Ораза айт мерекесіне халық көп жиналды

Дата: 26 июня 2017 в 00:22


Ораза айт мерекесіне халық көп жиналды

Ақтөбеде айт намазынан кейін жаңбыр жауды. Мұны жамағат жақсылыққа балап, Алланың нұрына теңеп отыр.

Жексенбі демалыс күні болса да, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ине шаншар жер табылмады. Дұға ету үшін мешітке сыймаған жамағат сыртта да сап түзеді. Айт намазы таңғы сағат 7-де оқылды. Бұған дейін облыс әкімінің атынан Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жиналған тұрғындарды мұсылмандардың айтулы мерекесімен құттықтады.

— Баршаңызды мұсылмандардың қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан  береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт — адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке. Айт күнінің негізгі ерекшеліктері — адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді.

Әрбір отбасына амандық, жақсылық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін! Раббымыз баршамызды рамазаннан рамазанға дейін аман-есен жеткізе берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болғай! — деді қала әкімі.

Мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстау — парыз.  Ғ.Жұбанова атындағы филармония әншісі Бағдагүл Қосмағамбетова осылай есептейді. Ол намаз оқуды 2009 жылы бастаған. Оның үстіне орталық мешітте діни сауатын ашып, куәлік алған.

— Қасиетті он екі айдың сұлтаны — Рамазан айының аяқталғанын білдіретін айт намазы оқылды. Тілеген дұғаларыңызды Алла қабыл етсін. Еліміз тыныш, деніміз сау болсын. Келесі Рамазан айына аман-сау жетейік. Айт намазы құтты болсын! — деп Бағдагүл апа жұртты құттықтады.

Ал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жеңіс Қосжанов 1998 жылдан бері ораза ұстайды екен.

— Оразаны алғашқы рет ұстағаным есімде. Қыс айы болатын. Сол кезде сұрап-білетін адам өте аз еді. Ораза ұстайтын адамдар да сирек еді. Ал бүгін қаншама жамағат мешітке келіп, құлшылық жасап, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілеп жатыр. Соған өте қуаныштымын. Бұл Елбасымыз ұстанған саясаты, Тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асуда, — деді мемлекеттік қызметкер.

Айт намазы оқылып болған соң, далада жаңбыр жауып кетті. «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан мұны жақсылыққа жорып отыр.

— Былтыр сегіз киіз үй, биыл он киіз үй тігілді. Айт намазы оқылған соң, күн райы шамалы бұзылып, жаңбыр жауып кетті. Бірақ қазақ бәрін жақсылыққа жорыған. Шариғатта да мұны дұғадан кейінгі Алланың нұрына балайды, — деді ол.

Айта кеткен жөн, биылғы Рамазан айының ерекшелігі — отыз күн бойы «Нұр Ғасыр» мешітінің жамағаты отыз сауапты іс атқарды. Нақтырақ айтқанда, жасы үлкен адамдардың үйлері тазартылды, дүкендерге он-жиырма пайыздық жеңілдік жасау ұсыныстары айтылды, тегін нан таратылды. Сондай-ақ, қайырымдылық шаралары өткізілді. Мәселен, «Нұр Ғасыр» мешіті 200 адамға салмағы 2 тонна 600 келі болатын азық-түлік таратты. Бұдан бөлек, 500 мың теңгеден асатын қаржылай көмек көрсетілді.

— Мұның барлығы — тұрғындардың, жамағаттың жасаған көмегі. Мешіт қайырымды жандар мен мұқтаж адамдар арасында «алтын көпір» болуға тырысты, — деді Төлеби Оспан.

Айта кетелік, мешіттің ауласында тұрғындар тегін бауырсақ пен көжеден дәм татты. Сондай-ақ, ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Жамағат күш сынасып, арқан тартысты. Балаларға тегін балмұздақ пен ойыншықтар таратылды. Ал ақ жаулықты ана-апалар түрлі түсті орамалдарды сыйға алды.

 Қамбар МҰҚАШЕВ.

 

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями