Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

I топтағы мүгедектер: «жеке кәсібімізді жүргізуде мүмкіндігіміз шексіз!»

Дата: 19 октября 2017 в 21:12

I топтағы мүгедектер:  «жеке кәсібімізді жүргізуде мүмкіндігіміз шексіз!»

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз өздерін әлеуметтің осал тобы дейтіндермен әсте келіспейді. Түрлі себептермен өмірдің көлеңкелі сәттеріне куә болып, қоларбаға таңылған олар — бір-бір кәсіптің түрін ұршықша үйіріп отырған азаматтар. Үйіргенде де әрқайсысы жеке бизнесін жүргізіп, үлкен істерді үйлестіріп жүрген іскер жандар. Ең бастысы — жеке өмірін ұмытпай, жұрт қатарлы отбасын құруға да уақыт тапқан I топтағы мүгедек жандар «шуақты күндеріміз әлі алда…» дейді.

 «Арнаулы жаттығу құрылғысын шығарамыз» 

Ақтөбе қаласының тұрғыны Жасұлан Ізтілеуовтің есімі, әсіресе, тағдырластарына етене таныс. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған азаматтардың аяққа тұруына, аз дегенде анағұрлым денсаулығының жақсаруына сеп болатын спорттық жабдықтарды жасайтын жігіт ағасының бұл кәсіп түрін бастағанына бір жылдан енді асты. Мүмкіндігі шектеулі болса да, тәуекелге бел буған ол табандылығының арқасында мемлекеттік гранттың иегері де атанды. 2,7 миллион теңге, әрине, оның бизнесін дамытуға берілген.

— Мамандардан үміткердің ұсынған жобасының баламасы жоқ, әлеуметке өз игілігін әкелетін болса, Үкіметтен қолдау табатынын білдім. Сөйтіп, мүгедек жандардың шынығуына арналған жаттығу құралдарын шығаратын цех ашу туралы идеямды барлық құжаттары мен бизнес-жоспарымен тапсырдым. Көп ұзамай ұсынысым мақұлданып, қайтарымсыз ақшаға ие болдым. Сондағы қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес, — деп өміріндегі ұмытылмайтын оқиғаны еске алған Жасұлан бүгінде бизнесін дөңгелентіп отырғанын айтады.

Инновациялық құрылғыларды жасаумен айналысатын іскер азамат цехын үйінің ауласынан ашқан. Биыл аукцион арқылы жер сатып алып, енді кәсібін кеңейткелі отырған Жасұлан негізінен сал ауруына шалдыққандардың жүріп кетуіне көмектесетін, арқа мен аяқ бұлшық еттерін күшейтетін тренажер (шагоход) жасайды. Екі адамды жұмыспен қамтып отырған оның сөзінше, аталған жабдықты дайындауға шамамен 1 аптадай уақыт кетеді. Ал оның құнын сұрағанымызда, ересектерге арналғаны 120 мың теңге тұратынын, кішкентайлардың жаттығу құрылғысы 80 мың теңгеге шығатынын білдік. Тапсырыстардың қаншалықты аз-көптігі турасында сыр суыртпақтағанымызда, ашылып айта қоймаған әңгімелесушіміз газет арқылы бұйымтайын білдірді: «Әлгінде жер сатып алып, цехымның жұмысын одан сайын жандандырмақ ойымның барын айттым. Бірақ соны іске асыруға қаражат жағы қолбайлау болып тұр… Егер оқырмандар арасында демеушілер табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сол арқылы бизнесімді жаңа деңгейге шығарып, жаңадан жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік туады».

Осыдан 7 жыл бұрын жол апатына ұшырап, ерекше қажеттіліктерге ие азаматтардың қатарына қосылған Жасұлан әлі «ердің жасына» да келмеген. Өзінің сүйікті, бәрінен бұрын — қоларбада отырғандардың жаңа өмірді бастауына дәнекер болатын іспен айналысатын кәсіпкердің болашақтан үміті зор. Біз де жеке өміріне құрған жоспары жөнінде қазбалап сұрамай, лайым, барлығының оңды шешілетініне сенім білдіріп қоштастық… Ең маңыздысы, денсаулығының дімкәстігі бар ол «Талпынған жетер мұратқа» мәтелінің растығына көз жеткізді.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен білгеніміздей, шаһарда 11050 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Заңға сәйкес, олардың 3 мыңнан астамы, яғни III топтағы мүгедектер жұмыс істейді. Әйткенмен, қоғамда кәсібінің нәсібін көріп отырған I, II топтағы азаматтардың кездесетініне осы материалымыз дәлел.

«Қолөнер жұмыстарына қызығушылар қашанда көп…»

I топ мүгедегі Бақытгүл Исмағұлованың мамандығы — дәрігер. Тағдырдың жазғаны болар, 2004 жылы дәл үйінің жанында көлік қағып кетіп, өздігінен жүріп-тұрудан қалады. Екі жыл төсекке таңылып жатқан келіншек жолдасы мен екі баласының қолдауы және білікті дәрігерлердің демеуімен қоларбамен қозғала алатындай жағдайға жетеді. Апаттан алған жарақатының ауырлығын ескерсек, бұның өзі — өмірге қайта келумен тең. Десе де, өзгелердей күнде жұмысқа барып-келіп, ешкімнің қарауынсыз емін-еркін жүрген адамға, сөзсіз, мұндай күйге түсу оңай емес. Көңілге алданыш болсын әрі уақытымды тиімді өткізейін деп Бақытгүл кішкентайында әжесінің өзі үйреткен әдемі әдетін қайта бастайды. Өз аяғымен жер басып жүре алмаса да, ісмерлікке бейім кейіпкеріміз қолөнер жұмыстарымен өңірімізде өз қолтаңбасын қалыптастырды десек болады. Әйтсе де, он саусағынан өнер тамған Бақытгүл өзін кәсіпкермін деп есептемейді.

— Тапсырыстар қабылдап, сол бойынша ғана жұмыс істеймін. Атап айтқанда, тоқыма өнерімен шұғылданамын. Кішкентай балалардың киетін шұлығынан бастап, қыз-келіншектердің осындай мезгілде үстінен тастамайтын қалың жемпіріне дейін тоқимын. Одан бөлек, қалыңдықтар тойда киетін сәнді кеудешелерді,  түрлі сөмкелерді, дорбаларды, басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасаймын. Қолөнер жұмысы болғандықтан, әлбетте, бағасын соншалықты арзан деп айта алмаймын. Өйткені мен оны көз майымды тауысып, қанша уақытымды арнап тоқимын ғой. Бірақ басқалардан ерекшеленгісі келіп, эксклюзивті киімдерді киюге құштар адамдар Ақтөбеде аз емес, — деп ағынан жарылады шебер.

Мүгедектігіне байланысты мемлекеттен айына 47 мың теңге жәрдемақы алатын Бақытгүлдің өзі секілді қайсар жандармен байланысы мықты. Көбіне-көп «Whats app» әлеуметтік желісі арқылы тағдырластарымен хабар алысып, сондағы топтарға мүшелікке өтумен шектелмей, ғаламтордағы байқауларға да қатысады. Ол бірнеше рет жеңімпаздардың арасынан да көрінген. Аяқ астынан дене мүшесіне зақым келіп, бос уақытын қалай өткізетінін білмейтін апа-сіңлілерімен де тоқыма өнерінің қыр-сырымен бөлісетін осы кісі. Біле білгенге зейініңді басқа нәрсеге бөліп, соның арқасында тіршіліктің тауқыметін аз уақытқа болса да ұмыту — өнер… Бұл — Бақытгүлге тән құбылыс.

Қазіргі күні бар уақыты екі баласынан тараған немерелеріне қараумен, арасында тоқумен өтетін Бақытгүл Айдарханқызы өзін бақытты жандардың қатарына қосады. Оның айтуынша, осының бәрі алдымен отағасының арқасы. Екі сөзінің бірі өмірлік жарына ризашылық білдірумен астасып жататын әйелдің, қысқа қайырғанда, өмірі осындай. «Ерін сыйлаған әйел етекте қалмайды» деген осы болса керек…

«Ұлттық нақыштағы жиһаздар ұпайымызды түгендейді»

Ақтөбенің кәсіпкерлік саласының дамуына, ұлттық нақыштағы бұйымдарымыздың ұлықталуына үлес қосып жүргендердің арасында ерекше топтағы Тельман Мұқашев та бар. Мүгедектігіне қарамастан, отбасылық этнобизнесті жүргізіп отырған іскер азаматтың қолынан шыққан заттарына Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар көптеп түседі. Оның пікірінше, бір іске шындап кіріскен адамға ештеңе де кедергі бола алмайды.

— Ұлым жұмыссыз қалып, үйде отырғанда ортақ кәсіпті бастау туралы ойға келдім. Оған, бір жағынан, теледидардан ағаш шеберлері туралы көрсетілген хабар әсер етті. Сол кезде «Басқалар істеп жатқан шаруа біздің қолымыздан неге келмейді?!» деген сұрақ маза бермеді. Сөйтіп, «Көз — қорқақ, қол — батыр» демекші, қажетті құрылғыларды сатып алып, жұмысымызды бастап кеттік, — деген Тельман ұлы Абылаймен бірге ұлттық нақыштағы, яғни қазақы ою-өрнектермен көмкерілген сандық, бесік, үстел, орындық, сондай-ақ, астау сияқты ыдыс-аяқтарды жасайды. 2016 жылы ашылған шеберханада бүгінде 5 адам еңбек етіп жүр.

I топтағы мүмкіндігі шектеулі жан соңғы жылдары ұлттық сипаттағы заттарға сұраныстың артқанын, соған сай олардың көздің жауын алатын оюлармен өрнектелген бұйымдардың түр-түрін шығаратынын атап өтті.

— Жаһандану заманының әсері ме, әлде адамдардың талғамының өскені ме, көпшілігі елде жоқ нәрсеге қызығып жатады. Қайтсе ерекшеленгісі келеді. Біз сияқты шеберлерге тапсырыс беретіні сондықтан. Егер сұраныс болса, қалауына қарай жиһаздың кез келген түрін жасай аламыз. Қазір негізінен жиналмалы бесікті сұрайтындар көп. Неге десеңіз,  қай жерде де алып жүруге ыңғайлы әрі шап-шағын. Сосын қыз жасауына деп сандыққа тапсырыс беретіндер баршылық. Оның да жұртшылықтың талғамы мен қалтасының қалыңдығына қарай түр-түрін жасаймыз.

Бізде шыққан сандықтың бағасы — 55-65 мың теңгенің аралығында болса, бесіктердің құны — 25 мың теңгеден жоғары. Ал орындықты 16 мың теңгеге, астауды 25 мың теңгеден саудалап жатырмыз. Айына шамамен жүз бесік жасаймыз. Еліміздің барлық өңірінен хабарласып, шеберханадан шыққан заттарымызды аттай қалап, сатып алып жатады, — деп сыр ақтарады Тельман Мәжитұлы.

Кәсіпкер өз сөзінде бұдан да көп бұйым шығаруға болатынын, бірақ бәрін қолдың қысқалығы кідіртіп тұрғанын баян етті. Оның айтуынша, егер жаңадан ағаш жонуға қажетті жабдықтарды сатып алса, кәсібі бұдан да табысты болар еді. «Бүгінде өзім сияқты I, II топтағы бірнеше адамды жұмысқа қабылдап отырмын. Басқасын былай қойғанда, денсаулығына байланысты көптеген қыз-жігіттердің өзі үйінде қол қусырып отырғанын білемін. Егер мемлекеттен қолдау болса, кәсібімді кеңейтіп, соларды еңбекпен қамтитын едім», — дейді әңгіме арасында ағаштан түйін түйген шебер.

P.S. «Талаптыға нұр жауар». Елімізді айтпағанда, Ақтөбенің өзінде мүмкіндігім шектеулі деп отырмай, еңбек етіп, тірі адамның тіршілік жасауы үшін аянып қалмайтынын іспен дәлелдеп жүргендер аз емес. Олар — 12 мүшесі сау, әке-шешесінің мойнында отырған жастарға «тірі мысал», ал өмірдің болмашы қиындықтарына базынасын айтатындарға үлгі болатыны сөзсіз…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті