Екі рет мүмкіндік берілді: Абай облысында алты баланың анасы түрмеге қамалды

Дата: сегодня в 17:48 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Абай облысында ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталған 35 жастағы әйел пробация талаптарын бірнеше рет бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arnapress.kz Polisia.kz сілтеме жасап. 

Әйел бұған дейін екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталып, Абай облысы бойынша ҚАЖ пробация қызметінің есебіне қойылған. Мамандар оған жазаны өтеу тәртібі мен міндеттерін түсіндіріп, талаптарды бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.

Алайда ескертулерге қарамастан, сотталған әйел тәртіп бұзуды жалғастырған. Ол тұрғылықты мекенжайында болмаған, алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзған. Сонымен қатар бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Осыған байланысты пробация қызметі сотқа жүгініп, сот шешімімен бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Сот әйелдің алты кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, жазаны орындауды екі жылға кейінге қалдырды.

Әйел қайтадан пробация қызметінің есебіне қойылып, оған талаптар тағы бір мәрте түсіндірілді. Алайда ол кейін де белгіленген тәртіпті сақтамаған.

Нәтижесінде сот жазаны өтеу тәртібін өзгертіп, әйелге 11 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Қазір оның 15, 11, 8, 5, 4 және 2 жастағы алты баласы мамандандырылған балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Сотталған әйел болған жағдайға өкініп, бостандыққа шыққаннан кейін өмірін өзгертуге ниетті екенін айтты.

«Балаларымның мені бір күні кешіре ме екен деп жиі ойлаймын. Болған жағдайға қатты өкінемін. Менде бәрін өзгертуге уақыт та, мүмкіндік те болды, бірақ сол мүмкіндікті пайдалана алмадым. Бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасып, өмірімді өзгертіп, бұрынғы өмір салтыма ешқашан оралмау үшін бар күшімді салғым келеді. Ең үлкен арманым – балаларымды қайтарып алып, оларға жақсы ана бола алатынымды дәлелдеу», – деді ол.

Курчатов қаласы пробация қызметінің аға инспекторы Назым Тохтардың айтуынша, пробацияның мақсаты – сотталғандарды тек бақылауда ұстау емес, сонымен бірге оларды қоғамға қайта бейімдеуге көмектесу.

«Бұл жағдайда әйелге қоғамнан оқшауланбай, өз мінез-құлқын түзетуге екі рет мүмкіндік берілді. Оған барлық талаптар мен оларды бұзудың салдары түсіндірілді. Өкінішке қарай, сотталған әйел тиісті қорытынды жасамай, белгіленген талаптарды бұзуды жалғастырды», – деді ол.

Фото: ЖИ

По сообщению сайта Arna Press