САЯБАҚТАН СӘН КЕТКЕН

Дата: 28 августа 2017 в 12:23


САЯБАҚТАН СӘН КЕТКЕН
Индербор поселкесіндегі 2015 жылы 65 млн теңге бюджет қаржысына салынған «Жеңіс» мәдениет және демалыс саябағының жай-күйіне жергілікті тұрғындардың көңілі көншіп отырған жоқ. Саябақты аралай жүріп олардың ренжитіндей жөні бар екеніне өзіңнің де көзің жетеді, деп жазды Ақ Жайық.

Балалардың ойын алаңы бетон үстінде орналасқан. Бұдан балаға зақым келуі мүмкін. Мұнда бетон емес, құм төселуі керек. Сынған жарық шамдары ауыстырылмаған, су бұрқағы жұмыс жасамайды. Суару жүйесі де жұмыс жасамай тұр, соның салдарынан биыл отырғызылған ағаш көшеттерінің көп бөлігі қурап қалған.

Ал өсіп тұрған ағаштарды шелектеп су тасып, суаруға тура келіп отыр. Саябақтың ортасындағы сахна екі жылдың ішінде тез тозған. Көп жерінде сылағы түсіп қалыпты. Тағы да басқа кемшіліктер бар.

Алайда, Индербор поселкесінің әкімі Рулан ТУРАБАЕВ саябақтың жай-күйі осынша мүшкіл халде деп санамайды:

— Адамдар бұл саябақ үшін ризашылықтарын білдіруде. Саябақ поселкенің көркін келтіріп тұр. Барлық мәдени шаралар осында өтеді. Иә, саябақтың кей жерлерін жаңарту керек. Биыл біз саябақтың фонарларын, суару жүйесі мен су бұрқағының құбыр жүйесін ауыстыру, сахнасын әктеу сырлау сияқты жөндеу жұмыстарына қаржы сұратып отырмыз. Ақша бөлінбекші.

Бұдан бөлек, Индерборда тағы бір саябақтың құрылысы басталды — «Көктем» мөлтек ауданында. Бұл нысанға облыстық бюджеттен 42 млн теңге бөлінген. Мердігер – Орал қаласындағы «ЖолаушыЖол» ЖШС бүгінде жерлерді қырып тегістеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Құрылысшылар саябақты осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беруге уәде етіп отыр.






Поделитесь новостью с друзьями