Мақаншы ауданында жайылымнан жоғалған құны шамамен бір миллион теңге тұратын шароле тұқымды сиырды ұрлаған ана мен ұлына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arnapress.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында олардың малды қалай иемденіп, етін сатқаны анықталды.
«Оқиға 20 шілде күні аудан ауылдарының бірінде болған. Сиырдың жоғалғанын байқаған иесі алдымен жануарды өзі іздеген. Кейін учаскелік полиция инспекторына хабарласқан. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде малдың кімнің ауласына айдап әкетілгені белгілі болды. Мақаншы аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция майоры Гүлмира Сәрсембаева істің мән-жайын анықтау барысында 61 жастағы ауыл тұрғынының бөтен сиырды ауылдан жарты шақырымдай жерден көріп, үйіне айдап әкелгенін анықтады. Әйел жануарды өз малына қосып, қораға қамап қойған. Кейін 40 жастағы ұлына сиырды сойып, етін сатуды ұсынған. Ұлы туысынан мал союға көмектесуін сұрап, сиырдың өз отбасына тиесілі екенін айтқан. Келесі күні анасы мен баласы еттің бір бөлігін сатумен айналысатын туысына берген. Ол да еттің өз малдарынан алынғанын хабарлаған. Тергеу нәтижесінде еттің төрт ауыл тұрғынына сатылғаны белгілі болды», — делінген хабарламада
Тергеуші жинаған дәлелдер негізінде қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот әйелді мал ұрлағаны үшін, ал ұлын қылмысқа көмектескені үшін кінәлі деп таныды. Екеуіне де мүлкін тәркілеусіз үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Фото: Абай облысы Полиция департаментінен
По сообщению сайта Arna Press