалпыға бірдей теңдік» ұрандарын ұсынып, жеке меншік пен материалдық игіліктерді бөлуде құқыққа жатпайтын өрескел әрекеттерге жол ашты. Оның соңы сайып келгенде басқару мен бақылауға көнбеуге айналды, себебі бұл іс нақ сол төңкерістің дауылымен лықыған тарыққан көпшіліктің еркіне көшкен еді. Ал көпшіліктің ерік-жігерін, көп жағдайда, төңкерістің қызығын көретін алаяқтар пайдаланатыны тарихтан мәлім дедік. Мақала авторы Е.Медеубаев терең өзгерістер кезіндегі осы қаракеттерді ескере отырып, революциялық романтизмнің, қаталдықтың, аяусыздықтың, авантюризмнің қайдан шығатынын, қайда апаратындығын пайымдайды. Алапат ашаршылықпен өткеніміздің, бірімізді біріміз жала жабумен айдалған, атылған зұлматтың да қайдан, қалай екендігін ұғына түскендейміз.

Ақтөбелік жас ғалым Ерлан Исламұлының Ресейдің медиа кеңістігінде енді пайда болған, республикамызда жоқ жаңа «Күнделіктіліктің тарихы» ғылыми журналында жарияланған мақаласы өткенімізді тануда күнделікті зерделей білудің қажеттігіне назар аудару арқылы кәсіби тарихшыларға да, әуесқойларға да бұл ретте игеретін тақырыптардың көп екендігін еске салады деп ойлаймын.

Ал осындай алапаттарға соқтырған Қазан төңкерісіне алдағы аптада 100 жыл толмақшы.

Идош АСҚАР.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті