ЭКСПО-да тамақтану қанша тұрады?

Дата: 27 июля 2017 в 20:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

ЭКСПО-да тамақтану қанша тұрады?

Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін аралап, экскурсия жасаған адамның арасында жүрек жалғап, аз-кем аяқ суытқысы келетіні белгілі. Осы орайда біз бүкіләлемдік шараның аясында салынған арнаулы қалашықтағы ас-ауқат сатылатын орындар мен мейрамханаларға бас сұғып, ондағы бағалар жайымен танысқан едік. Бұл қыркүйек айының ортасына дейін жалғасатын көрмені енді тамашалаймын деушілерге де қызық болса керек.

Әлқисса… Бұдан бірнеше апта бұрын бірқатар ақпарат құралдары ЭКСПО-дағы дәмханалар белгілеген бағалардың тым қымбат екенін, онда ұлттық тағамдардың қат екенін жарыса жазған-ды. Сол уақытта бір стақан компоттың өзі 1200 теңге тұратынын әлеуметтік желілерде жариялағандар аз емес. Бір жағынан, бізді тамақтандыру орындарының аужайы қызықтырғаны сондықтан. Аталған мәселеге қатысты «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастырушы тарап —  «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының департамент директоры Дәулет Еркімбаев түсініктеме бергенде, келушілердің әлеуметтік жағдайын барынша ескеруге тырысқанын атап өтті.

— Біз қала тұрғындарының, жан-жақтан келушілердің деңгейін ескеріп, соны басшылыққа алдық. Мысалы, қоғамдық тамақтану дүңгіршектерін айтатын болсақ, ондағы бағалар, мейрамханалармен салыстырғанда, біршама арзан. Онда түскі астың орташа бағасы — 1400 теңге. Бұл Астанадағы ойын-сауық және сауда орталықтарындағы бағамен бірдей деуге болады. Ал ұлттық тағамдар фудкорт аймағында бар. Ол жақта бірнеше мыңға ұлттық тағамдарды алуға болады. Дүңгіршектерде де сатылады, — деді ол.

Расында, іздеген адамға ЭКСПО-ның өзінен тағамның түр-түрін табуға болады. Мамандандырылған қалашықта бұл мақсатта 25 мейрамхана мен дәмхана, сондай-ақ, 30-дан астам дүңгіршек жұмыс істейді. Ал ондағы тамақ құны — бөлек әңгіме… Оннан астам ұлт пен ұлыстардың тағамдары самсап тұрған мейрамханаларға барғанымызда, компоттың бағасы шынымен әлгіндей екеніне, ал бірнеше адамға арналып асылған қазақша еттің бір табағы 25 мың теңге екеніне көз жеткіздік. Тауықтың сорпасы — 700-800 теңге. Сол сияқты тағамдардың құны, мәселен, түрік мейрамханасында сәл арзан. Дей тұрғанмен, көпшілік дүңгіршектерде сауда жасауды қолай көретіні рас. Мұнда қалағаныңды сол бойда алып, уақыт жоғалтпайсың. Әрі қалтаңды да, анау айтқандай, қақпайды. Дүңгіршекте сатушы болып еңбек ететін Қайсар (суретте) атты жігітті сөзге тартқанымызда, олардың таңғы сағат 9-дан 22.00-ге дейін келушілерге қызмет көрсететінін білдік.

Ресми дереккөздердің мәліметіне қарағанда, 11 шілде күні халықаралық көрмеге келушілердің саны бір миллионға жеткен. Ал арада екі апта өткенде, көрмені тамашалауға тағы 500 000 адам келіп үлгерген. Яғни бұл орташа есеппен алғанда, Астанада өтіп жатқан бүкіләлемдік шараға күніне 40 757 адам келеді деген сөз.

10 маусым мен 23 шілде аралығындағы келушілердің саны — 1 484 300. Көрермені көп павильондардың қатарында Африка, Мысыр және Үндістан мемлекеттері көш бастап тұр.

— Біз шағын дүңгіршек болғанымызбен, тамақтың көптеген түрін сатамыз. Әсіресе, сөреде «тіске басарлар» көп. Айталық, сэндвичтердің бағасы 700 теңгеден жоғары болса, круассандар — 300 теңге. Мұнымен бірге, біз салат, суши сияқты жеңіл тағамдарды да саудалаймыз. Сусындарға келсек, шағын құтыдағы шырынның бағасы — 300 теңге, — деген оның саудасы жүріп тұр. Бір дамыл таппайтын пысық жігіт өзі секілді замандастарымен маусым айынан бері жазғы демалыстағы уақытын тиімді өткізіп, қосымша қаражат тауып жүр. Бір жетіспейтін тұсы, дүңгіршектер маңында орындықтар жоқ екен… Адамдар түрегеліп ауқаттануға мәжбүр.

Сондай туристердің бірі — Абзал Дастанов «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалау үшін Ақтау қаласынан арнайы келген. Мұндағы тамақтану жайына қатысты ой-пікірімен бөліскен ол: «Шынымды айтсам, бұл жерде бәлендей ештеңе алғаным жоқ. Өйткені бағасы қымбат екен. Күн ұзағына жүріп, қарным ашқандықтан 700 теңгеге дөнер алдым. Самсалары 120 теңге, бірақ өте жұқа… Сулары 250 теңгеден жоғары. Қысқасы, жүрек жалғау үшін ЭКСПО-ға кемінде 3-4 мың теңгемен келген дұрыс сияқты. Ал жақсы тамақтанғың келсе, 10 мың теңге болса да көптік етпейді», — деп ағынан жарылды.

P.S. Әңгімелесушілеріміздің сөзінен ұққанымыздай, ЭКСПО-да тойып тамақ ішкіңіз келсе, кемінде 10-15 мың теңгеге шығындалуыңыз қажет. Салыстырмалы түрде алғанда, кез келген элиталық мейрамхана мәзіріндегі бағалар да осындай екенін ескерсек, бас шайқайтындай дәнеңесі жоқ. Оның үстіне, адамдар ол жаққа әуелі рухани азық алу үшін барады ғой…

ЭКСПО СІЗДІ НЕСІМЕН ТАҢҒАЛДЫРДЫ?

Дінмұхамед БЕЙСЕМБАЕВ:

— «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін қиял-ғажайыптар әлемі десем, артық айтқандық болмас. Себебі елімізде өтіп жатқан ауқымды шараға арнайы барып, тек қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік қонақтардың да таңданысын өз көзіммен көрдім. Жас мемлекетіміз әлем кеңістігінде қанатын кең жайып келеді, сол үшін де осындай маңызды шараларды өткізу еліміз үшін аса қажет.

«ЭКСПО-2017» көрмесінде мені таңғалдырған не? Әрине, біріншіден, біздің ұлттық павильонымыз — «Нұр Әлем». Мұны әлемдегі шар тәріздес сфералық ғимараттар арасындағы ең үлкені екенін жақсы білеміз. Онда қойылған жабдықтар біздің өткен тарихымыздан, жеткен жетістіктерімізден сыр шертіп қана қоймайды, болашақтағы жоспарларларымыз туралы да хабардар етеді…

Маған Германия, Жапония, Үндістан мемлекеттерінің павильоны да өте ұнады. Неміс халқы әдеттегідей өздерінің тиянақтылығы мен жауаптылығын көрсете білді. Көрмедегі маңызды ақпараттармен таныса отыра, ұйымдастырушылар жұмысына жоғары баға беруге болады. Ал Жапония елі өздерінің павильонында басты назарды атом энергетикасына бөлген. Атап айтқанда, Фукусима сынды қайғылы оқиғаларды болдырмаудың алдын алу және одан құтылудың жолдарын қарастырған. Үндістан мемлекеті қоршаған ортаны қорғауды басты тақырыбы етіп алған. Олар өз павильондарының бір қабырғасын түгелдей өсімдіктермен көмкеріпті.

Шара ұйымдастырушыларының жұмысына да жоғары баға берер едім. Көрме аумағында жылдам дайындалатын тағамдар сататын дүңгіршектер көптеп қойылған. Ол жерде тез әрі қолжетімді бағада жүрек жалғап алуға зор мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, мұнда су, әртүрлі сусындар да сатылады.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне тек бір рет қана емес, бірнеше рет барсаң да өкінбейсің. Бұл — менің жеке пікірім.

Жанар БЕГІМБЕТОВА:

— «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін көрген де арманда, көрмеген де арманда дер едім. Халықаралық шараны тамашалаушы ретінде елордаға әлемнің және еліміздің түкпір-түкпірінен миллондаған туристердің ағылып жатқанына куә болдым.

Мен халықаралық көрмені тамашалауға 6 жастағы қызыммен арнайы бардым. Баламның арманы Астананы көру болатын. ЭКСПО қалашығына таңғы сағат 9-да кіргеннен кешкі 19.00-ге дейін жүрдім. Тамағымызды, суымызды да өзімізбен бірге  ала бардық. 60-тан астам павильонды араладық. Шаршағанымызға қарамастан, ешқайсысын назардан қалдырмауға тырыстық. Өйткені мұндай мүмкіндік жылда бола бермейді ғой… Шынымды айтсам, көрмені аралап жүріп, өзімді бір ғалымдай сезіндім (күліп).

Халықаралық шараға қатыстқан әр ел инновациялық жобаларын таныстырып жатты. Энергияның баламалы көздері мен жасыл технологияларды қолдану жолдары көрсетілді. Мәселен, Тайланд елі электр қуатын алу үшін тіпті пілді де «қолданады» екен. Осы қызықтардың бәрін мен «ЭКСПО-2017» көрмесінің арқасында білдім.

Саттар СӘБИТ:

— «ЭКСПО-2017» көрмесінен алған әсерім керемет. Ол жақта мен әр мемлекеттің салт-дәстүрімен, қолөнер бұйымдарымен, өнерімен таныстым. Көптеген мемлекеттің ұлттық киімін көріп, сол мемлекетте өндірілетін қазба байлықтарын білдім. Біраз мемлекеттің тарихына қанық болдым. Күнделікті кітаптан оқығаннан гөрі, сол елдің азаматтары әңгімелегенде, оның қабылдануы да ерек болады екен. Соған көзім жетті. Сонымен қатар, көрмені аралау барысында кейбір павильондарда «Болашақтың энергиясы» тақырыбында дайындалған бірнеше елдің 7-8 минуттық мультфильм, деректі фильмін тамашаладым. Әлемнің әр түкпірінен келген көрме қонақтарымен танысып, естелік суретке түстім. Бұл біле білгенге үлкен естелік қой.

Маған шетелдік павильонның қай-қайсысы да ұнады. Соның ішінде Оңтүстік Корея елінің  кешені ерекше көңілімнен шықты. Неге десеңіз, ол дүниежүзіндегі алпауыт мемлекеттердің бірі болғандықтан, оның павильоны да басқалардан қызық көрінді. Олар кешенде күн мен судан энергия көздерін алудың әдістері, су электр станциясының үлгісі, жарық пен суды үнемдеудің жолдары, тағы да басқа жоғары технологиялар жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет беріпті. Мұнымен бірге, маған Қытай павильонындағы Күннің қуатымен жұмыс істейтін шамдар ерекше әсер етті. Ешқандай шығынды қажет етпейтін, күннің қуатымен жұмыс істейтін шамдар жаңа ғасырдың айтулы жетістіктерінің бірі деп санаймын.

 

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті