Қазақстанда жұмыссыз қалғандарға төлем: мерзімі мен мөлшері өзгереді

Дата: сегодня в 15:18 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қазақстанда ресми жұмыс істеген және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтар жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем алуға құқылы, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚРЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін төлем тағайындаудың негізгі шарттары өзгеріссіз қалады. Ол үшін азамат алдымен жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Тіркелу рәсімін Мансап орталығы, eGov.kz порталы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге асыруға болады.

Әлеуметтік аударымдары кемінде алты ай төленген азаматтарға соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 45%-ы мөлшерінде төлем тағайындалады. Төлемнің ұзақтығы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жүйесін жетілдіруге бағытталған Әлеуметтік кодекстің жаңартылған нормалары күшіне енеді. Негізгі мақсат – азаматтарға қаржылай қолдау көрсетумен қатар, оларды еңбек нарығына барынша жылдам қайтару.

Біріншіден, Мансап орталықтарының жұмысы күшейтіледі.

Жұмыс іздеуші мәртебесінде болу мерзімі 13 күнтізбелік күнді құрайды. Осы уақыт ішінде Мансап орталығының мамандары азаматтың кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын зерделеп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады және жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады.

Егер белгіленген мерзім ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа жұмыссыз мәртебесі беріліп, Қордан әлеуметтік төлем тағайындалады. Сонымен бірге жұмыс іздеуге жәрдемдесу және тегін қайта даярлау шаралары жалғаса береді. Бұл тәртіп 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық режимде жүзеге асырылуда.

Екіншіден, әлеуметтік төлем алу мерзімі жүйеге қатысу өтіліне қарай белгіленеді.

2027 жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға төлем мынадай мерзімдерге тағайындалады:

6 айдан 12 айға дейін қатысу өтілі болса – 1 ай;
12 айдан 24 айға дейін – 2 ай;
24 ай және одан көп болса – 3 ай.

Үшіншіден, төлемнің ең жоғары мөлшері артады.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Осыған байланысты Қордан төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де артып, айына 346,5 мың теңгеге дейін жетеді.

Мансап орталықтарының міндеті тек әлеуметтік төлем тағайындаумен шектелмейді. Азамат төлем алса да, алмаса да, мамандар оны жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастырып, кәсіби дамуына қолдау көрсетеді.

Жыл басынан бері өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 626,9 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 114,3 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылып, 110,1 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды.

Сонымен қатар Skills.enbek.kz платформасындағы курстарды 60,5 мың адам аяқтады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 37,3 мың азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Ал жеке кәсіп ашуға ниетті азаматтарға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 3,2 мың грант берілді.

Жастардың кәсіби бағдар алуына арналған «Mansap Kompasy» платформасы іске қосылды. Павлодар және Маңғыстау облыстарында жасанды интеллект негізіндегі Цифрлық жұмыспен қамту қызметі пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Оның көмегімен 7,5 мың адам автоматты түрде жұмысқа орналастырылды.

2026 жылдың алғашқы 10 айындағы көрсеткіштер азаматтардың әлеуметтік қызметтерді электрондық форматта алуға басымдық беретінін көрсетті.

Осы кезеңде жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлемді 367 мың адам алды. Төленген қаражаттың жалпы көлемі 128 млрд теңгені құрады. Ал төлем тағайындауға өтініш берген азаматтардың шамамен 99,3%-ы электрондық қызметтерді пайдаланған.

Осылайша, 2027 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіріп, қаржылай көмекті жұмыспен қамту шараларымен тығыз байланыстыруға бағытталған. Бұл азаматтардың жұмыссыздық кезеңін еңсеруіне, жаңа кәсіби мүмкіндіктерді пайдалануына және тұрақты жұмысқа тезірек орналасуына жағдай жасайды.

Фото: Жасанды интеллект арқылы

По сообщению сайта Arna Press